Сұхбат

Демократия өркениеттің қозғаушы күші

Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализмнің дағдарысқа тірелгенін, оның болашағы күмәнді екенін айта бастады. Заттық құндылықтар мен шексіз тән құмарына ұмтылу жан құмарын тұншықтыра бастады. Бүгінгі күндері адамзат өркениетінің дамуы мен оның құлдырау себептеріне көңіл бөліп, оларды дұрыс түсініп, қоғам өмірінде ескере білудің маңызы зор болып отыр. Өркениет өзегі руханият тақырыбын терең зерттеп жүрген абайтанушы, теолог-ғалым Досым Омаровпен сұхбаттасқан едік.

Фото: ашық дереккөзден

- Өркениеттің құлдырау себебі неде, әңгімемізді содан бастасақ.

- Оның екі болмысының (рухани және материалдық құндылықтары) үйлесімді болмауында. Материалдық құндылығы жетіліп, ал рухани жағы жұтынағанда өркениеттің ішкі мәні жойылып, ол ішкі қуатынан, негізгі мәнінен айырылады. Оның құр қаңқасы қалып, мұндай өркениет әлсірейді. Сонымен бірге, тек қана рухани құндылыққа көңіл бөлініп, өркениеттің материалдық жағы ұмытылғанда да жан күйзеліске ұшырайды. Себебі,  адам жан құмарын қанағаттандыру үшін, әуелі тән құмарын қанағаттандыруы керек. Құмнан жасалған қалашықты теңіз толқыны қалай оңай шайып кететін болса, материалдық ірге тасы әлсіз өркениетті де фәни әлем толқыны оңай жойып жібереді. Жаңа Дәуірде өркениеттің материалдық құндылығы жақсы дамыған Батыс елдерінің рухани құндылығы жоғары, бірақ материалдық жетістіктері шамалы Шығыс елдерін оңай жаулап алулары осының көрінісі. 

Егер «рух өліп», тән жансызданса, онда өркениет құлдырауы нөлге жетіп, толық жойылып кетеді. Бұрынғы Атланттар мен Лимурийлердің өркениетінің жойылып кетуі осылай дәлелденсе керек. Ал жан құмары мен тән құмары үйлесімді болса, онда өркениеттің өрлеуі 100 пайызға жетеді. Мұндай жағдайда өрлеу барысы бұл әлемнің ықпалынан шығып, аспан әлеміне жол ашады.

- Демократия мен өркениеттің қандай байланысы бар?

 - Демократия өркениеттің қозғаушы күші. Демократия әлсірегенде өркениет те әлсіреп, құлдырау жолына түседі. Ақыры күйзеліске түсіп, не болмаса революция арқылы сыртқы түрін өзгертіп, басқа қалыпқа түседі. Өркениеттің құлдырау себебі демократияның шектеулі болуында жатыр. Демократияның шектеулігі адамның мінез-құлқына, ой-өрісіне әсер етіп, қоғамды тоқырауға түсіреді.

Өркениеттің өзгерісін заттық әлемнің екі жақтық (орысша: двойственность) қасиетімен түсіндіруге болады. Әлемнің бұл қасиеті – қоғамның қозғаушы күші. Табиғаттың бұл қарама-қайшы екі жақтық қасиетінің үйлесімділігі – өркениеттің негізгі шарты. 

- Рухани қуат пен заттық болмыстың аражігін ашып берсеңіз.

- Дүниенің екі жақтық қасиеті. Бұл – табиғат заңдылығы, табиғи көрініс. Философияда кеңінен қарастырылатын дүниенің бұл көрінісі Тәңірдің өзгергіш, заттық қуатына жатады. Рухани қуат өзгермейтін, тұрақты, болса, ал заттық болмыс үнемі өзгеріп отыратын, өзгергіш. Табиғаттың бұл өзгергіш қарама-қарсылықтарының күресінен бүкіл болмыс қозғалысқа келеді. Түрлі қуаттар бір-біріне әсер етіп, өзара байланысуы – бүкіл әлем тіршілігі. Қозғалыс – қарама-қарсылық нәтижесі. Қозғалыс болмаса тіршілік те жоқ. Қуаттардың қозғалысы арқылы әлем түрленіп, жаңғырып, өзгеріске түсіп отырады. Бұл туралы Шәкәрім былай деп айтып кеткен.

               Жаралыс басы – қозғалыс,

               Қозғауға керек қолғабыс.

               Жан де мейлің, бір Мән де,

               Сол Қуатпен бол таныс,

                        Әлемді сол Мән жаратқан.

 

               Қозғалмаса көшпейді,

               Көшпеген нәрсе өспейді.

               Өспеген нәрсе өзгермес,

               Түрден ол түрге түспейді,

                        Қозғалыс түрлеп жаратқан.     

     (Жаралыс басы – қозғалыс)

Яғни, дүние өмірі дегеніміз – қуаттардың қозғалысы. Олардың барлығын жаратқан – бір Мән, яғни Алла тағала. Осылай, жаралыс басы уақыт емес, қозғалыс екенін түсінеміз. Уақыт тек қана қозғалыс көрінісі. Космоста әрбір планетаның өзінің қозғалысы бар, сондықтан уақыт та әртүрлі. Уақыт барлығына ортақ емес, әртүрлі, және салыстырмалы.

- Өркениеттің пайда болуы, дамуы, құлдырауы қалай жүзеге асады? Мұны қалай түсіндіре аласыз?

 - Толқынды тербеліс қуаттардың қозғалыс түрі екенін бүгінгі заттық ғылым дәлелдеп отыр. Адамзат қоғамы әлемнің бір бөлігі болғандықтан, ол да осы заңдылыққа бағынады. Сондықтан өркениет те сол заңдылық бойынша, пайда болған соң, өзінің шыңына жетіп, қайта құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып отырады. Мұны мұхит бетіндегі судың толқынымен салыстыруға болады. Толқын әуелі көтеріліп, өзінің шыңына жеткен соң қайта құлдырап, мұхит суымен бірігіп, сонан соң қайта пайда болады. Бұл су бетіндегі үздіксіз көрініс. Бірақ мұхиттың беті ғана осындай тынышсыз, ал оның тереңінде қозғалыс жоқ, тыныштық. Сол сияқты үнемі қозғалыста болып жатқан заттық әлем болмыстың беткі қабаты ғана, ал оның тереңінде – рухани қабатында тыныштық, мұндай қозғалыс жоқ. Ендеше, уақыт та жоқ, мәңгілікті дегеніміз осы. Рухани жаңғыру адамды әлемнің рухани тереңіне бойлатып, осындай тыныштыққа жеткізеді.

Пенде тән құмары үшін өмір сүретіндіктен, уақыт басқаратын өмір толқыны оған тыныштық бермейді.

- Демек, өркениеттің әлсіреу себебі – демократияның әлсіреуі ғой.

 - Өркениеттің екі қанаты болып табылатын материалдық және рухани құндылықтардың жетілуі  қоғамдағы демократиялық ахуалға байланысты. Адамның еркі мен қоғамдағы тәртіп үйлесімге келіп, демократия күшейгенде бұл құндылықтар да молайып, өркениет алға басады. Және керісінші, демократия әлсірегенде – өркениет те құлдырау жолына түседі.

Еліміздің өркениетінің құлдырау себебі – демократияның әлсіздігі екенін осылай білеміз.  Демократия принциптері – ерік пен қатаң тәртіп – үйлесімге келгенде өркениет өрлеп, ал қарама-қарсылыққа келгенде құлдырау жолына түседі. Демократия әлсірегенде өркениет те жетілудің сара жолынан шығып кетеді. Өркениет пен демократия, міне, осындай тығыз байланыста. 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button