Жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай?
2020 жылы COVID–19 пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайдың салдарынан жастар ортасында жұмыспен қамту мәселелері шиеленісе түсті. Әлеуметтанулық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ТЖ режимі мен карантин шаралары енгізілгеніне байланысты жастардың 13,2 % жұмыссыз қалған, ал 2020 жылғы II тоқсанда жастар жұмыссыздығының ресми деңгейі 4 % болған (2019 жылы – 3,7 %).
Жастар жұмыссыздығы мәселесін шешу үшін мемлекет елдің жас азаматтарын кәсіпкерлік қызметке тартуда. Соған қарамастан, әлеуметтанулық зерттеулер деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта сауалнамаға қатысқан жастардың 4,2 % ғана кәсіпкерлікпен айналысады, бұл – айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Ауыл жастарының жастар кәсіпкерлігі бағдарламаларына тартылу көрсеткіштері де бәрінен төмен.
2020 жылдың II тоқсанында NEET санатындағы жастар немесе оқымайтын, біліктілігін арттырмайтын яки жұмыс істемейтін жастар үлесі 7,6 % болды (2019 жылы – 7,4 % – 256 819 адам). NEET көрсеткіші бүкіл ел аумағына қарай өзгеріп, ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды (12,1 %, 2019 жылы – 12,3 %), Алматы (9,6 %, 2019 жылы – 7,2 %), Шығыс Қазақстан (8,6 %, 2019 жылы – 5,6 %) облыстарында байқалып отыр. Мемлекет NEET санатындағы жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қарастырып келеді, іске асырылған шаралар көбіне аса нәтижелі емес, ал әзірге олар жастарды белгілі бір бағдарламаларға араластырудың сандық көрсеткіштерін ғана мақсат етіп отыр.
Іске асырылатын бағдарламалардың сапасы, олардың түпкі мақсаттарға қол жеткізуі, сонымен қатар қиын өмірлік жағдайларға тап болған жастарды жұмысқа орналастыру және бейімдеу туралы деректер жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – кәсіби бағдарлау жұмысының әлсіздігі.
Жұмысқа орналасқан қазақстандық түлектердің басым бөлігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді (40,1 %). Жастар қатарындағы әр төртінші азаматтың қандай да бір мамандықты таңдауында ата-анасының ықпалы үлкен болған (23,7 %), сондай-ақ жиі аталған тағы екі фактор: грант болуы (6,4 %) және достарының ұсынысы (4 %). Яғни жұмыс істеп және оқып жүрген жастардың үштен бірінен көбі мамандығын өз бетімен, саналы түрде таңдамаған.
Жалпы қазір Қазақстандағы жастардың табысы орташа айлық атаулы жалақыдан 1,5 есе төмен. Ең төмен жалақы ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларында байқалады.
Қазақстан жастары арасында экономикалық қызметтің неғұрлым сұранысқа ие түрі көтерме және бөлшек сауда (23,45 %), білім беру, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету (21,79 %), ауыл, орман және балық шаруашылығы (15,51 %), өнеркәсіп (10,84 %) салалары болып отыр. Жастар негізінен экономиканың өнімі төмен салаларында жұмыс істейді.