Жаңалық

ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН ЕДІГЕ

«Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференция өтті.

Мұнда ұлттың рухани жаңғыруы мен саналы ұрпақ қалыптастырудағы тарихи тұлғалардың рөлі, ұлттық код пен қазіргі дәуірдегі ұлттық руханият мәселесі талқыланды. Конференция барысында түркі халықтарына ортақ мұра – «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклор­дағы рөлі, ұлттың рухани дамуындағы, жалпы түркі руханиятында алар орны, жырдың түрлі нұсқасындағы лингвис­тикалық ерекшелік, қаһармандық бейне мен көркемдік нақыш туралы сөз болды. Шараға Әзірбайжаннан профессор Галиб Амирагоглы, Уфадан филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлнұр Хусаинова, Татарстаннан филология ғылымда­рының кандидаты Радик Галиуллин, Қарақалпақ гуманитарлық пәндер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Сейдін Әмірлан секілді көптеген түркі тектес мем­ле­кеттен келген ғалымдар, зерттеушілер, ізденуші жас ғалымдар, әдебиетшілер қатысты. Конференция өтер алдында Ақ­төбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин ұйымдастырушыларға алғысын білді­ріп, «Едіге батыр тұлғасын зерттеу – өте жауапты іс. Оның өмір жолы, тұлғалық бейнесінің ашылмаған қыры әлі де көп. Жүргізілетін зерттеулер әлі алда. Бұл ерекше байыппен, үлкен ізденіспен зерттелетін тақырып екенін ескеруіміз керек. Әсіресе, жас буын­ның тарихи көзқарасын қалыптас­тыруда әлі де көптеген шара жасау ке­рек екен» деген жылы лебізін білдірді. Міне, бұл өңір басшысының әр кезде белсенді жастармен жұмыс жасауға, аға буын мен жастар ара­сындағы сабақтастықты бекемдей түсуге көңіл бөліп отыруы, келешекке деген сенімімізді нығайтатыны анық. Конференцияны С.Бәйішев атын­дағы Ақтөбе университеті президенті, профессор Ахан Бекежан ашып, «Бүгінге дейін Едіге батыр туралы жүргізілген зерттеулер батырдың Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аумағында жерленгенін растайды.   Біздің міндет – сол жерге белгі қоя оты­рып, осы тұжырымды ғылыми айналымға енгізу. Бұл тек қазақ руха­нияты үшін ғана емес, тұтас түркі әлеміне үлкен олжа болары сөзсіз» деп батырдың өмірі мен өнегесі туралы пікірін білдірді. Едіге есімі ел есінде сақталып, ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте күллі түркі халқының қасиетті әулие адамына айналған тұлға екенін дәлелдеуде аға буын ғалымдар­дың орасан еңбегі қаншама?! Бүкіл түркі халықтарына ортақ Едіге батыр туралы тарихта көп дерек сақталған. Едіге Алтын Орданың се­тінеген іргесін қайта бекітті, әркім қалауынша дін ұстанған Алтын Орда халқын тегіс исламға қаратты. Құлдыққа бала сатуды тоқтатты. Мемле­кетіміздің экономикалық әл-ауқатын арттырды. Бектербегі өмірден озған соң Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, бұрынғы күш-қуаты кеми береді.

Қазақ жыраулары оны:

Едігем менің ер еді,

Елдің қамын жер еді.

Ел ішіне дау кірсе,

Мен шешейін дер еді.

Ел шетіне жау келсе,

«Мен барайын!» дер еді, – деп жоқтады. Оны өте жақсы білген сол заманның тарихшысы ибн Арабшах: «Ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иықты, ер кейіпті, түрі айбарлы кісі еді.

…Ақылы кемел, асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт адамдарды қастерлеген, пақыр­ларға мейірімді, имандыларға қайы­рымды, ораза, намазын берік тұтып, ша­риғат жолын адал ұстанған, Алла­ның аяты мен Пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді.

…Ол Деш­тіні 20 жылдай биледі. Оның патшалық құрған күндері сан ықылымдағы нұр­лы сәуле болса, ол салтанат құрған түн­дер замана кейпіндегі арайлы ша­пақ болды», – дейді. Ал Орыс жылна­маларында «Ұлы князь» деп аталады. Яғни, Мәскеудің, Литваның ұлы князьдарымен пара-пар есептеледі. Еуропалықтар оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді. Едіге тірі тұрғанда Алтын Ордаға сырттағы дұшпан батып келе алмады, оның таңға­жайып жеңістері батыс пен шығыс­қа тегіс белгілі еді. Бектербегінің қайсарлығы мен алғырлығын ұнатпай­тын батыс оны «жын» десе, шығыс «тапқан шешесі адам емес, мұсылман перісі екен, арғы атасы Пайғамбардың сахабасы екен» деп аңыз етті. Әзірбайжандық профессор Галиб Амирага оглының айтуынша, кейбір ғалымдар Едіге батырдың осында туып, осы жерде мәңгілік мекенін тап­қанын дәлелдеді. Оған сүйенсек, Едіге батыр Ақтөбе қаласынан аса қашық емес жерде жерленген. Мұны археолог­тар да, топонимикалық атаулар да, фольклорлық материалдар да дәлелдеп отыр. Едіге батырдың мәңгілік байыз тапқан жеріне қатысты түрлі нұсқа, талас-тартыстың болғаны рас. Бірақ бұл дұшпандық емес, керісінше, ха­лық­тың өз батырына деген ыстық ықы­ласынан туған пікір дер едім. Біз, ғалымдар осы дауға нүкте қойып, ба­тыр­дың осы жерде жерленгенін нақ­тылап, оны ғылыми айналымға енгізіп, басына белгі қою туралы ұсынысты бірауыздан қолдайтынын білдірді.

Алтын Орданы17 жыл билеген көреген саясаткер, сайыпқыран қол­басы, ел ардақтысы, күллі түркі жұрты­ның мақтанышы жайында ұзақ жылдар осы тақырыпты зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанов былай дейді: – Жырдың 50-ден астам нұсқасы бар. Фольклортану ғылымында бір жырдың нұсқасының көп болуының себебі – жыр­дың басты кейіпкерінің халықтың сүйік­тісі болуында. Яғни, Едіге батыр – түркі халықтарының сүйіктісі. Жұбаназар Асанов атамызбен бірлесе жұмыс істеуім, маған жетекшілік етуі қамқорлық деп білемін. Соған қосар үле­сім, бір тамшы су болса да қуаны­шым­да шек жоқ. Эпостың ноғай, қарақалпақ тілін­дегі нұсқалары тек орыс тіліне емес, ағылшын тіліне аударылуын дүниежүзі әдебиеттанушылары назар аударуда. Яғни, «Едіге батыр» тарихи-қаһар­ман­дық эпосы қазір ағылшын тілі арқылы әлемге танылуда. Эпостың қарақал­пақша нұсқасы орта мектептерде оқы­тылып жатқанынан да хабардармыз. Біздің ғалымдар да «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырлары сияқты «Едіге батыр» эпосын да Қазақстандағы орта мектеп бағдарламасына енгізу жолында еңбектенуде. Сондықтан біз, жас зерттеушілер төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ете­тін өскелең ұрпақты ұлттық өркениетті рухта тәрбиелеуге белсене атсалысуға міндеттіміз. Бұл өскелең ұрпақтың елдік, батырлық рухта тәрбиеленуіне, түп тамырымызды білуге, жерімізге туристердің көбірек келуіне мүмкіндік туғызары анық.

 Мақсат ӘУЕЛБАЕВ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button