Қазығұрт тауы
«Киелі тау, «жержүзілік топан су», Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Исламдық пареллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның өзіндік ерекшеліктері бар.
Талас Алатауының бір сілемі Қазығұртың биіктігі – 1800 метр, жалпы ұзындығы – 20, ені 10 шақырымдай. Топонимнің шығу тегі турвлы әрқилы болжамдар бар, мысалы «Қазық жұрт», ал «құрт» көне түрік тілінде «қасқыр, бөрі» деген сөз, ал «қас» нағыз деген мағына береді. Бұл өлке тұнып тұрған тарихқа толы.
Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады. «Нұх пайғамбарының кемесінің ізі», топан су тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдардың мекендеген «үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар.
«Құдай баста жер мен көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған» дейді. «Нұх кемесі» қайырлағанға дейін де Қазығұртқа әулиелер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі. Жырдың «Ол әулие болмаса неге қалған?» деген жолдары Қазығұрттың әуелден қасиетті, әулиелі тау екенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ бақсылар сарынында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған. С.Сейфуллин келтірген деректе: «Қазығұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке шейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын еді. Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар «Қазығұрт қарасын киді» деп, малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді» деп жазылған.