Жаңалық

Тарихты жаңаша зерттеу немесе «Шоқан» фильмінің жарыққа шығуы туралы

Жуырда ғаламтор кеңістігінде қазақстандық жас режиссер Қуаныш Бейсековтың қысқа метражды «Шоқан» фильмі жарияланған болатын. Қазақ тілінде түсірілген  туынды аз уақыттың ішінде көрермен арасында танымалдылыққа ие болып, отандастарымыздың жоғары бағасын алуда. Картинада екі уақыт кезеңі көрсетілген. Солардың бірі қазақ халқы ХХ ғасырдың басында өткерген ашаршылық жылдарындағы оқиғаларды қамтиды. Ruh.kz порталының тілшісі фильмді шығарушы топпен әңгімелесіп, өткенге саяхат жасап қайтты.

«Шоқан» – «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен түсірілген қысқа метражды туынды. Картинаның Қазақстандағы танымал жас дарындардың бірі Қуаныш Бейсековтың режиссер әрі сценарист ретіндегі алғашқы жұмысы екендігін де атап өтейік. Фильмде авторлар көрермен назарына қазақ халқының басынан кешірген ашаршылықтың бар күйініші мен тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын ұсынған. «Astana Hub» технопаркінің өкілдері тарихтың дәл осы тұсын таңдаудың себебін былай түсіндіреді:

««Шоқан»  – «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен жас қазақстандық режиссерлер жарыққа шығарған үшінші қысқа метражды фильм. Одан бұрын түсірілген фильмдерде («Ояну» және «Ұя») қиялдағы болашақ, озық технологияларды дұрыс басқару сияқты идеялар баяндалса, «Шоқанда» өткен мен келешектің арасындағы беймәлім байланыс көрсетілген.

Ашаршылық жылдары – халқымыздың қасіретті нәубеті. Тіпті, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі  миллиондаған адамды қазаға ұшыратқан, тағы бір бөлігін жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапатқа қатысты тарихи зерттеулердің жоқтың қасы екендігін алға тартып, бұл олқылықтың орнын толтыруды тапсырған болатын. Өскелең ұрпақ бұл қайғылы кезеңдер жайлы біліп, оны жадынан шығармауы тиіс. Қазақ халқы бұл күндерді басынан өткермегенде, қаракөздеріміздің саны бүгін айтарлықтай көп болар еді емес пе?!

Уақыт өлшемінде болашақтан өткенге саяхат жасау арқылы кейбір тұстарды өзгерту мүмкіндігі, сол өзгерістердің болашаққа әсері жайлы  фильмдер қазір өте көп. Оқиғаның бұлай өрбуі бізге тым қарапайым болып көрінді. Сол себепті «тарих» сабағында белгілі бір оқиғаларды жаңа технологиялардың арқасында егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндігі туралы туындыны жарыққа шығаруды жөн деп таптық. Картинамыз арқылы, сондай-ақ, ұрпақтар арасындағы байланыстың кез келген технологиялардан әлдеқайда мықты екендігін көрсеткіміз келді».

Сюжеттің түпкі ойы – оқиғаны жасөспірімдердің ойыны арқылы жеткізу. Осылайша фильмнің авторлары туындысының нақты көрерменіне жол тартуын жақсылап жоспарлапты. Фильмді жарыққа шығарушылар қазіргі заманның талаптарын да жеткіншектердің есіне салып қойды.

«Бұл оқиғаны жасөспірімдер арқылы баяндауды қаладық. Мұндай жоспарымыз жұмысымыздың негізінен жасөспірімдердің арасындағы танымалдылыққа ие болуына мүмкіндік береді деп сендік. Өзінің болашақ мамандығын таңдағалы жатқан жас буын өкілдеріне бір сюжет арқылы ІТ-технологиялар туралы да, хаб туралы да ақпарат беріп қана қоймай, ата-бабамыздың кешкен азабын да жеткізуге тырыстық», – деп мәлімдеді «Astana Hub» технопаркінде.

Қуаныш Бейсековтың қысқа метражды фильміндегі оқиға түрлі кезеңде өмір сүріп жатқан екі жеткіншектің достығы төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкерлердің есімдері Шоқан мен Айша. Шоқан – технологиялардың озық үлгілері дамыған кезеңде өмір сүріп жатқан бала. Болашақтағы Қазақстанның азаматы бола тұра ол суретті планшетте  немесе графикалық қосымшаларда емес, қағаз бетінде салғанды ұнатады екен. Өзінің осындай ерекше қабілетінің арқасында бас кейіпкер өткенмен байланысын сезінсе керек.

Ал Айша – ХХ ғасырдың басындағы нәубетті басынан кешіріп жүрген қыз бала. Аштықтың салдарынан өрен анасы мен бауырларынан айырлады. Айшаның жалғыз қамқоршысы – атасы. Ол Шоқанмен танысып, болашақтан келген баламен байланысын сезеді. Тіпті оған періште деп ат қояды. 

Бұл екеуінің бірін-бірі көруінің себебін сценаристер фильмнің соңына дейін жасырған. Көрерменнің көкейін тескен сұрақтың жауабы: Айша Шоканның арғы әжесі екен. Ұрпақтар сабақтастығын біз осылайша көрсетіп отырмыз», – деп түсіндірді «Astana Hub»-та.

Тым жас болса да, басты рөлдерді сомдаған Шоқан Чупанбеков пен Нұрай Бауыржанның киноға түсуден тәжірибесі мол десек, артық емес. Жасөспірімдер «Хабар», «Балапан» және «Алматы» телеарналарында көрсетілген отандық сериалдарда көрерменді өз ойынымен тәнті етсе керек.

Түсірілім  процессі жайлы айтар болсақ, оған көп уақыт жұмсалған жоқ. Картинаны жарыққа шығарушылардың атап өтуінше, постпродакшн шараларына ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе, «Шоқан» фильмінде шырқалған әуендердің орны бөлек.

«Түсірілім көп уақытты алған жоқ. Жұмыстарды бір аптаның ішінде аяқтадық. Постпродакшн шаралары, яғни монтаж, түстерді реттеу, визуалды амалдар (олардың саны өте көп), саунд дизайн біз үшін ұзаққа созылды. Тағы да бір айтарлығы: туындыда ойналған трек фильм үшін арнайы жазылған. Әуенді сапалы түрде жазу үшін домбыра мен қобыз тартатын өнерпаздарды жеке шақырып, олардың әрқайсысын бөлек жаздық», – дейді туындыны жарыққа шығарушылар.

«Astana Hub» технопаркі Қазақстанның мәдениет индустриясын дамытуға бағытталған жобалар үшін қашанда ашық. Технопарктің бас директоры Мағжан Мәдиев ұйымның әсіресе, контентті бағытты дамытуға ерекше көңіл бөлінетіндігін айтады.

«Astana Hub» үшін қысқа метражды «Шоқан» фильмі қанатқақты жоба. Біз заманауи құралдар арқылы көпшілікке технологиялардың өмірімізге әсерін тигізбей қоймайтындығын жеткізгіміз келді. Бұл – ақиқат.

Біз өзіміздің дұрыс бағытты таңдағанымызды түсіндік. Еліміздің талантты жастарымен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра түспекпіз де. Сапалы медиа жобалар арқылы қоғамның біздің салаға деген қызығушылығын оятқымыз келеді. Сонымен қатар, қазақстандық жас дарын иелерін қолдау арқылы еліміздің біздің саламен сабақтасатын креативті индустриясының дамуына да өз үлесімізді қоссақ деген ниетіміз бар», – деді Мағжан Мәдиев.

Қысқа метражды «Шоқан» фильмін көрермен қауым зор ықыласпен қабылдады. Фильмді қараған желіні пайдаланушылардың саны ойдағы болжамдардан асып түссе керек. Бір айдың ішінде жоғарыда аталған көрсеткіш 180 мың қаралымды құрады. «Шоқан» Қуаныш Бейсековтың дебюттік жұмысы екендігін ескерсек, бұл қанатқақты жоба үшін өте жоғары көрсеткіш.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button