Жаңалық

Жетістікке жету жолында білім қаншалықты маңызды

Жетістік – адам баласының белгілі бір сала аясында өсу қалпын сақтай отырып, табысқа кенелуі. Нарықтық дәуір орнап, табыс табу мен кәсіпкерлік бағытында жетістікке жету үлкен бәсекелестік тудырып тұрған бүгінгі қоғамда шаруаңды дөңгелету үшін не қажет? Алдымен құлшыныс, сонымен қатар, таңдаған салаңның ой-қырын түгел білу, негізгі қағидаларды ұстанып қызмет жасау маңызды. Ал ең үлкен қажеттілік – білім. «Білімдінің күні жарық» деген халық нақылының шындыққа айналып, қолданылатын кезі жеткен шақ – бүгінгі қоғам бейнесі.

Кім? Не? Қайда? Қашан? Міне, осындай сансыз сұрақтардан тұратын күнделікті жаһан жаңалықтарын жанарыңыздан қалт жібермей қадағалап отыру – жетістікке жеткісі келген адамның басты міндеті. Әлем бейнесі күн сайын құлпырып, өңін өзгертуде. Осы қарқынға еріп, өзін-өзі толық игере алған адам ғана жетістікке жетеді. Білім салтанат құрған кезде қап арқалап, күрек ұстап жүргеннің есесіне ыңғайлы офисте отырғанның айырмашылығын сезініңіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да білімнің салтанат құруы тақырыбына арнайы тоқталып, бұл бағыттың еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін, әр азамат өз білімін жетілдіру арқылы елдің, мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосатындығын тарқата жеткізген.

Кәсіпке икемі бар адам бала күнінен осы салаға бейім болып өседі. Халық арасында білім алуды қарық қылмағандардың бизнесте бәсі жоғары деген таптаурын болса да әлі қолданыста жүрген бір кереғар қағида бар. Ендеше есте сақтаңыз! Бұл – мүлде теріс бағыт. Бизнес саласындағы жетістік көлденең келген кездейсоқ жетістік немесе біршама уақыт бойы жоспар бойынша жасалған ерен еңбектің арқасында жеткен жетістік болып бөлінеді. Алғашқы жетістік бір күндік. Кездейсоқ келіп, кездейсоқ кетуі мүмкін. Тіпті, бұдан адам өмірлік тәжірибесін молайта алмауы да мүмкін. Білімді азамат болса, осындай бақ болып келген кездейсоқ пайданы да оң жамбасына лайықтап, әрі қарай дөңгелетіп әкетуі ғажап емес.

Ал жетістіктің екінші түріне тек білімді адам ғана жетеді деп те үкім шығаруға болмайды. Өзінің табандылығымен, қайсарлығымен, еңбекқорлығымен жетістікке жеткеннің бәрі білімді емес. Міне, мәселені осы жерден әрі қарай тарқатуға болады. Білімі төменгі дәрежедегі адам табысының парқын білмей, жылдар бойы жиып-тергенінен бір-ақ күнде айырылып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, жоғарыда айтып өткендей, бүгінде кәсіп жасау үшін маркетингтік қағидаларды, нарық талабын, базар бағамын, валютаның ауыспалы кезеңін, ұтымды тұсты анықтай білу ауадай қажет.

Бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында бизнестің жоғары мектебі арнайы оқытылады. Ебі бар өрендерді ауыр салаға ертеден дайындаудың қамы болар, бәлкім. Міне, бұл – әлі де дамуы тиіс, маңызды рөлге ие болуы қажет бағыт. Себебі, кәсіпкер болуды көздеген кез-келген азаматқа бизнес пен білім біріксе ғана биіктерді бағындыруға болатынын жеткізу шарт.

Маркетинг, нарық деген ұғымдарды тереңнен түсініп, кәсіптік қағидаларды шын ұғынып, экономикалық біліктілікті арттыру – бүгінгі міндет. Әрине, кәсіп бастауға талпыныс жасап жүргендер үшін. Маркетингті игеру арқылы кәсіптің болашағын болжап, жоспарын жасау оңайға түспек. Ал экономикалық білім өрісіңді кеңейту арқылы нарықтың, ақша бағамының өзгерістеріне қарай тақымыңды икемдеуге болады.

Жалпы жетістік ұғымы тек кәсіпкерлікке бағытталған ұғым емес. Жетістіктің шеңберіне білімде немесе қандай да бір салада, бағытта жеткен белгілі бір мақсат межесін сыйғызуға болады. Білім салтанат құрған нарықтық кезеңде біліктілікті арттыру – бұлжымайтын міндет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button