Жаңалық

Елордада «Дон Паскуале» операсы жаңа үлгіде ұсынылады

Г. Доницеттидің атақты «Дон Паскуале» операсы жақын арада еліміздің бас театры – «Астана Операда» сахналанбақ.

Премьерасы сәуірдің 8, 9 және 10 күндері «PICCOLO» камералық театрында жоспарланған. Қоюшылар оқиғалар желісін қазіргі заманға ауыстырмақ, баршаға таныс кейіпкерлер комедия жанрына тән әзіл айтып, қалжыңдасып, ойын-сауық құрмақ. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Наталья Кагадий.

Көркемдік безендіру тұрғысынан осынау спектакльді әсерлі ету міндеті сценограф Манана Гуниаға жүктелген, ол елордалық көрерменге премьерасы былтыр орасан зор жетістікпен «PICCOLO» камералық театрын ашқан «Жібек саты» жұмысымен таныс. Оның әріптесі – қойылымның көркемдік жетекшісі әрі вокал бойынша кеңесші Алла Симонишвили әртістермен әншілік шеберлікті шыңдайтын болады.

Бастапқыда қарапайым көрінгенмен – оңай емес

Спектакльдің сюжеті айтарлықтай қарапайым. Ол көптеген әдеби шығармалар бойынша жақсы танылған, оның үстіне XVI ғасырдан бері театр сахналарында классикалық комедия және опера-буффа түрінде де қойылды. Осылайша, елордалық көрермен бас кейіпкерлер – Дон Паскуале, оның жас жиені Эрнесто, қулығы асқан дәрігер Малатеста және сұлу Норинамен қауышады. Тұтас оқиғаның қозғаушы күші – осы арудың өзі. Бай әрі зеріккен шал оған үйленгісі келеді, себебі жас қыз өте сұлу әрі зерек, бірақ кедей. Норина басқа адамға ғашық. Сөйтіп, осынау махаббат үштігінде түрлі келеңсіздіктер мен қызықты оқиғалар орын алады.

– Сюжеттің соншалықты қарапайым болғанына қарамастан, қойылымның өзі анағұрлым терең. Доницеттидің жеңіл-желпі қаралмаған музыкасындағыдай, біздің спектаклімізде бұл оқиға түрлі бейнелер мен адами қарым-қатынастардың әр алуан күрделілігін көрсетеді. Алайда көрермен қауым үшін комедия қандай жағдай болса да, комедия болып қалады: көптеген қызықты жағдайлар, күлкілі сәттер орын алады, бірақ мұндай көңілді әрі ойын-сауық әсерін қалдыратын спектакльдің астарында біртіндеп баршамыз үшін күрделі драма ретінде ашыла түсетін терең мағына жатыр. Біз көрермендерге ойланып, сараптауға мүмкіндік береміз. Менің ойымша, бұл театр өнеріндегі ең құнды дүние, – деді қоюшы режиссер Наталья Кагадий. – Сана-сезім тұрғысынан алғанда біздің қойылым заманауи адамның ой-өрісіне сәйкес, онда көптеген көрнекі дүниелер болады, біз әртүрлі тың әрі табысты дүниелерді пайдаланамыз. Адам миы үнемі ақпарат ағынында болады, мұнда да санаға бағынбайтын деңгейде көрермендер ойланып, көргенін талдай алуы үшін әрекеттер мен себептер ағыны көрсетілетін болады, – деп қорытындылады қоюшы режиссер.

Әлемнің барша көрермендері «Дон Паскуалені» жақсы көреді, себебі Доницетти таңдалған жанр аясында жағдайдың шынайы екіжақтылығы мен нағыз адами эмоцияны жеткізеді. «Барлығы бітті, Дон Паскуале, жарға басыңды соғудың қажет жоқ. Суға батып кетуден басқа мен үшін өмірде маңызды ештеңе қалмады» деген шалдың мұңды қоштасуы Норина оған қол көтергеннен кейін орын алады. Қыз жасаған әрекеті үшін өкінеді, өзінің қатты кеткенін түсінеді. Алайда спектакльдің бақытты финалы Дон Паскуаленің бұдан кейінгі тағдыры – жалғыздық екені жасыра алмайды.

Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре, концертмейстерлер – Елена Сахно, Жанар Ахметова, Меруерт Жекенова, жобаның үйлестірушісі – Маржан Жәкенова.

Спектакльдердің басталуы сағат 19.00-де.

 

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button