ШАБАНБАЙ БИ КЕСЕНЕСІ
Шабанбай би Қалқаманұлы, 1753-1838 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ол Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай аудандарының атырабында Ақсу, Қаратал, Нұра, Талды, Қаражал, Маутан, Қызылтас, Қызылтау өңірінде билік құрған. Ата-тегі Арғын, Қаракесек, одан берегіректе Майқы, одан Өтеміс, Өтемістен бірер атадан соң Шабанбайдың әкесі Қалқаман ұрпақтары таралады. Атақты шешен әрі әділ би, әулие Әлтеке Жидебай батыр: «Шаппай жүйрік болған Шабаным, Сөйлемей шешен болған Шабаным» деп бағалаған екен. Замандастарының бағалауында Шабанбай қазақ халқының аса бай халықтық даналығын бойына жиған зерек, зерделі, адамның ой түбін топшылай білу қабілеті аса күшті, көкірегі қазына, ақылға бай, ойы терең, талғамы кең, топшылауы жүйрік, алғыр да, тапқыр, әділ би болған. Сонымен қатар Шабанбай би аса қарапайым, мейірімді адам болған деседі. Бір жолы билер бас қосып бір мәселені шешуге жиналғанда Шабанбай би әңгімеге араласпай шеткері жаққа жайғасады екен. Мәселе шешілмей әңгіме созбаланып кеткенде тоқ етерін айтып, істі бірақ ауыз сөзбен тындыратын болған.«Әке балаға сыншы» дегендей дана би өз балаларына да әділ баға берген. Байша, Тойғылы, Балапан, Молда, Қожа сияқты бес баласына енші беріп бөлек шығарады. Балапанға енші аздау тиеді. Мұның мәнісін сұрағандарға:«Ол үйдегі келінім көгені мен желісін бірге ала келген. Әлі-ақ дәулеттеніп кетеді»- деп жауап берген. Расында баласы Балапан мен Ұмсынгүл келінінің байлығы шалқып төгіледі. Ұмсынгүл қолы ашық, қасиетті, берекелі Қара бәйбіше атанған. Шабанбай би кесенесі Ақтоғай-Қарағанды тасжолында таяу Нұра өзенінің жағасында, Шет ауданынан оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан.