«Көк мешіт» және медресе үйі
Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: ХХ ғ. басы
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құмсай ауылынан 13,5 км солтүстік-солтүстік-шығыста.
Зерттелуі: тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Е.Әжіғалидың 2010 жылғы «Хан моласы» қорымы және оның тарихи аймағы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебінде Ор ауылындағы мешіт кешені деп көрсетіліп, жалпы сипаттама берілген.
Қысқаша анықтамасы: Ескерткіш мешіттен, медреседен, тұрғын және имам мен ғибадат үйінен тұратын кешен болып табылады. Ор өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ескерткіштің аумағында кеңес уақытында малшаруашылығы үшін тұрғызылған құрылыстардың қазіргі таңда қалдықтары ғана сақталған.
Мешіт тік төртбұрышты солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан бір қабатты ғимарат болып табылады. Ғимараттың қабырғасы өңделген қара тастардан саз балшықпен қаланып, іргетасы отырған. Ғимараттың үстіңгі жабыны ағаш бөренелер арқылы, ал шатыры жалпақ қаңылтыр металмен жабылған.
Жалпы медресе төрт есік және жеті терезе ойықтарынан (шығыс жағындағы бір терезе есікке айналған) тұрады.
Аңыз-әңгіме: Жалпы бұл мешіт басқа жерден салу жоспарланған, жерді таңдап жүргенде татар шебері осы жерге келіп сөйлесе дауысының жаңғырығы жақсы естілетінін көріп, сол қасиетті еске алып, осы жерден мешіт салған. Жергілікті тұрғындардың мәліметінше кешен 1902-1905 жылдары тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан да мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталады.
Елек, Ор, Жем өзенінің бойындағы жалғыз мешіт болған. Ембі, Ащысай ауыл тұрғындарының барлығы Көк мешітке жұма намазына барып намаздарын оқыған.
Мешіттің ашылу салтанатында Таманың Көкісі Қосуақ деген ақсақал ұзақ уақыт, шамамен бір жарым сағат бойы бата берген. Бұхарадан діни білім алып келген Тобажан деген кісі мешітке алғаш рет имамдық еткен. Оны халық Сары ишан деп атап кеткен. Тобажан ишанның дауысы да керемет, зор болған. Ол ертеңгі таң намазына азан шақырған кезде дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілетін болған.
Қазіргі таңда ғасырлар бойына бабалар мұрасы болып тұрған мешіт қабырғалары құламай қаз қалпынада сақтаулы тұр. Мешіттің жанында кезінде балалар оқып, білім алған, тастан қаланған медреседе де бар.