Қызылтам кесенесі
Ескерткіштің түрі: Киелі объекті
Ескерткіштің мерзімі: XVI- XVII ғасырлар
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қос-Естек ауылынан 12,6 км оңтүстік-батыста. Қарғалы су қоймасының солтүстік – батыс жағасында.
Зерттелуі: XX ғ. басындағы И.А.Кастаньенің жазбалары бойынша кесене аркалық негіздегі (тромп) екі күмбезді болған. Сонымен қатар 1984 жылы ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Ақтөбе экспедициясы зерттеген (жетекшісі – Әжіғалиев С.И.).
Қысқаша анықтамасы: Қызылтам кесенесі солтүстік Арал-Каспий аймағында орналасқан күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кейінгі орта ғасыр дәуіріне жататын сирек кездесетін мавзолей болып табылады.
Аңыз-әңгіме: Я.Я.Полферовтың жазып алған аңызы бойынша Қызылтам кесенесінің пайда болуы XVII ғасырдың басындағы Хиуа ханы Араб-Мұхамедтің қалмақтың Бадмай атты қолбасшысының қызына сәтсіз құда түсуі тарихымен байланысты:
«Қалмақ қолбасшысы Бадмайға бұрынғы жауы Араб-Мұхаммедтің елшілері келіп, сый-сияпат және ханның сәлемін қабыл алуды сұрайды. Арғымақтар мінген, бағалы киімдер киген елшілер қымбат кілемдер мен өзге де бұйымдар артылған он ақ түйе ертіп келеді. Сый-сияпат тарту етіліп, ойын-сауық ұйымдастырылып болғаннан кейін, елшілер өз хандарының Бадмайдың қызы Уйляға құда түсіп келіп отырғандығын жеткізеді.
Алайда қалмақтың қызы Уйляның өзінің сүйгені болатын. Құда түсіп келген қонақтар мен ауыл түгел ұйқыға кеткен кезде Уйля өзінің сүйгені Зайсамен бір төбенің басында кездесуге келіп, өзінің Хиуа хандығына ұзатылатындығын жеткізеді. Зайса бұған жол бермей, қызды алып қашатындығын айтып жатқан кезде, жоқ жерден Бадмай пайда болып, екеуінің арасында айқас орын алады. Уйля есін жиып, екі ердің арасына араша түседі. Бірақ, осы кезде кеудесіне қанжар сұғылған қалмақ жігіті төбеден өзенге қарай домалап түседі. Сүйгенінен айрылған Уйля, әкесінің әміріне көнуден бас тартып, жігіттің соңынан жардан суға секіріп кетеді.
Бадмай, Уйля мен Зайсаның денелерін судан алып шыққанға дейін, екі күн бойы, қолында қанға боялған қанжарды ұстап, бір орында қозғалмастан тұрады. Осылайша, қос ғашық жерленген жерде кесене тұрғызылады. Күйдірілген кірпіштен салынған ғимарат, алыстан қанық қызыл түсті болып көрінгендіктен, Қызылтам деген атауға ие болған».