Студенттер арасында деректі фильм байқауы өтті
Алматы қаласының «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасын ілгерілету аясында ұйымдастырылған «Қазақ киносының ұлы тұлғалары» байқауының қорытындысын шығарды.
Байқауға Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының Кино факультетінің студенттері, барлығы 30-дан астам адам қатысты. Әрбір ұсынылған жұмыс Шәкен Айманов, Әмина Өмірзақова, Серке Қожамқұлов сияқты қазақ киносы корифейлерінің өмірі мен шығармашылығына деген үлкен махаббат, жылулық және ілтипатқа толы.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының талдау қорытындысы бойынша үздік үш жұмыс іріктеліп алынды, онда студенттер біздің мәдени мұрамызға, қазақ киносы мен телевизиясына өздерінің креативті көзқарасын білдірді. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
«Үздік режиссура» номинациясы бойынша «Игорь Вовнянко: человек – оркестр» фильмінің авторлары, «Креативті шешім» номинациясы бойынша «Наш милый доктор – Юрий Померанцев» фильмінің авторы, «Үздік фильм» номинациясы бойынша журналист Бейсен Құранбек туралы «БАҚ» фильмінің авторлары марапатталды. Сондай-ақ, өзге де студенттер, шығармашылық топтар мен оқытушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шараға Алматы қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері Касымова Раушан, Касыметова Бахытгуль, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Әмірбеков Шәріпбек және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Байқау ұйымдастырушылары мұндай іс-шаралардың мәдени мұраны жандандыру мен сақтауға, студенттердің креативті ойлауын дамыту және жас ұрпақтың шығармашылығын ынталандыруға ықпал ететінін атап өтті.