Жаңалық

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ

Ұлттық ойындар өз бастауын қайдан алады? Оған дәлел кәні? Тарихи фактілерге сүйенген жалпылама түсінік.

ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

«Қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған» деп жазады Зейнолла Сәнік көптомдық еңбектерінің бірінде. Біздің эрамыздан бұрынғы I ғасырларда хатқа түскен «Ескендір жорығы» атты тарихи жазбада көшпенділердің ұлыс тойын қалай тойлайтындығы жазылған: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте Қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, майданға шымқай қызыл мәуітіден киім киген 365 бозбала шығатын болған. Бозбалалардың саны бір жыл ішіндегі тәулік санына тең. Бүтін бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай сол 365 өнерпаз тойдың шырайын келтірген. Сосын, әр тәуліктің шежіре баяны сияқты 365 күй тартылған. Содан кейін бүкіл елдің батагөй абызы, тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып қағанаттың үміт-тілегін тәңірге жеткізетін тоғыз күй тартқан. Бұл тоғыз күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан ары ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкіл халықтық қуаныш-қызыққа ұласқан…» («Қазақ күйлерінің тарихы», 25-бет). Демек, біздің қазіргі кезде Ұлыстың ұлы күнін тойлауымыздан да кемелді, мағыналы көңіл ашу ойындары, мерекелік салтанат сол кезде болған тәрізді.

Біздің еліміздің ежелгі жазбаларында түскен деректерге қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 400-200 жылдар аралығында хатқа түскен жазбаларға негізделгенде ежелгі Үйсін елінде балуан түсіру (мұны Жаң Чян, яғни «мүйіздесу» деп аударған. Сол кезде үйсін балуандары басына мүйіз тағып келіп күресе ме, әлде қазіргі сияқты балуандарды ноқталап «Зеңгі атаның сайысы» деп айрықша баптап әкелетіні сол кезден басталған ба – бұл жағы белгісіз), бәйге салу, арыстан ойыны, тобық ойыны, сырық ойыны және үйсін қыз-жігіттерінің садақ ату мергендігін сынайтын садақ ату ойындары, т.б. ойын түрлерінің болғандығы мәлім. Хан Уди патшаның сол кездегі хан ордасы Ши-Андегі қазындылардан тақтайға ойылған екі балуанның сайысқан суреті, бәйгеден келген аттардың суреті табылғандығы мәлім. Мұны ханзу зерттеушілері батыс өңір адамдарының патша алдында ойын көрсеткендігінің естелігі деп топшылаған… Заманымыздан бұрынғы 403-221 жылдары өткен Жұнгo дәуірінде, қағаз бетіне түскен деректерге қарағанда, шеңберек ойыны, арыстан ойыны сияқты ойындар және кейбір музыка аспаптары ішкі Жұңгоға осы батыс өңірден тарағандығы мәлім.

«Соңғы ханнама, Батыс өңір шежіресі» кітабына «Арыстан ойыны Кусаннан (қазіргі Күшәрдан) Шаң-анге тараған», «Арыстан ойыны Кусан музыкасымен орындалады», «Жаңа эраның 87-жылы Шығыс хан патшалығына арыстан тарту етілген…», т.б. тарихи естелік түсірілген. Жауласқан бектіктер заманында (заманымызға дейінгі 403-221 жылдары) жазылған «Ресми тарихқа кіргізілмеген Жоу тарихы» деген кітапта: «Яркенде Ғұндар, Иүзілер қатарлы ұлыстар жасайды. Олардың қас тасы, түйе, құлан, қашырлары жұртқа әйгілі» делінген. «Ханнамада» қазіргі оңтүстік Шыңжаң өңірінде, сондай-ақ Құмыл, Тұрпан өңірлерінде Үйсін, Қаңлы, Дулат, Сапарбай, Ұзынтай (қазіргі Қашқар), т.б. 26 ұлыс жасағандығы айтылады. 605-жылы жазылған «Ғибратнамада» бұл өңірде ғұндардың жасайтындығы, ғұндардың төрт мың әскері Тұрпанда қала салып, тың ашқандығы айтылады. Демек, бұл – ІХ ғасырда ұйғырлар осы өңірге қоныс аударудан бұрынғы түркі халықтарының мекендегендігі туралы нақтылы деректер. Хуанхының батысында жасайтын түркі халыктарынын сол кезде Ши-ляң (қазіргі Гансу өңірі) өңірінде үйсін елінің арыстан биін өз көзімен көрген атақты ақын Бай Жуй-идін мынадай екі шумақ өлеңін келтірелік:

Хулар шықты арыстанша жасанып,

Ши-ляңда ойнап арыстанның ойынын.

Басы – ағаш, құйрығы оның талжібек,

Арлы-берлі толғайды дәу мойынын…

Шыр айналып, шықырлайды тістері,

Көрсетті айбат екі көзі шатынап.

Бұл өңірге басқа әлемнен келгендей,

Көз тігеді ел, таңғалады атырап…

«Шонжы тауы бауырында жазылған естеліктер» деген кітапта: «Басын жерге тіреп, екі аяғын көкке қаратып, шыр айналып ойнау – шеңберек ойыны делінеді», – деп жазылыпты. «Жаңа тарихтың» ғұндар жөніндегі тарауында ғұндардың шеңберек ойынын ойнаудағы шеберлігі жазылған. Ханзу ғалымдары Қылышпаздық ойынының да сырық ойыны, тобық доп ойыны, шеңберек ойыны сияқты орта жазық өңіріне батыс өңірден барғандығын жазады.

Демек, сан ғасырлар бойына өздерінің барыс-келісін, достық қарым-қатынасын үзбей тығыз байланыс жасап келген әр ұлт халқы тарихтан бері бірінің артықшылығын бірі қабылдап, бірінің өнерін бірі үйреніп, халқымызға ортақ мәдени мұрағаттарды бірге жасап, оны бұл дәуірге дейін жеткізген. Қазіргі Шыңжаң өңірі Батыс пен Шығыс мәдениетінің, Еуропа мәдениеті мен Азия мәдениетінің, көшпенділер мәдениеті мен қала мәдениетінің, сондай-ақ әртүрлі діндердің, сан алуан тілдердің тоғысқан түйіні болғандықтан, әрі ол «Жібек жолы» мәдениеті арқылы өзара ауысып, біріне-бірі сіңіп, бірін-бірі жаңалап отырғандықтан, оның ұлттық мәдениетімізге, сол қатарда ұлттық ойындарымызға, әдебиет пен көркем өнеріміздің басқа салаларына өзіндік ықпалы болғандығы тарихи факт.

Қазақ даласында көп ұшырайтын жартас суреттерінің арасынан тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарының белгілері түсірілген тас суреттер табылып отыр. Мұны ғалым Ғ.Мұсабаевтың жүргізген этнографиялық зерттеулеріне қарағанда, біздің заманымыздан бұрын салынған суреттер екендігі мәлім болған. Бұдан мың жыл бұрын (1069 ж.) жазылған «Құтты білік» дастанында түркі батырларының білекті де, білікті болуын шын көңілден тілеп: «Ә, егер де ол дойбы мен шахмат ойынын жақсы білсе ғой…» деп жазылғандығы мәлім. XII ғасырда моңғол тарихын Еуропаға таныстыру мақсатымен біздің даламызға келген еуропалык жиһанкез П.Карпини Жетісу мен Тарбағатайды басып өткен кезде сол өңірді мекендейтін көшпелі тайпалардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары жайлы көптеген этнографиялық материалдар жинаған.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Құнанбайдың бастауымен қазақ даласын Жетісу-Арқа өңірін аралаған поляк жиһанкезі А.Янушкевич өзінің «Күнделіктер мен хаттар» деген еңбегінде қазақтың халықтық өнерін жан-жақты сөз ете келіп, оның әсем дала табиғатымен, қоршаған ортамен байланысты екенін тәнті бола жазады. «Кешінде біз түскен үйде бір қазақ болды. Ол әртүрлі аңдар мен құстардың, әсіресе түйенің, құланның, бүркіттің дауысын айнытпай салады екен. Бұл өнер ол өңірде бұдан басқа еш адамның қолынан келмейді екен…».

Міне, бұл – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық сапарды бастан кешкен ұлттық ойындарының тарихына жасалған қысқаша шолу. Осы негізде қазақтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына сіңіп, этнографиялық белгілерінің біріне айналып кеткен ұлттық ойындарды көңіл ашу ойындары (тұрмыс-салтқа қатысты), спорттық ойындар немесе әртүрлі өнерге жататын ойындары және балалар ойындары деп бірнеше түрге бөлуге болады. Осы аталған ойындардың әрқайсысы туралы жік-жігімен жазылған материалдарды көп кешікпей сайтымызда жариялап отырамыз.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button