Жаңалық

«Шәмші» мюзиклі көрерменге жол тартты

Елордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақтың композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклінің премьерасы өтті деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өнер сүйер қаумының жаңа премьераны тарту етті. Өнер ордасының ұжымы бұл жолғы туындысын қазақ вальсінің патшасы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арнады. Қойылым арқылы әртістер белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын көрсетті.

Сахнада композитордың өмір жолында кезіккен қиындықтары, адам мен қоғамға деген философиясы, ішкі жан дүниесіндегі толқыған сезім иірімдері, ғашықтық сырлары әуезді әндер арқылы көрермендерге жеткізілді. Қойылым барысында театрдағы Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен ұлы композитордың «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған әні», «Ақан Сері», «Ана туралы жыр» сияқты 15 шақты әні орындалды.

Сондай-ақ қонақтар мюзиклде  Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақан сері сынды тұлғалардың бейнелерін көріп, осы тұлғалардың Шәмші өнерін қалай қолдап, шыңдала түсуіне қандай септігін тигізгендеріне куә болды.

Мюзикл авторы – Мадина Омарова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Шәмшінің түрлі кезеңдегі бейнесін театр әртістері Аман Ғұмаров, Сұлтан Кеңшілік, Саламат Мұқашев сомдады.

«Шәмші» мюзиклінің премьерасы 3 наурызға дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button