Жаңалық

ЖЕКЕ КУӘЛІККЕ ҚАТЫСТЫ 5 «АҢЫЗ»

Жеке куәлікке қатысты нені біліп, нені білмейміз? Заңгерлер не дейді?

«Түнде де, күндіз де өзімен бірге алып жүру міндет»

Сонымен, заңгердің айтуынша, жеке куәлікті қазақстандықтар түнде де, күндіз де өзімен бірге алып жүруге міндетті емес. Алайда құқық қорғау органдары, оның ішіндегі барлық күш құрылымдарының өкілдері сізден куәлікті көрсетуді талап ете алады. «Жеке куәлігіңіз құқық қорғау органдарының өкілдері сұраған жағдайда өзіңізбен бірге болмаса, онда сіз заңды бұзған жоқсыз. Көпшілік бұл сөзді дұрыс түсінбейді, көбі азаматтар жеке басын анықтайтын құжатты алып жүруге міндеттіміз деп ойлайды. Алайда олай емес. Жеке куәлігіңіз жоқ болған жағдайда тәртіп сақшылары сізді полиция бөліміне жеткізіп, кім екеніңізді анықтауға үш сағат бойы ұстай алады. Бұл бірақ заң немесе ереже бұзу болып есептелмейді. Сондықтан өзіңіз әбігерге түспеу үшін үнемі құжатыңызды алып жүргеніңіз дұрыс», – дейді ол.

«Күзетшілер мен тіркеушілер алып қоя алады»

Қазақстандықтардың тағы бір сенетін аңызы, заңгердің айтуынша, қандай да бір компанияға барғанда я бизнес-орталықтарға кіргенде күзет немесе тіркеу бөліміне құжатты қалдырып кетуді заңды деп есептейді. «Қандай да бір компанияның кеңсесіне барғаныңызда күзетке немесе қабылдау, тіркеу бөліміндегілер жеке куәлігіңізді алып қояды. Қонақүйлерге барғанда да солай. Шыққаныңызда бірақ береді. Бұл заңсыз. Яғни сіздің жеке куәлік сізге ғана керек, олар ары кетсе көшірмесін түсіре алады немесе мәліметін журналына жазып ала алады. Басқа іс-әрекетке олардың құқығы жоқ», – дейді ол.Оның айтуынша, паспорт және жеке куәлікті ешкімнің алып қоюына құқысы жоқ, егер алып қойған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, 494-бап). Оның жазасы ескерту немесе бес АЕК мөлшеріндегі айыппұл салу екен.Сондай-ақ, құқыққорғаушы Қазақстан Республикасының халқын тіркеу мен құжаттау ережесіне сәйкес, заңда көрсетілмеген жағдайлардан басқа, жеке куәлікті кепілге беруге, тәркілеуге және қабылдап, өткізуге тыйым салынатынын атап өтті. Жеке куәлікті тәркілеуге тергеу органдары, анықтау органдары немесе сот шешім шығара алады екен.Қандай жағдайда заң бойынша куәлік көрсетуге болады:-сот өндірісінде-нотариаттық әрекет жасауда нотариусқа-неке қию органдарына-жұмысқа тұрғанда жұмыс берушіге-кредит ұйымдарына-пошта ұйымы-зейнетақы қоры – Халыққа қызмет көрсету орталығы»

«Дүкенге кепіл ретінде қалдыруға болады»

Тағы бір аңызды заңгер дүкенге қарызға тауар алу үшін жеке құжатын тастап кететін жағдаймен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, жеке куәлікті тастап кеткен адамға да, құжатты алған саудагерге де ешқандай да жаза қолданылмайды. «Екі тарап та жазаланбайды. Бұл жерде ешкім де мәжбүрлі түрде құжатын тастап кеткен жоқ. Олардың келісімі де ауызша, себебі азық-түлік үшін ешкім де жазбаша келісімшарт толтырып отырмайды. Бұл жағдай ешқандай заңда қарастырылмаған. Ал тартып алатын жағдайда қылмыс болып саналып, ұрлыққа қатысты баппен байланыстырып, мәселені шешу керек. Ал егер кепілге құжатын тастап, тауарын алып, кейін сол құжатын қайтарғысы келген жағдайда бірінші кезекте учаскелік полицей оның қандай жағдайда берілгенін, қандай сомадағы тауарға кепіл болғанын анықтау керек болады», – деп түсіндірді заңгер.Паспорт және жеке куәлікті ешкімнің алып қоюына құқы жоқ, егер алып қойған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 494-бабы – Паспорттарды, жеке куәліктерді заңсыз алып қою немесе оларды кепілге қабылдау. Бұл бап бойынша ескерту жасау немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

«Желіге жарияласам, атымнан кредит алады»

Сондай-ақ, заңгер қазақстандықтардың сенетін тағы бір аңызы «Куәлігімді Желіде жариялап қойсам, менің атымнан кредит алатындар болады» дегенге сенуін айтады.«Жеке куәлікті Интернет бетіне оның иесі өз еркімен ғана сала алады. Өзгелерге рұқсатсыз салуға тыйым салынған. Себебі ондағы мәліметтер жеке басқа ғана тиесілі, бұл Ата заңымызда көрсетілгендей, әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. Ал бірақ қандай да бір жағдайда төлқұжаты жарияланып кетсе, ол арқылы ешкім де сіздің атыңыздан кредит ала алмайды. Яғни, бұл қылмыс интернетте жариялану салдары емес», – дейді заңгер. Айтуынша, бұл төлқұжат жоғалған жағдайда ғана болуы мүмкін алаяқтық әрекеттер. Ал төлқұжат жоғалмай, интернетте тарағаны үшін ғана атыңыздан кредит алынған жағдай болса, бұған сол несие беретін екінші деңгейлі банктер жауапты, себебі банктер құжаттың түпнұсқасы болған жағдайда ғана жұмыс істеуге құқылы екен.

«ЖСН-ді бөтен адамға айту қауіпті»

Ал «жеке куәліктегі ЖСН-ді бөтен адамға айту қауіпті ме?» ме деген сұрағымызға заңгер былай деп жауап берді: «Бүгінде адамның тек жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)арқылы қандай да бір несие алып немесе жылжымайтын мүлік алу мүмкін емес. Сондай-ақ, ҚР Азаматтық кодексінің 245-бабына («Олжа») сәйкес, жоғалған затты тауып алған адам бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi. ЖСН білген адам тек оның иесінің материалдық жағдайын біле алады – салыққа қарызы бар-жоғын, табысы қандай, қандай мүліктеріне тыйым салынғаны жайлы. Онымен қоса, қазіргі уақытта қазақстандықтардың жеке сәйкестендіру нөмірін алу қолжетімді. Арнайы ЖСН-ге қатысты мәліметтер базасы бар», – дейді заңгер.

Тengrinews.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button