САУАТТЫ «ЖАЗШИШ»...
Сөзді қате қолдану қанға сіңіп бара ма, қалай өзі?! Сөзді айта білген, сөзге тоқтай білген халықтың сөзді толық айта алмауына не себеп? «Тұрқ» (тұрмыз ред.), «жүрк» (жүрміз) секілді «тырқ-жырқтардан» ада-жұда айырыла салсақ болмай ма? Ақымақ болып көріну сән бе?
Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бәрі қателеседі. Аңдамай қалудан, асығыстықтан кеткен қателер бір бөлек те, «дәстүрлі» түрде айтылып, әдейі бұзылып айтылатын, не жазылатын қателер бір бөлек. Солар туралы.
Әуелі, «Рақмет» сөзін алайық. Қазір «рахмет» болып жүр. Және оны ««рахым», «ет» деген сөздердің кірігіп кетуінен пайда болған сөз», деп түсіндіріп те қояды кейбіреулері.
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
бес асыл іс көнсеңіз», дейді Абай. Бірақ, Абай қазіргілер секілді филолог емес қой… Десе де, 2007 жылы тіл комитеті басшылығымен шыққан орфографикалық сөздіктің 331-бетінде «рақмет» деп жазып қойыпты. Қателескен шығар… Біздің кей «білікті» блогерлер мен «сауатты» жастардан сұрамай ма?!
«Барлық адамдар»: «бәрілеріңіз», «екеулерің», «біздер» деп қолданатынды шығарып алды. «Барлық», деген соң оның жалпылама сөз екені анық. Онсыз да көпше түрде айтылып тұрған сөзге көптік жалғауын қосып не көрінді?! Ереже қайда қалды? Кім үшін жазылды? Анығында бұл сөздер «барлық адам», «бәріңіз», «екеуіңіз», «біз» болып қолданылады біздің тілде. Сіздер де солай қолдансаңыздаршиш…
-
- «Күлкің келеді ме», деп сұрады досы.
-
- «Ия, күлкінішті», «дид» Асқар.
-
- «Рахмет», деп жылы жауап «берет» оған досы.
Үш-ақ сөйлем. Алты қате. Осылай жазатындарды білесіз ғой? Күнде көріп, оқып та жүрсіз. Әбден етіміз үйреніп кетті деуге де болады. Енді осы сөйлемдерді «қазақша» жазып көрелік:
-
- «Күлкің келе ме», деп сұрады досы.
-
- «Иә, күлкілі», дейді Асқар.
-
- «Рақмет», деп жылы жауап береді оған досы.
Айырмашылығы жер мен көктей, солай ма? Сауатты жазу сауатты сөйлеуді қалыптастырады. Сауатты сөйлеу, әуезді де мәнерлі сөйлеу қашан да сәнді һәм құнды. Уақытты сылтауратамыз. Телефонда қазақ әріптерінің жоқтығын айтып ақталамыз. Анығында, бұл себеп емес. Бұл – ақымақтық! «Тиянақтылық, жауапкершілік, сауаттылық қатесіз жазудан басталады», деу әсте артық болар. Бірақ қатесіз жазған адамның, сауатты жазған адамның бойында аталмыш қасиеттер бар екені көзге ұрып тұрады. Өзіңізді сыйласаңыз, сөйлесіп отырған адамыңызды сыйласаңыз қатесіз жазуға тырысыңызшы. Білмесеңіз сұраңыз. Кітап оқыңыз. Бірақ кітапты да осындай біреу жазат та…
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz