Шетелдегі қазақ жастары Жетісу жерін аралады
Райымбек батыр кесенесін зиярат етіп, Республика алаңына барған, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі мен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркін, Қайыңды және Көлсай көлдерін аралаған қандастарымыз ерекше әсерлерімен бөлісті.
Қазақстанға тіпті де ынтық бола түстім
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Өзбекстанның Науаи облысы Үшқұдық қаласынан келген Балжан Рзахметованың алған әсері бөлекше. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында болған қандасымыз Алматыны алғаш рет көргенін айтады. «Мен әрбір сәттен ләззат алдым, әсерлендім. Ең әуелі әуежайдан түскеннен бастап бізді «Адай» күйімен қарсы алды. Жетісудың көрікті жерлерін аралап, ауылда қондық. Ауылдың көркі қандай тамаша! Кешқұрым ауылда от жағып, ән айттық, қара жорға биледік. Ертесі Қайыңды көлінің сұлу табиғатын тамашаладық. Қармен ойнап, суретке түстік. Көлсайда қайыққа отырып, атқа міндік. Әлемнің әр елінен келген замандастарыммен танысып, естен кетпес ғажайып күндерді бірге өткіздік. Кейде адам әсерлі сәттерінің мәңгі жалғасқанын қалайды ғой. Сондай күйді мен осы жолы кештім. Шетте жүрсе де ұлтын, тілін ұмытпаған қазақ жастарымен танысып, достастым», дейді ол.
Балжанға Алматы облысының көп жері таңсық болған көрінеді. «Жетісу жерінің табиғатына ерекше тәнті болдым. Өзбекстанда тылсым табиғаттан гөрі тарихи ескерткіштер көбірек. Бұқара, Самарқанд, Хиуа сияқты жерлерде дала музейі қалыптасқан. Онда негізінен тарихи, ежелгі ғимараттар орналасқан. Ал Қарақалпақстанның Арал теңізінде кемелер мазары бар. Қазақстанның табиғатының өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Біз аяқ басқан жерлердің ешқайсысын басқа елдермен салыстырмас едім. Мысалы, Шарын сияқты шатқалды тұңғыш рет көзбен көрдім. Сондықтан да көп жер таңсық болды. Ал Есіктегі музейден әйгілі Алтын адамды тамашаладық. Aralike туристік компаниясы да бізге ойдағыдай қызмет көрсетті. Бұл сапар атамекенге деген сағыныш мен ынтықтығымды тіпті де арттырды», дейді өзбекстандық қандасымыз.
Керемет түс көргендей болдым
Иранның Горган қаласында техникалық жұмыстармен айналысатын Асқар Қазақ соңғы рет Қазақ жеріне 2009 жылы келген екен. «Мен Стамбұл арқылы Түркістанға бардым. Түркістанды кішкене қала шығар деп ойлайтынмын. Қаланы аралап қатты таң қалдым. Керемет ғимараттар бой көтеріпті. Тарихтан сыр шерткен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат еттім. Алматы да он неше жылдың ішінде көп өзгеріпті. Тек дүниежүзі тарихынан оқыған көрікті, киелі жерлерге барып, табиғатына ерекше тамсандық. Фото, видеоларымды көрген туыс-туған, дос-жарандарым да қызығып жатыр. Ең қызығы, бір уақытта төрт мезгілге куә болдық. Ыстық күнді де, жаңбыр мен қарды, қоңыржай ауа райын да көрдік. Қазір ақпарат қолжетімді. Интернеттен де көреміз ғой. Бірақ өз көзіңмен көргеннің әсері тіптен өзгеше болады екен. Шынын айтсам керемет бір түс көргендей сезімде болдым», дейді Асқар.
Елге көп кешікпей ораламын
Токио қаласында тұратын Жадыра Сенбіқызы ең алдымен Жапонияда тарихи және табиғаты әсем жерлердің қалай қорғалатынын айтып берді. «Жапонияда тарихи орындар көп. Олар оны өте жақсы қорғайды және дәріптейді. Халық тарихи орындарға жылына бір емес, кемінде екі рет барып тұрады. Әлеуметтік желілерге фото-видеолар үзбей салынып, теледидарда жиі көрсететіледі. Туристерге арналған бір неше тілде шығарылған кітапшалар болады. Оны метро, автобус аялдамаларынан кез келген адам тегін ала алады. Жапондықтар елін қатты жақсы көретіндіктен шетелде емес, ел ішінде жиі саяхаттайды», дейді күншығыс елінде отбасымен тұратын қандасымыз.
Жадыраға бұл жолғы сапар көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, елге тезірек оралу ойын салған екен. «Қайыңдыға баратын жаңа жол салынады екен. Бірақ сол жол табиғи қалпымен қалса тіпті жақсы болар еді. Өйткені ондай жолдар әлемнің ешбір елінде табылмайды. Жапонияда тегіс тас жолдармен ғана жүріп үйреніп қалған маған вазикке мініп, ирелеңдеген табиғи жолдармен жүрудің өзі қызық болды. Жалпы Жетісудың жайлы ауа райы, тамаша табиғаты керемет көңіл күй сыйлады. «Киелі Қазақстан» жобасы маған көп кешікпей елге оралу ойын салды», дейді ол.
Айта кетейік, биыл 4-рет ұйымдстырылған экскурсияға Түркия, Иран, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай және Жапония қатарлы елдерде тұратын 20-ға жуық жас қатысты. Экскурсия барысында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қазақ жастары «Қазақстанның киелі географиясы» көпфункционалды картасымен, Қазақстан тарихымен, сондай-ақ қазақ тілін оқыту әдістемелерімен, Қазақстандағы білім беру гранттарымен және шетелден келген жастарға арналған басқа да мүмкіндіктермен танысты.