Жаңалық

Кітаптарды құрметтейік!

23 сәуірде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. Ruh. kz порталы осы мерекеге қатысты қызықты мағлұматтарды ұсынады. 

«Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін» мерекелеу 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО Бас конференциясында ұсынылды. Мұндай мерекені белгілеуге Халықаралық кітап баспагерлері қауымдастығының мүшелері бастамашы болыпты. Ал 1996 жылы ол әлемдік деңгейде тойлана бастаған.

Бұл мерекені 23 сәуірде атап өтудің себебі де жоқ емес. Бұл күнде Шекспир, Сервантес сияқты ұлы есімдері жер жүзіне танымал ақын-жазушылар өмірден озған екен. Бұл – әлем әдебиеті үшін орны толмас қаза.

Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.

«Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» жазушылар мен ақындардың, кітапханашылардың және баспагерлердің, редакторлардың, оқытушылардың және кітаптарға байланысты барлық адамдардың мерекесі болып саналады.

23 сәуірде әлемнің бірқатар елдерінде әртүрлі кітап жәрмеңкелері мен көрмелерді ұйымдастыру дәстүрге айналды. Бұл күні адамдар бір-біріне кітаптар сыйлайды, дүкендер мен кітапханаларда жазушылармен кездесулер өткізіледі.

Мәселен, француздар технологиялардың дамуына қарамастан, алғашында сауатсыздықты жою мақсатымен белгіленген «Кітап оқу күнінде» әлі күнге дейін ауқымды шараларды өткізеді. Мейрам күні Францияның барлық ақпарат құралдары әдеби тақырыптарды талқылап, тақырып шеңберінде бағдарламаларды дайындайды. Францияда аталмыш мереке халықтың дәстүріне сіңісіп, жалпыхалықтық сипат алды деп айтуға толық негіз бар.

Бұл мерекенің маңызды аспектісі – авторлық құқық мәселесі.

Ал авторлық құқық туралы не білесіз?

Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.

Авторлық құқықтың екі түрі бар: мүліктік және мүліктік емес.

Мүліктік емес құқық деп туындыға автор болуға және сол туындыға автордың беделіне нұқсан келтіретін өзгерістерді енгізуге қарсы тұруға мүмкіндік беретін құқықты атайды. Авторлық құқық туралы заңдардың көпшілігінде: автор не авторлық құқықты иеленуші туындыға өзгеріс енгізуге рұқсат етуге немесе керісінше рұқсат етпеуге құқылы деп көрсетіледі.

Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы рәсiмдеу немесе қандай да болсын шартты сақтау талап етiлмейдi.

Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор немесе құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы.

Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы авторлықтың презумпциясы деп есептеледі. Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады.

Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде ол автордың өкiлi саналады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.

Елімізде «Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестік авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат берумен, авторлық сыйақыларын жинаумен, жиналған сыйақыны бөлу және төлеумен айналысады. Сонымен қатар «ҚазАҚ» авторлардың шағымымен немесе өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді.

Қоғамдық бірлестіктің 700-ге жуық мүшесі бар. Авторлардың мұрагерлері де қоғам мүшесі болып саналады. Мүшелікке келісімшарт негізінде қабылданады. Авторлық шарт – автор немесе оның мұрагері мен баспа, театр, киностудия және басқалар арасында әдебиет, ғылым немесе өнер шығармаларын қолдану жөніндегі шарт. Авторлық шарт азаматтық заңнамамен айқындалады.

Авторлар қоғамына мүше болған автор қайтыс болғаннан кейін де оның құқығы 70 жыл бойы сақталады. Туындысынан түскен қаржы оның балаларына, туыстарына беріледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button