Қарағанды облысы

БҰЛАНТЫ ШАЙҚАСЫ БОЛҒАН ЖЕР

Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл Бұланты шайқасы Ұлытау аумағындағы Бұланты–Білеуті өңірінде болды. Тарихтан білетініміздей, жауға қарсы ұмтылмас бұрын алдымен Ордабасыда жиын өтеді. Мақсат біреу – қолбасшы сайлау, ұрысты қалай жүргізу керектігін анықтау. Бұл алқалы бас қосуға мұрындық болған қазақтың үш биі – Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүз Әйтеке би еді. Жиында қазақ жасағының қолбасшысы болып Әбілқайыр, сардарбегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиынға қатысқандар жауға жұмыла күресуге, қолбасшылардың бұйрық-тапсырмаларын бұлжытпай орындауға ант берісті. Шайқасқа үш жүздің барлық әскері қатысты. Бір деректе Ұлы жүзден жеті мың, Орта жүзден он мың, Кіші жүзден он мың әскер қатысқандығы айтылады. Енді бір деректе барлығы қырық төрт мың қазақ жасағы шайқасқаны сөз болады. Бұл, шын мәнінде, Отан соғысы болған еді. Жер, ел тағдыры үшін болған қантөгісте барлық хандарымыз, әйгілі үш биіміз, Сәмеке, Әбілмәмбет, Барақ сұлтандар, Саңырық, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Сеңкібай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Тайлақ, Малайсары, Байғазы және басқа да көптеген батырлар қатысты. «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса Қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анықты. Тоқтау көрмеген жоңғар қалмағы енді бір серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді. Сарыарқадан айырылған соң қазақтың барар жері, басар тауы қалмас еді. Хандық садаға, халқының өзі құрып кетер еді»,– дейді Мұхтар Мағауин. Осы сөздерден-ақ Бұланты шайқасының рөлін анық байқауға болады. Қазақ қанша қырылғанымен әлі де болса бар екендігін, қалжырағанымен қауқарсыз еместігін көрсетті. Бұланты шайқасындағы жеңістің халқымыз тарихындағы маңызы жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орыс мемлекетінің тағдыры үшін Полтава, Куликово, Бородино түбіндегі орыс жасақтарының жеңісі қандай маңызды болса, қазақ халқы мен мемлекеті үшін Бұланты–Білеуті бойындағы жеңіс сондай болғанын атап көрсетті. Бұланты шайқасындағы жеңіс қазаққа жаңа тыныс берді, бойына тың күш-қуат қосты. Тарыдай шашылған қазақ бір жұдырық болып, жұмыла бірігетін болса алынбайтын асу, бағынбайтын қамал болмайтынын паш етті. Бұлантыдағы жауына дес бермеген буырқанған бұлқыныс ақыры келіп Аңырақай шайқасындағы ұлы жеңіске ұласты. Бұланты жеңісінің қасиеті осындай. Әлкей Марғұлан Бұланты өзені бойындағы тастардан Көк бөрінің бейнесін тапқан. Бұл да кездейсоқ нышан болмаса керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button