Қаныкей мазары
Халық аңызы бойынша Қаныкей мазары қазақ-жоңғар соғысы заманында салынған. XVII-XVIII ғасырларда Қорғалжың ауданы, Өркендеу деген жер қазақтар мен қалмақтар басып алған аумақ арасындағы шекара аймағы деп саналды. Ұзақ қанды соғыс жүріп, жеңіс екі жаққа алма-кезек ауысып отырды.
Аңызға сенсек, әскери жорыққа қазақ ханының Қаныкей атты бойжетіп қалған 15 жастағы қызы аттанған екен. Хан қызының қасында құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай, жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көздеп атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек. Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ құрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола кұртпақты көздейді. Сайдың тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан ұрыс салады. Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар оңайшылықпен алдыра қоймайды. Қоян-қолтық ұрыс барысында Қаныкей қыздың аты жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады. Қазақ қызына тән қайсарлықпен жауға ұмтылған Қаныкейдің өліспей беріспейтініне көзі жеткен қалмақтар өжет қызды садақпен атып, мерт қылады… Жау әскерінің айналып өткенін біліп жеткен қазақ қолы Қаныкейдің кегі үшін қалмақтарды бірін қалдырмай жер жастандырады. Қазақ елінің намысы жолында жанын берген Қаныкей қызды арулап, батырға лайық құрметпен жер қойнына тапсырып, басына қызыл кірпіштен биік қылып зират көтереді. Уақыт өте келе жауын-шашын мен қар суы, жазық даланың желі зират кірпішін мүжіп, тегістеп жіберген. Қаныкей қыздың зираты жатқан сол мекен Өркендеу деп аталады екен.