Мектеп оқушылары арасындағы бірінші республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталды
Назарбаев орталығында «Көңілдің асыл пернесі: Н. Назарбаевтың ән шығармашылығы» І республикалық ән байқауының гала-концерті мен оның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы мен Қорының, М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының мұрындық болуымен ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткен болатын. Оған еліміздің әр өңірінен 46 мектеп оқуышысы қатысты.
Байқау ұйымдастырушылары аталмыш сайыс қатысушыларының өнер мектептерінің тәрбиеленушілері емес, әуесқой әншілер екендігін ерекше бөліп айтады.
«2015, 2016 жылдары біз аталмыш байқауды қалалық деңгейде өткізген едік. Ал биыл оны алғаш рет республикалық деңгейде өткізіп жатырмыз. Екі жылдың ішінде біз конкурстың негізгі үш бағытын анықтап алдық. Бұл – Президенттің өлең жолдарына жазылған әндер, Мемлекет басшысының сүйікті әндері мен патриоттық тақырыпта байқауға қатысушылардың авторлық туындылары. Байқаудың ерекшелігі оған қарапайым мектеп оқушыларының қатысуында. Олар кәсіби деңгейде өнер мектебінде білім алып жатқан өрендер емес», – деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Қазақстанға еңбегі сіңген композитор Кеңес Дүйсекеев төрағалық еткен қазылар алқасы жеңімпаздарды жоғарыда аталған номинациялар бойынша 12-15 жас аралығындағы және 16-18 жас аралығындағы орындаушылар арасында анықтады.
Осылайша, «Көңілдің асыл пернесі: Н. Назарбаевтың ән шығармашылығы» І республикалық ән байқауының Бас жүлдесін қанжығасына қостанайлық әнші Темірлан Самұратов байлады.
«Бабамнан калған кең дала» аталымы бойынша (Н.Ә. Назарбаевтың сөзіне жазылған өлеңдер) 12-15 жас аралығында 1-ші орынды Қарағанды қаласынан Потапкина Александра еншіледі. Сондай-ақ, осы жас санатында өнер көрсеткен қарағандылық Екатерина Сушкова «Президентіміздің сүйікті өлеңдерінің толқынында» номинациясы бойынша (Мемлекет басшысының сүйікті өлеңдерін орындау) үздік деп танылса, 15-18 жас аралығында Астана қаласы №30 мектебінің намысын қорғаған музыкалық квартет топ жарса керек.
«Патриоттық тақырыптағы авторлық шығарма» номинациясы бойынша (өзі шығарған өлеңдерін орындау) 1-ші орынды Астана қаласынан Ғазизов Рустем жеңіп алды.
Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, енді «Көңілдің асыл пернесі: Н. Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты республикалық ән байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.