Жаңалық

Наурыз - 2019: шет елдік қонақтар пікірі

Қазақ мемлекетінің имиджі әлемдік саяси аренада жыл алға озған сайын танылып, беделі артып келеді.

Елдің ішкі және сыртқы туризмін жаңа белеске көтеру үшін, әуелі сол туристерді қызықтыратын іс-шараларды, брендке айнала алатын дүниелерді және де ұлттық болмысымызды көрсететін мейрамдарды насихаттау керек.  Сондай ұлттық мейрамдардың бірі әрі  халықтық Бас мереке – Ұлысымыздың ұлы күні  –  Наурыз мейрамы. Еліміздің Астанасына көктем кеш келгенімен, Наурызды қарсы алу күндері ерте басталады. Сондай салтанатты жиын қонақтарының қатарынан шет елдің азаматтары да біздің назарымызға ілікті. Қонақжай қазақстандықтардың Наурыз мейрамына салтанат құруы оларды ерекше таңқалдырды. Сонымен, шет елдік қонақтардың пікіріне көз жүгіртіңіз…

Словакия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Милан Коллар:

Мен Қазақстан Республикасына, қызмет бабымен 2018 жылы келдім. Қазақтың жері өте керемет! Алғашқы қызметтік жылым жергілікті халықпен танысу, сіздердің мәдениеттеріңізге, ұлттық тағамдарыңызға таң қалумен өтті. Қазақ халқы өте қонақжай екен. Соған дәлел – Наурыз мейрамын атауға болады. Бұл түркі халықтарының мейрамы туралы естуім бар, алайда өз көзіммен көру және бұл мейрамның қонағы болуым алғаш рет. Түркі елінің ең ежелгі мейрамы Наурыз туралы маған Қазақ елінің дипломатия саласында жүрген азаматтары жиі айтатын еді. Жүз рет естігенше, бір рет көрген абзал, бүгін, мен де осы ерекше күннің куәсі болып отырғаныма ризамын. Қазақстандықтардың мейрамға деген ықыласы ерекше, бұл осы күндері аталып жүрген іс-шараларда сезіліп тұр. Үстіне ұлттық киімдерін киген бойжеткендер мен бозбалалардың бойынан елдеріңіздің ұлттық рухы сезілгендей. Жалпы, әр елдің ұлттық киімі тұнып тұрған тарих. Бұл тарихты мен кеше де, бүгін де көрдім. Көз қуантады. Қазақстандықтарға тілерім, ең бастысы отбасы, ошаққасының амандығын! Елдің абыройын арттыратын өскелең ұрпақтың беделін! Еліңіздің үстемі жыл санап арта берсін!

Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Прабхат Кумар:

Қазақстандықтар үшін ең ыстық және жайдары мейрамдардың бірі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Көктемнің жылы күндерімен бірге келетін осы күн өзіңің шуағын баршамызға сыйласын! Үндістан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық әрі дипломатиялық қарым-қатынастар тек жақсылыққа ұласа берсін. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Мысыр Араб Республикасының өкілі Хайсаф мырза:

Біздің жанымызға, болмысымызға Қазақстан өте жақын. Қазақстанға келу бізге қуаныш сезімдерін сыйлайды. Наурыз мейрамы және оның тарихы туралы деректерді қандастарымыздан естігенбіз. Достарымыз Қазақстанда болған сапарларында осы мейрамды тойлау күндеріне тап болған еді. Міне, бүгін біз де түркі халықтарының ерекше мейрамы – Наурыздың тойлануын көрдік. Бізге қатты ұнады. Эмоциямызда шек жоқ! Қазақтардың ұлттық ойындарын тамашаладық, ұлттық тағамдарыңыздан дәм таттық. Біз үшін ерекше әсер берген ол – ұлттық аспаптарыңыздың үні. Бұл үн тұла бойымызға еніп, жүрегімізді шымырлатты. Қазақ елінің азаматтарына тілеріміз тек қана бақыт! Бақытты ұрпағы бар ел – ең бақытты ел!

Түркия Республикасының азаматшасы Гүлай ханым:

Бұл менің Қазақстан еліне алғашқы сапарым. Сапарымның ежелгі мейрам Наурызымен тұспа-тұс келуі ерекше қуантады. Бауырлас халық – қазақтар мен үшін қымбат. Наурыз мейрамының тойлануына келетін болсақ, Түркия мен Қазақстан арасында бұл мейрамды тойлауда айтарлықтай айырмашылықты байқамадым. Жаңару мейрамы – Наурыз күні сізде де, бізде де ерекше ықыласпен тойланады екен. Соны байқадым. Қазақ халқының ұлттық тағамдарынан ауыз тидім, қазақтың көнеден сақталып келген ұлттық әуендерін тыңдадым, ұлттық киім киген қазақ қыздарына қарадым да тамсандым. Осы көріністер мен мейрамды тойлаудағы атмосфера менің есімде мәңгі сақталары айдан анық! Ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан бауырластығымыз бен достығымыз ешқашан үзілмесін! Наурыздан Наурызға барлығымыз да аман жете берейік! Менің маңызды тілектерім – осы.

Түркия елінен келген қонағымыз Мерал Тосун:

Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Жолдасымның жұмыс бабымен сіздің елге келіп қалдық. Біздің елдер үшін  бұл мейрам ортақ. Сондықтан болар, биылғы Наурыз мейрамы мен үшін өз елімде болып отырғандай. Өзімді қонақ ретінде емес, осы үйдің баласы іспеттеспін. Ішкі жандүниемнің сезімі осындай болып тұр. Қазақ бауырларым үшін өте қуаныштымын. Осындай өркениетті, әрі абат елде ұрпақ өсіру бір ғанибет шығар. Наурыздың алып келер жақсы жаңалығы зор болсын! Әр күніміз біз үшін, балаларымыз үшін күндей жарық болсын!

Канада мемлекетінен келген Пэри есімді қонақ:

Қазақстанға келуім алғаш емес. Әр келген сайын Астана қаласының физикалық тұрғыдан өсуіне таң қаламын. Зәулім үйлердің және ғимараттардың әсемдігі көздің жауын алады. Ал қазақ жерінің халқы сондай қонақжай. Қонақжайлықтың ерекшелігін Қазақстанға келген сайын көреміз және сезінеміз. Наурыз мейрамына қатысты әсерімізді жеткізгім келіп тұр. Көшпелі халықтың өң бойын, тұрмыс тіршілігін толықтай көре алдық. Әсем қыздардың мың бұралған билері, қос ішекті аспап домбыраның қоңыр дауысы, қазақтың ежелгі салттарының бірі тұсау кесу, осының барлығы шетелден келген біздер үшін айырықша эмоция мен орны бөлек естелік болып қалады. Тұсау кесу салтына ерекше тоқталғым келіп тұр. Бұл рәсімнің мән-мағынасы және тәрбиелік мәні сондай терең екен. Енді-енді жүре бастаған нәрестенің алғашқы қадамын сән-салтанатпен атап өту өте тамаша дүние екен. Қазақстан Республикасының халқына ашық аспан мен шаттыққа толы күндерді тілеймін!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button