МӘДИ АҚЫН ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕР
Мәди Бәпиұлы (1880-1921 жж.), әнші-ақын, композитор. Арғы аталары — Қаз дауысты Қазыбек. Жасынан-ақ әншілік, домбырашылығымен аты шығады. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты саңлақтармен кездесіп, өнер сайысына түседі, өнеге алады. Сол кездегі қиянатшыл адамдардың «ұры» деген жалған жаласымен Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде болады. Түрмеде елін, жерін сағынып, әділетсіз заманға қатты налыған Мәди «Қаракесек» әнін шығарады. Бұдан басқа Мәдидің «Үшқара», «Шіркін-ай», «Мәди» атты әндері де жан сезімін, көңіл күйлерін бейнелейтін шабытты шығармалары жетерлік. Бұл әндердің біразы кейін қазақ операларында («Қаракесек»—«Ер Тарғында», «Шіркін-ай» мен «Мәди» — «Қыз Жібекте») пайдаланылды. Мәди 1916 жылғы халық азаттық көтерілісіне үн қосты. Әділет жолын бұрмалаған патшаның, жергілікті әкімдер мен дала шонжарларының озбырлығын әшкерелейтін жырлар толғады. 1919 ж. қызыл партизандар қатарыңда болып, Колчак бандыларына қарсы шайқасты. Мәдидің ән мәтіндерінен басқа өлендері әлі жиналмаған. Мәдидің шығармашылығы туралы А.Қ. Жұбанов зерттеу еңбектерін, Ә. Әбішев «Найзағай» атты роман (1969 ж.), Ә. Бектасов «Мәди» атты кітап (1973 ж.) жазды. Мәди ақын жерленген жер Қарқаралы ауданы Мәліксайда.