Жаңалық

Олжас Бектеновтің Үкімет басшылығына келуі нені білдіреді?

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Олжас Бектенов тағайындалды. Осы ретте Ruh.kz порталы жаңа Үкімет басшысының ел экономикасын дамытуда қандай басымдықтарға ие екені және одан қандай реформалар күтілетіні туралы сарапшыдан пікір алды.

Президент Әкімшілігінің басшылық қызметін атқарған Бектенов «Ескі Қазақстан» өкіліне жатпайтын «жас» билік өкілі деуге келеді. Оның азды-көпті еңбек жолын қарасақ,  үлкен саясатқа Тоқаевтың тұсында келгенін аңғаруға болады.

Тоқаев Президенттік постқа келгеннен кейін, еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болатынын айқындап, «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел» деп оны шұғыл түрде емдеу керек екенін атап өткен еді. Сондай-ақ осы бағытта мемлекет қызметіне біршама өзгеріс енгізіп, реформалауға кіріскен-ді. Сол өзгерістер қатарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамын қайта тағайындау да болды. Осылайша 2019 жылғы 26 маусымда Олжас Абайұлы Бектеновті Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындайды.

Бектеновтің тұсында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықаралық инновациялық тәжіриебелерді, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының (әкімдерінің) орнынан түсу институтын енгізуді және нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу рәсімдерін қалпына келтіруді көздейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың жаңа пакеті енгізілді.

Осындай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде тиімді жемқорлық схемаларын анықтау, олармен күресу жолдарын бекіткен Бектеновтің жұмысын Тоқаев мақұлдағандай 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін табыстайды. Одан 2023 жылдың 3 сәуіріндегі Жарлығымен өз әкімшілігінің басшысы етіп тағайындайды.

Осы ретте саясаттанушы Елдос Жұмағұлов та Бектеновті «былықтан таза адам» деп айтуға болатынын атап өтті.

«Бектенов 2002 жылдан бері мемлекеттік қызмет атқарып келеді. Алайда жауапты саяси қызметте кейінгі жылдары тағайындалған. Оның бэкграунды  «былықтан таза адам» деп пайым жасауға мүмкіндік береді. Бұл қоғам үшін өте маңызды. Президент Әкімшілігінде аз уақыт қызмет етсе де, саяси тұрғыда үлкен тәжірибе қосты», - дейді.

«Әділетті Қазақстан» саясатын жүзеге асыру жолында маңызды позицияларда болған Бектеновтің жұмысын Тоқаев ұзақ уақыт бойы мұқият бақылап, оның кәсіби және жеке қасиеттерін тексеріп жүргенге келеді.

Әкімшіліктің басшылығы қызметінде процестерді оңтайландырып, бюрократияны айтарлықтай қысқарта отырып, әкімшілік басқаруды реформалауға батыл кіріскен Бектенов заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару процесін жүйелі үйлестіріп, Мемлекет басшысына қысқа уақыт ішінде тиімді нәтиже көрсете білген.

Қоғам өлшеміндегі «Жаңа Қазақстан» өкілі портретіне келетін Бектеновке қатысты бүгін Жарлық шығарып, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындап, «Әділетті Қазақстан құру қағидатына сай», «әлеуметтік-экономикалық саясатқа жаңа серпін беруді» тапсырды.

Сондай-ақ өз сөзінде «экономиканың барлық саласын қайта қарауды» және «дереу арада жұмысқа кірісуді» атап өткен Мемлекет басшысы Бектеновтің Антикордағы және Президент Әкімшілігіндегі бюрократиялық және қаржылық ресурстарды шын мәнінде қажет жерге бағыттап, тиімді шешімдерді тез арада жүзеге асыру тәжірибесіне сүйеніп, ел экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын нақты шаралар қабылдайтынына сенім білдіргендей. Енді экономикалық өсуді тұрақтандырып, реформалар қабылдауда шектелмей, одан әрі жұмысын жандандыра алатын, нақты нәтижеге бағытталған процестерді белсенді түрде қайта конфигурациялай алатын шешуші менеджер рөлінде көретінін білдірді.

Антикордағы және Президент Әкімшілігіндегі қызметі, оның бармақ басты, көз қысты әрекеті мен күмәнді саяси байланыстары жоқ екені тексерілгені анық. Былайша айтқанда, саясатта аты таза. Осылайша, Мемлекет басшысы атқарушы билік басына оны тағайындау арқылы «Жаңа Қазақстан» құру жолында халыққа қызмет ететін билік өкілдерінің «үлгісін» айқындады.

Саясаттанушы Елдос Жұмағұловтың пікірінше, экономикалық өсімге кедергі келтіріп тұрған коррупцияны тоқтатуда Бектеновтің әлеуеті жоғары.

«Экономикалық реформаларды іске асыруда жаңа команда қажеттілігі айқын еді. Осыған байланысты Әлихан Смайловтың отставкасы туралы көптен айтылып жүрді. Смайлов жақсы қаржыгер, бірақ команданы басқаруға мінез жетіспеді. Сонымен бірге бұл реформаларды кімнің жүзеге асыра алатыны белгісіздеу еді.

Жаңа Премьер-министрдің командасына осы экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкіндігі берілді. Осы реформаларға кедергі болуы мүмкін – біздегі ымыраласқан монополия мен коррупция. Осы кедерегілермен күресте Бектеновтың тәжірибесі де, алдыға қойған жоспарларды іске асыруда мінезі де бар деп ойлаймын. Тағайындаудың логикасы осы болар», - дейді ол.

Саясаттанушы Бектеновтің Үкімет басшысы қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі тәжірибесіне басымдық беретіні күмәнсіз екенін айтады.

«Transparency International ұйымының зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан әлі де коррупция жайлаған елдер қатарында. Бұл – елдің экономикасын дамытуға, халықтың әлеутін жақсартуға үлкен кедергі. Бектеновтің коррупцияға қарсы күрес бойынша органдағы тәжірибесі осы саладағы заңсыз тетіктерді, оның себептерін жақсы біледі деуге негіз бола алады. Атқарушы билік органының жетекшісі ретінде осы тетіктерді бұзуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Коррупцияны азайтсақ, экономика кең тыныстай алар еді», - дейді Елдос Жұмағұлов.

Қазақстанның қиын әлеуметтік-экономикалық ахуал жағдайында жаңа Премьер-Министрге жүктелген міндет жүгі салмақты: жаңа экономикалық саясатты іске қосу, онда жеке өндірістік-кәсіпкерлік бастама, нақты индустрияландыру, толық цифрландыру және Қазақстанның логистикалық әлеуетін барынша пайдалану қамтылуы тиіс; инфрақұрылымдық (жылу энергетикасы, коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен) олқылықтарды жою; процестердің нақты дебюрократизациясы; әлеуметтік-экономикалық шиеленісті төмендетудің нақты жолдарын республикалық бюджетке минималды шығын арқылы ұсыну.

Ендігі экономикалық қиындықты еңсеруде оның арнайы органдардағы жұмыс тәжірибесін жүзеге асыра алғандығы туралы уақыт өте келе ғана көре алатынымызды да атап өтті.

«Негізі Бектенов көпшлікке жария тұлға емес. Президент Әкімшілігін саяси штабқа айналдырып, бюрократияны азайтуға деген талпынысын жақсы бағалауға болады. Бірақ жылдар бойы шенеуіктердің қанына сіңген бюрокартияны аз уақытта жеңу мүмкін емес. Енді Үкімет басшысы ретінде жалғастырады деген сенімдеміз. Бектеновқа «арнайы орган қызметкері» бейнесінен шығып, «саясаткер» бейнесіне ене алу да маңызды. Ең құрығанда жарты жылдан соң жаңа команданың жұмысы туралы пікір білдіре аламыз», - деп қорытындылады саясаттанушы Елдос Жұмағұлов.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button