Жаңалық

«Рухани жаңғыру» – жарқын болашақ кепілі

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының әрбір жолының үлкен маңызға ие екіндігі, бүгінде іспен дәлелденіп жатқаны үлкен жетістіктің нышаны деуге толық негіз бар. Мемлекеттік үдеріске айналған бұл бағдарлама, кеше ғана дүниеге келе салған нәрсе емес, керісінше тарихи тағылымға бай, сан ғасырлық мол тәжірибе негізінде құрылған жоба. Сондықтан аталмыш бағдарламаның өзектілігіне терең бойлаған сайын, өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғап жатқан алтын арқау екенін көруге болады.

 

Тарих пен тағылым

Қазақтың ұлы даласында шаңырақ көтеріп, ірге бекіткен барлық тайпалық бірлестіктердің өзіне тән өмір сүру дағдысы, әдет-ғұрпы, тілі, діні, тайпалық, рулық ерекшіліктері болған. Оған қарт тарих куә. Солардың ішіндегі ең маңызды бөлікке мемлекет басшыларының еліне жолдаған жолдауын, әртүрлі мәселелерге қатысты айтқан сөздерін және бұқара халықтың қатаң сақтауға тиісті заңдық нормаларын реттеп отыратын Жарғыларын айтсақ болады.

Иә, кешегі «Орхон-Енесей жазбалары» деп атап кеткен Күлтегін мен Төныкөктің тас-бітіктерге қашап жазған жорық жырлары мен елдік мұрат жолындағы айтқан өсиеттерінен бастау алатын мұраларымызда жоғарыдағы тақырыптың түйіні ағытылып, терең қаузалады. Арғысы «Шыңғысханның құпия шежіресі» мен «Темір түзіктері» дейсіз бе, бергісі «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», тіпті Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» болсын, мұның бәрінде – ел бастаған көсемдердің жұртына деген ерен еңбегі, үлкен аманатшылдығы, асқан жанпидалығы айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар, бұл еңбектердің негізгі қызметі – ел игілігі мен келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған ілкімді қадамдар деуге толық негіз бар.

Бүгін

Бүгінде біз дербес тәуелсіздікке қол жеткізген әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттің сатындағы егеменді елміз. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңестік кезеңнен аман-есен өтіп, нәубетті күндердің бодауы ретінде – бүгінгі азат күнге жетіп отырмыз. Дегенмен, алағай-бұлағай шақтағы КСРО-ның шапанынан шыққан Одақтас Республикалар, басында қалай ел болып кетудің жолын іздеді. Содан әркім болашаққа қарай өз сүрлеулерін салып, сол соқпақтың жүргіншілеріне айналды. Соның ішінде Қазақстанға да оңай болған жоқ. Сол кезеңнің қиындығын көппен бірге көре білді…

Бағымызға орай тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тағайындалды. Ол билікке келгенде, ең бірінші, елінің амандығын ойлай отырып, күн тәртібіндегі мемлекеттік мәслелерді қамырдан қыл суырғандай етіп шешуге кірісті. Санасы сансыраған елінің етең-жеңін жиып, өзге елдермен терезесі тең түсуіне барын салды. Сондай-ақ, осы жолда Елбасымызға тыңнан түрен салатын стратегиялық жаңғыртулар да аса зәру еді. Содан Елбасымыз бірінші жаңғырту жұмысын – ширек ғасыр алдынғы КСРО-ның бодандығынан босап, егеменді ел болып еңсе тіктеген кезеңнен бастап кетті. Ал екінші жаңғырту жұмысы «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа Елордамыз – Астананың салынуымен өз жалғасын тапты.

Болашақты бағдарлаған

ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУ

Мемлекетіміздің үшінші жаңғыруы ретінде Елбасының 2017 жылы қабылдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын айтсақ болады. Бұл бағдарламалық құжаттың негізгінде – ұлттық сананы жаңғырту көзделген. Сондай-ақ, мақалада еліміздің жаңғыруы үшін, ең алдымен, ұлттық болмыс пен дәстүріміздің замана сынынан сүрінбей өткен озығын ала отырып, болашаққа бағдар түзеу керектігі баса айтылған.

Бұл жоба халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды десе болады, себебі Елбасының бұл іргелі мақаласында Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың жолдары, егжей-тегжейлі көрсетілген. Сондай-ақ, мұндағы қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған идеялардың дер кезінде ұсынылып, қабылдануы үшінші жаңғыруға мүлдем жаңаша сипат, тың серпін дарытты.

Әсілі, ғұламалар ақылды, яғни сананы адамның рухында, жанында болады деп есептеген. Сондықтан да Елбасымыз қоғамдық сананың жаңғыруын – рухани жаңғыру деп дөп басып айтқан. Әрине, жарқын болашаққа бағдар алған рухани толысқан қоғамымыз – санасы нұрланған, бәсекеге қабілетті, білімді болуы шарт.

Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың халықтық игі дәстүрлерден мол тағылым алып, отансүйгіштік сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсулері үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы өте зор. Ол үшін біз Елбасы мақаласындағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдарын терең түйсінуіміз керек.

Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың алар орны мен маңыздылығына баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Бұл міндеттерді – ұлттық оянудың коды іспетті деуге де болады.

Сонымен Елбасы аталған мақалада, ең алдымен, жаңаша сипаттағы бағдарламаларды ұсынып, олардың атқарылу жолын да көрсетіп берді. Мәселен, Елбасы мақаласының ең негізгі бөлімдерінің бірі ретінде – «Туған жер» бағдарламасының алар орны ерекше. Бұл бағдарлама атам қазақтың «Туған жерге туыңды тік» деген нақылын басшылыққа ала отырып, елім-жерім деген әрбір азаматты өзінің өскен өңірін гүлдендіруге, абаттандыруға үндейді. Расында, бұл бағдарлама жас ұрпақты тәрбиелеу үшін дер кезінде қабылданған нақты шешімдердің бірі. Яғни әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде туып өскен жеріне деген ыстық махаббат пен құрмет болмайынша – Ұлы Отанға адал қызмет ету және оны шексіз сүйе білу де екіталай.

Аталмыш бағдарламаның екінші бөлімі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Аты айтып тұрғандай, бұл бөлімде Қазақстанның киелі жерлері мен мемлекеттік және әлемдік мәдениет кеңістігінде өзіндік орны бар нысандарға ерекше көңіл бөлінген. Иә, ұлы даламыздың терең тарихы мен шемен шежіресінен сыр шертетін, ғасырлар мүжіген қаншалаған киелі орындар бар. Ендігі мақсат – осындай бай мұраларымызды жас ұрпаққа жіті таныстырып, олардың бойына бабалар тағылымы мен өсиетіне, қасиетіне деген құрметті ояту. Сол арқылы туған жердің әрбір тасы мен шөбін қастерлейтін әрі бабадан аманат қалған жерді дұшпанға бастырмай, жанындай қорғап өтетін азаматтар тәрбиелеу. Осыған орай Елбасымыз өз мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», – деп айтқаны көңілге медеу. Сондықтан да біз осы бағдарды қолға ала отырып, мақалада келгендей «біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» болады.

Ендігі кезекте мақаланың ең бір ерекше тұсы – жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет деп айтсақ артық емес. Себебі, кез келген қоғамның қарыштап дамуы үшін оның мәдени жетістіктері мен осы жолдағы мүмкіндіктері мол болу керек. Айтқандай-ақ, біз осы бағдар арқылы өзіміздегі мәдени өнімдерді, ең алдымен, өзіміз қадіріне жете отырып, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп сыртқа көзайым ете аламыз. Сонымен қатар, осы жоба арқылы өзге елдермен мәдени қарым-қатынасқа түсіп, мол тәжірибе жинақтаймыз.

Бағдарламаның бұл бөлімінде суретшілердің, отандық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың, жазушылардың, ғалымдардың және басқа да мәдениет қайраткерлері көркем сурет, әдебиет, ғылым жайындағы үздік шығармаларын таныстыру мен насихаттауға баса назар аударылған. Сондықтан да жаһандық дәуірлеу кезеңінде бәсекеге қабілетті, сын-тегеурінге төзімді әрі жасампаздыққа жаны құмар жаңа ұрпақты қалыптастыру өте маңызды. Ол үшін осы бағыттағы істердің ауқымын кеңейте отырып, тың бастамалар мен жаңа жобаларға қолдау көрсетілу керек.

Елбасы мақаласының тағы бір бөлімінде прагматизм мен бәсекеге қабілетті жаңашыл қазақстандық ұрпақты қалыптастырудың нақты қадамы ретінде әлеуметтік-гуманитарлық салада аударылған 100 жетекші оқулықты айтсақ болады. Осыған орай қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы қолға алынған. Содан, Елбасы бұйрығымен 2017 жылдың жазында арнайы Ұлттық Аударма бюросы құрылып, аударма жұмысына жауапты мамандар қызу жұмысқа кіріскен болатын. Бұл бөлім өз кезегінде әлемдік тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауды көздейді. Естеріңізге сала кетсек, гуманитарлық бағыттағы таңдаулы оқулықтарды іріктеуге жоғары оқу орындарының білікті мамандары тарапынан 800-дей кітап ұсынылып, солардың ішінен 100 оқулық аударылуға келісілген еді. Бүгінде сол 100 оқулықтың 18-зі аударылып, оқырман қолына тиіп отыр.

Нұрсултан Назарбаев өз мақаласында айтқандай: «Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажеттігі» күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы аударылған оқулықтарды студенттер мен қалың оқырман арасында кеңінен түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын жүргізіп, сол арқылы сапалы мамандар даярлау қажет.

Сонымен қатар, Елбасы аталмыш мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын» құруды ұсынған болатын. Бұл жобада, негізінен, Тәуелсіз Қазақтанның түрлі сала бойынша жетістікке жеткен азаматтарын анықтауға арналған. Айтқандай-ақ, бірқатар азаматтарымыз халық қолдауына ие болып, нәтижесінде 102 тұлға анықтылды. Әрі олардың жасаған істері мен жеткен жетістіктері көпке үлгі етіліп, алғысқа бөленді. Бұл жоба түрлі аймақтардағы дарынды азаматтардың қабілетін шыңдауға және жаңа белестерге қол жеткізудің зор мүмкіндігі деуге болады.

Елбасының «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» – деп айтқанындай, бағдарламалық мақаланың алтыншы бөлімінде латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болады. Бұл жоба халықты сатылы деңгейде қазақ әліпбиінің латыншаға ауысуын көздейді. Сонымен қатар жаңа әліпбиді қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына сай түзілуін және оны үйретудің тың әдістемелік материалдарын қарасытыру да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Дегенмен бір жылда екі рет өзгерту енгізілген латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне әлі толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Жалпы Елбасының үшінші жаңғырудың тетігіне айналған «Рухани жаңғыру»-дың  берері мол дүние екеніне күн санап көз жеткізіп келеміз. Бұған бағдарламалық мақаланың аталмыш 6 бағыты бойынша атқарылып жатқан тындырымды істер мен жолға қойылған игі бастамаларды айтуға болады. Мұның бәрі біздің қоғамдық сананы жаңғырту арқылы Мәңгілік Ел болуға деген талпынысымызды көрсетеді. Сондықтан, біз Елбасы мақаласындағы бағдармен жүріп отырсақ баянды болашақтың төрінен табыларымыз хақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button