Көгентүпті қазір немен алмастырады?
Ағайын-жекжаттың ауызбіршілігін нығайтып, кішкентай балалардың жүзін нұрға бөлейтін, тәрбиелік мәні зор салттың бірі – «көгентүп».
«Көгентүп (көгендік) беру» қандай салт?
Егер үйге қонаққа жақын туысының баласы алғаш рет келсе, кішкентайға мал атаған. Ол әртүрлі жануар болуы мүмкін: қозы, лақ, құлын, бұзау, тай, тайлақ, бота, ат. Мұны қазақта «көгентүп» немесе «көгендік» деп те атайды. Көгендікке мал атап қойып, бермей қою – тәрбиесіздік, дүниесүйгіштік. Көгендік қазақтың данышпан халық екендігінің, үйіне келген адамды бос қайтармайтындығының, көрегендігінің айқын дәлелі.
«Көгентүпті» қандай балаларға атайды?
Көгендікке аталған малды әлгі балақайдың ата-анасының жағдайы төмен, малы жоқ болғандықтан сыйламаған. Көгендікке мал атау – үй иесінің көрегендігің белгісі. Көгендік екі отбасының өзара татулығын одан әрі күшейте түседі. Қазақ кішкентай сыйды да қанағат тұтып, мақтанышпен айтқан. Сәбидің көз жанарындағы қуаныш үшін ата-бабамыз барын арнаған, өзгенің көңіліне ерекше мән берген.
«Көгентүп» қандай мағынаны білдіреді?
Көген – қозыларды байлайтын қысқа жіп. Оның ұшы түймеленіп түйіледі. Көгенді жуан арқанға тағады. Осылайша ертеде қозыларды көгендейтін болған. Көгендікті сәбидің көгенінің түбі, малының басы болсын деген ниетпен атаған.
Көгентүпті қазір немен алмастырады?
Ескіден келе жатқан бұл салтты бүгінгі күні әлі де болса қолданатындар бар. Әсіресе, ауылдық жерлерде мал бағып, жылқы асырайтын қазақтар арасында кең қолданысқа ие. Дегенмен көңілді жабырқататын тұсы да жоқ емес-ті. Жаңа заманның балаларына көгентүптің орнына ақша, ойыншық беріледі. Әрине, бұл – сәбиге мүлдем сыйлықтың мұндай түрлерін бермесін деген сөз емес. Ойлантарлығы: тай, құлынның адамға берер пайдасын айтпаса да түсінікті. Жылқы бағу – әрі спорт, әрі тамақ, ең негізгісі – тарих; ойыншық пен ақшалай сыйлық балаға не береді, қандай тәрбиемен шомылдырады?!. Осы қызық…
Көгентүпке ұқсас қандай дәстүрлерді білеміз?
«Жиенқұйрық» немесе «қырық серкеш». Бұл қандай салт? Жиенқұйрықтың айырмашылығы – сыйды қыздан туған жиендерге беретіндігінде. Нағашылап келген баланы құдасынан кем көрмей, құрметтеген. Жоралғының ережесі бойынша сәбидің үш қалаған заты беріледі. Тарихи дерек: қазақтың алғашқы заңдар жинағы – «Жеті жарғыда» «қырық серкеш беру» туралы жазылады. Тәуке ханның нұсқауымен «қырық серкеш» сұрап, нағашы жұртына келген жиен баланың қалағаны берілуі қажеттігі айтылады.