Оқушыларға планшеттер таратылды
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп оқушыларының басым бөлігі онлайн форматта білім алуда.
Бүгінде Түркістан облысында 912 жалпы білім беретін мектеп бар, бұл мектептерде 502 737 бала білім алады. Оның ішінде 446 109 (89,0%) оқушы қашықтан оқыту форматына көшкен.
Оқушылардың қашықтан білім алуын қамтамасыз ету үшін алдын ала жүргізілген мониторингке сәйкес облысымызда 79 214 оқушыға компьютерлік техника мен планшеттер қажеттігі анықталды.
Бұл мақсатта ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 57190 (7711 планшет, 5952 компьютер, 43527 ноутбук) компьютерлік құрылғы сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оның 4000 данасы оқу жылының алғашқы айында оқушыларға үлестірілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 6 қазан күні қалған 3711 планшет қабылдап алынып, 2 айға арналған “Білім” тарифі қосылған сим-карталар (теле-2, билайн, актив, алтел) қоса берілді.
Айта кетейік, Үкімет резервінің қаражатынан алынатын 49 479 құрылғы (5952 компьютер, 43527 ноутбук) ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін алынып, оқушыларға берілетін болады.
Қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында алынатын компьютерлер мен ноутбуктер негізінен аз қамтамассыз етілген және көп балалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестіріледі. Техникалардың әр оқушыға жеткізілуін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған жетекші топ мүшелері қадағалауда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі