Елбасы кітапханасы мен Сыртқы істер министрлігі арасында меморандумға қол қойылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның мақсаты – Қазақстанның сыртқы саясаты, халықаралық қарым-қатынас, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми, білім беру және ақпараттық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау деп хабарлайды Ruh.kz порталы министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев екі тараптың өзара ынтымақтастығы жөніндегі меморандумға қол қойды.
Іс-шара барысында Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен орнатқан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, барлық дерлік негізгі халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арқылы халықаралық бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту бойынша тынымсыз жұмысты жалғастырып келеді. Еліміздің жетістіктерін, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын әлемдік кеңістікте дәріптеу – біздің ортақ мақсатымыз. Елбасы кітапханасы министрлікпен тығыз байланыс орнатып, соңғы жарты жылдың ішінде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында түрік тіліндегі «Ұлы Дала мұрасы» кітабының тұсаукесері, Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің 10 жылдығына арналған «Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық онлайн-конференциясы бар. Бүгінгі Меморандум еліміздің сыртқы саясатын ілгерілету және Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық стратегиялық бастамаларын насихаттау мақсатында жаңа белестер мен мүмкіндіктер ашады деп санаймын», – деді мекеме директоры.
Қос тарап жалпы бағдарламаларды енгізу, қоғамдық маңызы бар іс-шараларды өткізу, тараптар арасында тұрақты ақпарат алмасу, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің мүшелерімен байланысты кеңейту бойынша қолдау көрсететін болады.