Жылаған ата
Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір.
«Жылаған ата» үңгірі туралы аңыздың түбі бір болғанмен, бірнеше нұсқамен айтылады. Мәселен, оның бір нұсқасында ертеректе Қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Сонда әлгі кісі «Бір нәрсе бере гөр, бір нәрсе берсең болды!» дей береді екен. Әдетте адам баласы Жаратқаннан сәби тілегенде «Мейірімді, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеу қажет деген осыдан қалса керек.
Екінші бір аңызда: Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, каңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, іщінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы “Балам, «тоқташы!» деп жалынып соңынан жүгіре береді: Бала: Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірден ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой» деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір» дейді. Анасы жалығанмен бала көнбейді. Анасы «Құдайдын жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін» дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол» дейді. Анасы ақыры күдәр үзіп, таудан шыққан соң әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жеріне сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды Басына барып Құран оқыған адамға ғана ағады», – деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны – дегенмен де жұмбақ құбылыс.