БҮГІН – ТЕАТР КҮНІ
Қай заманда да адамзат үшін, оның руханияты үшін дем болатын театр өнерінің орны бөлек. Театр сахнасына өнерін паш еткен жандар әрқашан да халықтың қошеметіне ие. Қоғамның сол қошеметі жыл сайын 27-наурыз күні ерекше байқалады. Себебі бұл күн – Халықаралық театр күні.
Әлемнің қай қаласының театры болмасын бұл күнді ерекше атап өтеді. Еліміздің елордасы Нұр-Сұлтан да бұл қалалар тізімінен табылды. Күні кеше ғана, яғни 26-наурыз күні, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен елордамыздың театрлары бас қосып, өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті.
Биылғы іс-шараның тізгіні елордамыздың жас театрларының бірі – Нұрсұлтан қаласы әкімдігінің «Nomad Сity Hall» МКҚК, Астана комедия театрында. Комедия театрының бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев мырзадан аталмыш шара туралы сұраған едік.
Сайлау Қамиев:
«Нұр-Сұлтан қаласында Комедия театрының ресми ашылғанына үш айдың көлемі болды. Соншалықты жас екендімізге қарамастан, бүгінгі Халықаралық театр күніне арналған мерекелік кешті ұйымдастыру және өткізу бізге бұйырып отыр. Сол үшін қалалық Мәдениет және спорт басқармасына алғысымыз шексіз. Артылған сенімді ақтап шығамыз деген ойдамыз. Бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік болса, екінші жағынан кәсіби театр ретінде өзімізді әріптестеріміздің алдында көрсету үшін үлкен мүмкіндік. Берілген мүмкіндікті қалт жібермей, біз де мерекелік кешті барынша жақсы өткізу үшін дайындалдық. Дайындыққа келетін болсақ, кәсіби актерлерге кешті ерекше өткізу үшін біз бар күшімізді және тәжрибемізді салдық. Бірізділікпен жүрмей, еркін формада, кәсіби деңгейде дайындықтар болды. Ең бастысы өз кәсіби мейрам күнімізде ерекше атмосферана туғызу. Сол бағытты іске асыру үшін, біз Нұр-Сұлтан қаласының барлық теарт ұжымдарымен тығыз байланыста жұмыс атқардық. Яғни, әр театр ұжымынан актерлер іріктелді. Таңдалып алынған актер ұжымы сахнада «капустник» көрсетеді. Биылғы кәсіби мерекелік шарамыздың ерекшелігі де бар. Ерекшелік – енді жыл сайын осы мейрамды атап өту үшін әр театр қолға тізгінді алатын болады. Бұл дегеніміз, әр жылда әр театр өз шаңырағына өзінің әріптестерін той-думанға шақыратын болады. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылына арнағанына байланысты, бүгінгі кештің ұйымдастырушысы, қаламыздың ең жас театры – Комедия театры. Біздің негізгі ұстанатын жанрымыз сатира, комедия болғандықтан, төл мерекемізге арналған кешіміз де қалжың, әзіл әлемінде өткізіледі. Бізге қонақ болып келген Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, Қуыршақ театры, «Наз» би мемлекеттік театры сол атмосфераға, сол көңіл-күйге енетін болады.».
Расында да, Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында орналасқан «Nomad city hall» ғимаратына кірген кізде, мерекелік көңіл-күй кеңістіктің барлығын жаулап алғандай. Қызыл кілеммен өтуге дайындалып тұрған сахнаның ерке бойжеткендері мен сабырлы жігіттері, театр әлемінің ақсақалдары мен майталмандары, барлығы да бір-бірін құттықтауға асық.
Театр әлемі майталмандарының бірі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі Еркін Қасенов мырзаны әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Еркін Тілеуғазыұлы, сәлеметсіз бе! Төл мерекеңіз – Халықаралық театр күнімен құттықтаймын сізді! Елордамыздың Комедия театры ұйымдастырған мерекелік кештің қонағы ретінде бөлісер эмоцияңыз қандай болмақ?
Еркін Тілеуғазыұлы:
-Қайырлы күн! Құттықтауларыңызға рақмет! Иә, бүгінгі кештің қадірлі қонағы болу – мәртебе. Бұл мейрамның тарихы өте тереңде жатыр. Осыдан жүздеген жылдар бұрын да өмірін театр сахнасына сарп еткен жандарды қадірлеу, олардың еңбегін құрметтеу аса биік дәрежеде болған еді. Бұл күні театр марқасқалары, теартдың орта және жас буындары бас қосып, өздерінің бір жылдық еңбек жемісімен, сахналық жетістіктерімен бөліседі. Ішін тарқатып, арқа-жарқа болады. Ортаға пікірлерін салып, сол пікірлер мен мәселелердің шешімін табады. Қазіргі уақытта осындай тамаша кештер Қазақ елінің түпкір-түпкірінде өткізілуде. Актерлер мен театр әлеміне қатысы бар жандар, өз кәсіби атқарған еңбектері үшін үлкен марапаттарға ие болып отырған жайы тағы бар. Сондықтан бұл халықаралық мерекеге ерекше назар аудару біз үшін қажет дүние. Біздің, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына келетін болсақ, театрымыз соңғы он жылдың көлемінде көптеген шет мемлекеттердің сахналарын бағындырып үлгерді. Соның ішінде, Қытай мемлекеті, Ресей, Испания, Венгрия, Македония, Сербия елдерінде өткізілген халықаралық фестивальдардың қадірлі қонақтары һәм лауреатымыз. Еліміздің, театрымыздың атын қашан да жақсы жағынан насихаттайтын ізбасарларымыздың саны шектелмесін. Бүгінгі төл мерекемізбен өз әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табыстарымыз биік болсын! Театр әлемінде алар асулар мен жетер жетістіктер мол болсын! Көрермендердің жүрегінен орын алатын туындыларда шек болмасын.
– Еркін Тілеуғазыұлы, сізге және сіз басқарып отырған ұжымға шығармашылық табыс тілейміз!
Салмағы мен сыбағасы ауыр жолдың бірі – халықтың назарында жүріп, елдің көңілін, жүрегінде жүрген үміті мен мәселелерін көркем жеткізу. Киелі сахнаны таңдаған театр саңлақтарын, театрдың жүрегімен жүректері бір соғатын азаматтар мен азаматшаларды кәсіби төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Театр күніне арналған шара барысынан: “Суреттер сөйлейді”
Еңбегі еленген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстақбаев
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ruh.kz