Қарағанды облысы

ЖИДЕБАЙ ҚОЖАНАЗАРҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815 жж.) – қазақ халқының даңқты әрі аруақты батыры, шешен, аса ірі шежіреші, қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты жаудан азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Құлжа, Алатауды азат еткенде, әскербасы болған. Талғар бойындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған. Жидебай батырдың кесенесі 30 Қарағанды облысы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінің солтүстігіндегі Шерубай Нұра өзенінің бойында. Көне мазардың басына қойылған көктаста өмір сүрген кезеңін XVIІ ғасыр деп көрсеткен еді. Кейін кесенесі көтерілгеннен соң аңыздағы айтылғандар мен тарихи деректерді сарапқа сала келіп, 1713-1813 жылдар аралығы деп белгіледі. Жидебай көпшіліктің қиялында елі мен жерін жаудан қорғаған батыр ғана емес, әулие, қасиетті тұлға ретінде де сақталып қалған. Оның аңыздағы көрінісі қос қызыл түлкі арқылы бейнеленеді. Халықтың санасына орныққан батыр бейнесінің бір қыры осындай әулиелігі болса, келесі қыры шешендігі. «Батырды жауда сына, шешенді дауда сына» деп халық даналығы айтқандай, Жидебай батырдың от ауызды, орақ тілді сөз шебері болғандығын айғақтайтын әңгімелер де баршылық. Жидебай Қожаназарұлының батырлығына байланысты ғалым, алаштың айтулы азаматы Мырзатай Жолдасбеков «Жидебай батырдың 300 жылдығы атаусыз қалуға тиіс емес» деген мақаласында: «Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Ханшеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып, ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарқаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы, Тарбағатай, Аягөз, Талдықорған, Құлжа, Алатау, Талғарды азат еткенде – әскербасы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған», – деп жазады. Мұнда Жидебайдың жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен елге танылған батыр болғандығы жайлы қаншама тарихи дерек, қаншама қажетті мәлімет жатыр. Екіншіден М.Ж.Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде: «Абылайхан үш жүздің баласы қазаққа хан болғанда Әлтеке Сарым Жидебай атақты батырының бірі болып, Абылайханға қолбасы болған екен» деп жазған. Жай ғана қатардағы батыр емес, атақты батыры болған деп екпін түсіріп айтады. Жидебай батырдың XVIІІ ғасырда заманының өр тұлғалы қолбасшысы болғандығы нақтылана түседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button