Қасым ақынның кіндік шешесі
Қаcымның туған ауылына жол түсіп, барып қайттым. Ауыл тынысымен, жер тарихымен танысып жүріп «Шәриәнің шындығына» тап болдым. Қасым Аманжоловтың кіндігін кескен Шәриә Садыққызының немересі Егізбай Дәулетқазы Мұқадиұлы естеліктерімен, анасы айтқан әңгімелермен бөлісті. Сол турасында…
Баланың кіндігін жасы үлкен, көпбалалы адамға кестіреді ғой. Ол кезде Шәриә Садыққызы қанша жаста еді?
Сол кезде Шәриә – 18-19 жасар. 1973 жылы қайтыс болды. Кимешегін шешпей кеткен, Совет үкіметіне бағынбай кеткен адам еді. Күйеуі 1931 жылы қайтқан. 13 құрсақ көтерген, содан біздің шешей ғана тірі қалса керек.
Намазға жығылған кезінде арқасына жармасып, сол кісі істеген әрекеттерді істеп отырушы ем. Сосын маған кішкентай жайнамаз тігіп берді. «Сен де менімен бірге намаз оқы» деді. Не істеп жатқанымды түсінбесем де сол кісінің қимылын қайталап тұратынмын.
Қасымды 70-інші жылдары көтере бастады. Кедейдің баласы деді. Бұлардан сұқбат алынбады.
18-19 жасар жаңа түскен келін болса да байдың баласының тұсауын кестіретіндей қандай қасиеті болған адам?
Қасымның туған жері, Шашты Спатайдың жері, Төребай қажының жері бірінен кейін бірі қатар орналасқан. Спатайдың қызық Төребай қажы алды. Ортада Қасым туған ауыл. Көрші жатқан екі ауқатты ауылдың қайсысы кіндік кеседі деген талас болады ғой?! Екеуі де ауқатты ауыл, екеуі де беделді ауыл, екеуі де көрші ауыл. Екеуінің де көңілін қалдыруға болмайды. Екі ауылға да ортақ адам кесуі керек. Ортақ адам – Шәриә. Төребай ауылының келіні, Спатай ауылының қызы.
Ұтымды шешім екен. Қасымның кіндік шешесі Төребай қажының келіні. Келіні бар болса ол кісіде неге ұрпақ жоқ деп айтады?
Есенқұл Жаманқұлов, Төребай қажы түгел бір атадан тарайды. Есенқұлдың бәйбішесі қайтыс боладыдағы тоқал алады. Бәйбішесінен Нар туады. Нардың алты жасында Есенқұлдың тоқалы ұрса керек. Содан Нар қашып кетеді. Төребай қажы жол жүріп келе жатып Айдарлының арға жағындағы қарағанның арасынан жылап отырған Нарды тауып алады. Баланы үйіне алып келеді де тығып қояды. Тоқалы күн көрсетпейтінін біліп бермей қояды. Үй іші баланы іздеп бағады. Ақыры қасқыр жеп кеттіге жориды. Сабылып іздеп жүргенін көрген Төребай қажы Есенқұлды үйіне шақырып «Тоқалың балаға жаман қарап қалды. Одан да бұл бала менде болсын. Жаман болса құл болады, жақсы болса ұл болады» дейді де баланы асырап алады. Сол бала 14 жасында жылқышы боламын дейді. Бертінгі кәнпескеге дейін Нар Төребай қажының жылқысын бағады. Содан Нарды (толық аты Нармағанбет) үйлендіремін деп Төребай қажы Спатай болыстың (шашты Спатай) немересі Шәриәні алып береді. Спатай 20 жасынан бастап 40 жыл бойы болыс болған беделді адам. Кітапта айтылатын дөңмаңдай аты болған. Бай-шонжарлардың бәрі атылып кеткенде осы Спатай ғана тірі қалады. Спатай үйіне жалаңаш қайтады дейтін ел іші. Жол-жөнекей біреуіне ерін, біреуіне шекпенін үлестіріп кете беретін мырза болған.
Анаңыздан, әжеңізден естіген тағы қандай әңгімелер есіңізде? Рақымжан Аманжолұлы туралы көзкөргендерден есіткен боларсыз?
Анығында Рақымжан өте бай адам болған. Шешей айтып отырушы еді. Қазіргі жиналыстарды ол кезде «топ» дейді екен. Топ төбенің маңында болады. Төбенің басында болыс, байлар отырадыдағы қалған қауып екіге жарылып төмендеп отырады екен. Сондай топқа келгенде атын «күлдәрі» деген ол кездегі бір керемет материалмен байлайды екен. Сол атын байлаған күлдәріге жас жігіттер таласып тұрысатын көрінеді. Топтан қайтқан Рақымжан атының аяғын байлаған жаңағы матаны лақтырып жібереді екен. Байлығын осылай көрсетсе керек.
«Тайжүзген» деген сабасының төрт жағын төрт жігіт піседі екен. Піскен адамға бір тақта шәй, бір көйлектік мата береді. Ауыл жігіттері осы сабаны пісуге де таласады.
Дәулетқазы Мұқадиұлы
Осыны бұрмалап басқаша айтады кітап. Жалпы біршама ақпарат бұрмаланған-ау?
Осыдан 25 шақырым жерден бастау алатын Қазанғап өзені екіге жарылады. Бір жағы Балқашқа құяды да, екінші жағы «Би атаның» ескерткіші жағынан ағады. Осыны әлгі «ғасыр халтурщигі» Сәбит Досанов Қаршығалыдан бастау алады қылды. Жазғандарында бұл жаққа тіпті қатысы жоқ дүниелер бар. Бұрмалау көп.
Анығында Көкөзектің бастауы Ақсораң (Қызыларайдың Ақсораңы емес). Ақсораңнан бастау алған өзен Қазаңғап болып ағып келеді. Сарыобалының маңында Ақтайлақ болады. Одан Көкөзектен былай қарай Қусақ өзені болып кетеді. Қусақ өзені кейде Балқашқа құяды, кейде құймайды.
Ақсораң мен Қарасораң талай тарихқа куә шығар, шіркін!
Ертеде, Қазақ пен Қалмақтың соғысы кезінде Қалмақтан қазіргі Партсьездің бойындағы шиде жатса керек. Екі жақ қырағысын екі төбенің басына шығарып қаратады. Қазақтың қырағысы Ақсораңның басынан қарап отырады. Қарап отырған қырағы Қалмақтардың қаннан қаперсіз жатқанын айтады: –олардан да біреу қарап отыр. Әйел болса керек. Білдіртпей бір жағымнан шапан, бір жағымнан бір саба айран әкеліп берсеңдер мен бұны алдайын дейді.
Қалмақтың қырағысы: – Ақсораңның басында қарайған көрінеді. Бірақ құс па, қырағы ма ажырата алмай отырмын десе керек. Сөйтсе, қазақтың қырағысы айранда шашып жіберіп, шапанда желпіп жіберіп төбенің басынан домалай кетеді. Сонда Қалмақтың қырағысы – әлгі құс екен, саңғыда да ұшып кетті. Қазақтар әлі бұл маңға тақай қоймаған екен дейді.
Жерді тыңдайтын тыңшылардың естіп қоймауы үшін аттарының тұяғына киіз байлап алып таң ата жеткен Қазақтар қаннен-қаперсіз жатқан Қалмақтарды Қазақтар шауып алады. Жеңіске жеткен соң екі жақтың қырағысын қосып ұрпақ аламыз дейді. Сөйтсе, екеуінің баласы тас қараңғы болып туса керек.
Рақымжан Аманжолұлының қалай қайтыс болғанынан хабарыңыз бар ма? Біреулер «өлтіріп кетті» дейді…
Бір кітап жазылды. Сол кітапта Рақымжанды Нақыпберді қажы өлтірді делінеді. Әкей жасы кіші болса да үлкен кісілердің жанында жүрген. Құнанбайларды тыңдаған адам. Сол кезде «обыр» деген ауру мыңның бірінде ғана болады екен. Рақымжан осы обырдан өлген.
Төрт әйел алған адам ғой. Айғанша төртінші әйелі. Үлкен үш әйелі оны тең көрмеген екен. Олардан бала болмаған соң Айғаншаны Қасымды туғанша түйенің жабуының астында жатқызған екен. Қызғаныш қой.
Тайжан 11 жасар, Қасым 7 жасар ауылдан кеткенде битке түнеп, Қарқаралыға жаяу жеткен екен. Ел арасында «Тайжансың ба, сайтансың ба?» деген мақал осыдан қалса керек. Ахметжан Алашордамен қатынасы бар адам болған деседі. Әлімхан, Әлихандармен бір топырақтан, аталас болған. Қасымды Ахметжан оқытқаны рас. Одан кейін Қасым ауылға бір келіп, жеңгесімен сыйыспай қайта кетіп қалды деген сөз де айтылып жүретін. Осыны естігеніңіз бар ма?
Ахметжан оқымысты болған адам. Семейде тұрған. Рақымжан қайтыс болған соң кәнпескеге ілікпей тұрып байлығының дал-дұлы шыққан. Ахметжан таласпаған да екен. Қасымды қолына алып, білім алуына мүмкіндік жасаған осы адам. Рақымжанның байлығы кетсе де ата қалды ғой. Баласы Семейде, оқымысты болған, көзі ашық адам. Кәнпеске келмей байлықтың құруында бір мән бар ғой?! Рақымжанның баласы Қасым олай кететіндей болған жоқ. Жарайды, Совет үкіметі кезінде бай деп айтуға болмады. Енді қазір неге Қасымды кедей қылып қоя береді?! Арғы тегін, байлығын неге айтпайды?!
Мекебай жазған кітабында «Семейге баратындардың сапында қолында таяғы бар, таяғының басында дорбасы бар Қасым тұрды», деп жазады.
Қасым ауылдан жаяу кеткен жоқ. Мекебайлардың жазғанының бәрі өтірік. Шешей туысы болса да, осындай өтіріктерді жаздың деп Мекебаймен араласпай, жек көріп кеткен. Қасым ауылдан құрметпен, пәуескемен кеткен дейтін. Ешқандай жетімдік көріп, аштық көріп кеткен адам емес. Нақыпбек қожа Қасымның туған нағашысы. Ол да әлді болған адам.
Совет үкіметінде адамды мақтау үшін кедей қылу керек болған ғой…
Сүлеймендердің арға атасы ізші болған. Қара жерде аттың құлағына қарап отырып із кеседі екен. Ыбырайдың қара шоқысы дейміз ғой, соның арғы жағында Керей Төлеңгіттері шапқылап жүреді. Соларға жаңағы кісі жолығып жөн сұрасады. Сөйтсе бір тайлы бие жоқ. Жылқыны жайған жерін сұрап, сол жерге барады. Барады да шауып өтіп із кеседі. Қалғандары артынан сойылдарын далақтатып шауып отырады. Өзеннен өтер кездегі құмға қарап «Мынаны алып кетіп бара жатқан Нақыпбек қожа(кей ретте Нақыпберді деп те қолданады). Мына тайдың ізі бірде бар, бірде жоқ. Қысыр емген тай. Болдырып келеді. Сол болдырғанда алдына өңгеріп алып отырады» деген екен. Алакеуім уақта Боранбекпен айналып келіп Аққолқаға кіріп бара жатқандағы бұйратқа шыға келсе Нақыпбек бұйрат басындағы шатқалдарға биені байлап тастап өзіне қарай шауып келеді екен.
«Қара Шорыңның малыңа тиіскен жоқпын. Бір Керей Төлеңгіттің малы үшін күні бойы соңымнан қуып саған не көрінді? Өлтіріп жіберейін», деп тура ұмтылғанда ана кісі наганын алып тоқтатып тұрып қалған. Сол екі ортада қалған жігіттер де келген. Менің ісім ұрыны тауып беру деп бұл кісі кетіп қалған. Сонда Төлеңгіттің жігіттері Нақыпбердіден өз малдарын ала алмай қайтқан деседі. Осындай атынан ат үркетін адамды Совет үкіметі бейшара қылып көрсетіп қойған.
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz