Қазақ қалай бала асырап алған?
Халқымызда ертеден қалыптасып, әлі күнге дейін күшін жоймаған ғұрыптардың бірі – бала асырап алу. Баланы қай кезде асырап алады? Ол үшін қандай жөн-жоралғылар орындалған?
Бала асырап алуға не түрткі болған?
Нәрестені асырап алудың өз орны бар және оған себеп көп. Отбасы бірнеше жыл бойы бала сүю бақытынан айырылған жағдайда, кішкентай балақайдың ата-анасы кенеттен қаза болған кездерде бала асырап алған. Мұндай сәттер, әсіресе, жаугершілік замандарда жиі кездескен. Ұл сүйгісі келетін не болмаса қыз баланы өмірге әкелуді армандайтын шаңырақ иелері кездеседі. Ондайда отбасы мүшелері жақынының баласын асырап алады. Көбіне отағасының туған бауырының баласын бауырына басқан. Баланы асырап алудың астарында үлкен мән бар. Қазақ қандай сәтті болсын тек жақсылыққа жорыған. Сол сияқты сәбиі жоқтар бала асырап алса, көп ұзамай әлгі келіншектің өзі де жүкті болады деген ырымға сенген. Көп жағдайда бұл ғұрып шын мәнінде орындалып отырған. Бала асырап алған соң нәрестелі болған жанұя асыранды баласын «майқұйрық» деп еркелетіп, оған бұрынғысынан да қатты көңіл бөлген. Сонымен қатар асырап алған бала өмірден озғанда, жаназасында оның өз ата-анасының аты айтылады.
Асырап алудағы ырымдар жайлы не білеміз?
Кей жұп тәп-тәтті бүлдіршінді өмір бойы аңсап өтеді. Ол үшін түрлі амалдар жасайды. Асырап алушы нәрестені шаранасынан етегіне салып алған. Асыраушы ана балаға ат қойып, оң қолына асық жілік ұстатқан. Не үшін деген сұрақ туады: асық жілік ұстаған балақай сол үйдің туған баласы деп есептеледі. Асық жілік маңызды орын атқарған. Мысалы шақалақтың туған ата-анасы таласуы мүмкін. Сондайда асырап алушы тараптың қолындағы бірден-бір дәлел ретіндегі «құжаты» – асық жілік. Олар әке-шешесіне: «Сәбидің қолына асық жілік ұстатқанмын» деп айтқан.