ТИЫННАН ТЕҢГЕ ҚҰРА (Экономист Бауыржан Ысқақовпен сұхбат)
Нарықтық уақытта халықтың қаржылық өнімдерге қызығушылығы күн санап артып келеді. Еліміздің жасы да, кәрісі де білетін жайт, ол – ақша үнемділікті және ұқыптылықты қажет ететіні. Қай уақытта да, тиыннан теңге құралатынын білген және соны жүзеге асырған адам, өз табысының игілігін көре алады.
Қаржылық сауаттылықты заман талабына, технологиялар мен цифрландыру сұранысына сай дамытып отыру үшін мемлекетіміздің берер мүмкіндіктері мол. Мүмкіндіктер қатарына түрлі ұйымдардың және мекемелердің өткізетін тегін лекциялары бар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық назарына жеткізілетін телерадиобағдарламалар, конкурстар, сайыстар тағысын тағы. Алайда, өзімізден де бар, қоғам ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдаланбаймыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, мемлекет тарапынан бірнеше жылдан бері қаржылық саланы цифрландыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге бармай, ұзын-соңар кезекте тұрмай, үйде отырып банк өнімдерінің қызметтерін ала алады. Осындай цифрлы дәуірдің қаржылық салада берер мүмкіндіктері көп. Қаржы саласының қатардағы қазақстандық үшін қажеттілігін анықтау үшін әңгімеге экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Мұратбекұлы Ысқақовты тарттық.
Ruh.kz: Бауыржан мырза, сәлеметсіз бе! Еліміздің бүгінгі қаржылық нарығында халықтың тұтынуына арналған депозиттер аз емес. Тұтыну дәрежесі де жоғары. Екінші деңгейдегі банктердің ұсынатын депозиттерінің түрлеріне толығырақ тоқталып өтсеңіз.
Бауыржан Мұратбекұлы: Елімізде екінші деңгейлі банктердің ұсынатын салымның үш түрі бар, соның ішінде мерзімді, мерзімсіз және жинақ депозиттері. Республикамыздың кей азаматтарына ағымдағы банктік шотты жүргізу ыңғайлы болса, ал қаржы саласында барынша тәжірибелі салымшылар депозиттік сертификатты сатып алуға мүдделі болуы мүмкін.
Депозит қаражатты сақтап қалу үшін ғана емес, сол сияқты алға қойған мақсаттарға да байланысты меншікті қаржы стратегиясын қалыптастыруға көмектеседі.
Мерзімді банктік салым
Салымның бұл түрі мерзімге байланысты– бір айдан бір жылға дейін немесе бірнеше жылға арналған салым. Салым ай сайын немесе тоқсан сайын толығып тұрады, сонымен қатар толықтырылмауы да мүмкін. Дпозиттегі қаражатты ішінара алу талаптары түрлі банктерде әр түрлі. Салымшы мерзім аяқталғаннан кейін депозиттегі қаражатты ала алады немесе депозиттің мерзімін келесі кезеңге өткізіп, ұзарта алады – банкпен жасасқан шартты ұзарта алады. Шарт аяқталған соң салымшы банкке шотты жабу туралы өтініш жасамаған жағдайда,депозиттік шот шарты автоматты түрде ұзартылады.
Егер қаражатты мерзімінен бұрын алу көзделмесе, ал ақша қажет болғанда, онда салымшы шартты мерзімінен бұрын бұзуға құқылы – бұл жағдайда банк ақша сақтаудың нақты кезеңіне байланысты депозит бойынша кірістілікті қайта санайды және салымшының талаптарын алған сәттен бастап күнтізбелік жеті күннің ішінде ақшаны төлейді.
Мерзімсіз банктік салым
Салымшының ағымдағы қаржылық қажеттілігіне қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін мерзімсіз депозит: қаражат салымшының бірінші талап етуі бойынша толық немесе ішінара қайтарылуға жатады, салымшының кез келген уақытта өзіне тиесілі сыйақыны салым сомасынан бөлек алу құқығы бар. Мерзімсі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі, әдетте мерзімді депозиттерге қарағанда төмен.
Жинақ банктік салым
Депозиттің бұл түрі белгілі бір мерзімге – бір айдан бір жылға дейін, немесе бірнеше жылға арналған.
Банктік депозит жинақталған қаражатты сақтауға ғана емес, сонымен қатар меншікті қаржы базасын біртіндеп қалыптастыруға көмектеседі – сондай-ақ, түсінікті мерзімдерде тұрақты сыйақы есептеледі.
Аталған депозиттердің барлығын да, ықтимал депозит ашушылар банк мекемесіне бармай, үйінен немесе жұмыс орнынан аша алады. Ол үшін депозит шотын ашатын банк қызметкерімен хабарласып, электронды түрде шотты ашады. Яғни, цифрландыру заманында, азаматтар еш кедергісіз, кезекте тұрмай, өзіне ыңғайлы уақытта қашықтықтан депозит шотын аша алады.
Ruh.kz: Осы айтылған депозиттердің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болып бөлінуінде пайдалық айырмашылық бар ма?
Бауыржан Мұратбекұлы: Мерзімсіз салымдардың табысы төмен болады, бірақ банк салымшыларға өздерінің депозиттерін қиындықсыз шешіп алуға мүмкіндік береді.
Мерзімді салымдардың “икемділігі” төмен, бірақ табысы жоғары болады.
Салымшылар ең жоғарғы табысты жинақ салым арқылы ала алады, онда ақшаны мерзімінен бұрын алу бойынша жоғары талаптар қарастырылған.
Ruh.kz: Сонда қаражатты сақтау мерзімінің ұзақтығына байланысты пайыздық мөлшерлеме де жоғары болады ма?
Бауыржан Мұратбекұлы: Салымның мерзімі сыйақы мөлшерлемесінің көлеміне әсер етеді.”12 айға теңгелік стандартты салым 12% сыйақы мөлшерлемесімен шектеледі, ал салымның қосымша опциясы бар депозит мөлшерлемені 11%-ға дейін төмендетеді
Ұзақ мерзімді – депозиттік салым мерзімі аяқталғанша, ақшаны шешіп алуға болмайды.
Ruh.kz: Болашақта оқитын оқуына қаражатты жинақтау үшін депозиттің басқа депозиттерден айырмашылығы қандай?
Бауыржан Мұратбекұлы: Баланың болашағы үшін алаңдамаудың тиімді жолы – білім депозитін ашу. Енді бұл іс Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» атты бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Бағдарлама талаптарына сай, әр салымшы банктен 14 пайыз, ал мемлекеттен 5-тен 7 пайызға дейін сыйақы алып отырады.
Ruh.kz: Сонда бүгінгі күннен бастап депозитті ашып, ай сайын 5 000 теңгеден болса да салып тұруға болады ма?
Бауыржан Мұратбекұлы: Әрине ай сайын төлемде ешқандай шектеу көрсетілмеген. Қалаған соманы төлеп отыруға болады.
Ruh.kz: Ата-ананың ондаған жыл бойы балаға деп жинаған қаражатын деволвациядан сақтап қалудың кепілі бар ма?
Бауыржан Мұратбекұлы: Мемлекет тарапынан құрылған қаржы институттарына мемлекет тарапынан кепілдік сомалары қарастырылған.
Ruh.kz: Оқуға жинайтын қаражаттан баспана алуға қажет қаражатқа көшейік. Тұрғын үй жинақ банкінде ашылатын депозит туралы толығырақ түсіндірсеңіз.
Бауыржан Мұратбекұлы: Өткен жылдың мәліметтерінше «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының депозит базасы 30%-ға артты. Банк биыл ұзақ мерзімді салымдар нарығында көш бастап тұр. Банктегі жалпы салым сомасы 477 миллиард теңгеден асады. Барлығы 995 152 депозит бар. Сенім мен табысты басты ұран еткен қаржы институтының салымшылары күн сайын көбеюде. Осы жылдың 2 айында 58 278 адам шот ашыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Яғни күн сайын 2000-нан астам депозит ашылады. Сондай-ақ, қаржы ұйымы елдегі барлық ипотекалық несиелердің 75 пайызына ие. Өткен 9 айда қазақстандықтар үйлі болу үшін екінші деңгейлі банктерден 223 миллиард теңге несие алса, оның 168 миллиард теңгесін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бөлген.
Ruh.kz: Орта есеппен, жас отбасы баспаналы болу үшін депозитті қанша жылға ашу қажет?
Бауыржан Мұратбекұлы: Қазіргі уақытта елімізде ең көп тараған баспаналы болудың жақсы жолы ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінен депозит ашу. Себебі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі өте ыңғайлы. Неғұрлым ұзақ жинасаңыз, несие пайызы да соғұрлым төмен болады. Мысалы, депозитке ақшаны 4 жыл жинаған адам 4,8 пайызбен несие ала алады. Ал жеті жыл жинаған адам 4 пайызбен несие алу мүмкіндігіне ие.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі ең төменгі несие мөлшерлемесі – 3,5 пайыз. Мұндай пайызбен заем алу үшін 10 жыл ақша жинау керек. Бұл жерде де атап кететін нәрсе, сіз жинақ банкінен депозит шотын ашқан жағдайда, оған ай сайын салатын қаражатыңызды дистанционды түрде жүзеге асыра аласыз. Бұл салада да цифрлану сегменті келгеніне біраз уақыт болды. Барлығы да ел азаматтарының уақытын тиімді пайдалануы үшін.
Ruh.kz: Депозитте ақша жинақтап, үй алды, енді бұл несиені мерзімінен бұрын жабуға болатын шығар? Сіздің кеңесіңіз…
Бауыржан Мұратбекұлы: Несиені рәсімдемес бұрын қарызды мерзімінен бұрын өтеу шарттарын тәптіштеп сұрап алыңыз. Себебі бірде-екілі банкте алған қарызды алты айға дейін немесе бір жылға дейін мерзімінен бұрын жабуға болмайтыны туралы талап бар. Осы мерзімде ерте жапсаңыз айыппұл төлетеді. Алайда қазіргі уақытта көптеген банктер мерзімінен бұрын несиені жабуда айыппұлдар төлетпейді. Несиені мерзімінен бұрын жабу үшін, алдымен осы несиені алар кезде, отбасылық кіріс пен шығыстарды отырып есептеген жөн. Мысалы, коммуналдық төлемдер, баланың бала-бақшасына қаражат, қосымша оқуына қаражат, азық-түлік пен киетін киімге қажет қаражат, қазақ болған соң тойсыз болмайды тағы да, той шығындары. Осының барлығын орта есеппен есептеп және үйге кіретін табысты есептеп, бір отбасылық арифметикалық кестені шығару. Міне, осы кестені негізге ала отырып, ай сайын несиені жабуға кететін қаражаттың үстінен тағы да қанша ақша қоса алатынын қарайық. Әрине, қосымша қаражаттар ай сайынғы несие төлеміне қосуға мүмкіндік болса, ол жақсы. Бір сөзбен айтқанда, ай сайын кіретін табыстың мөлшері шығыстың мөлшерінен жоғары болу керек. Барлығына да есеп қажет.
Ruh.kz: Жастар жылы аясында мемлекет тарапынан жас отбасыларға арналған баспанаға қатысты бағдарламалар қандай болмақ?
Бауыржан Мұратбекұлы: Жастар жылы аясында жастарға арнап жылына мың пәтер салынатынын Елбасымыздың жастармен кездесуінде айтқаны мәлім. Үкіметке жас отбасыларға жалға берілетін баспананы көбейтуге пәрмен берді. Жаңа тұрғын үйлер алдымен халық саны миллионнан асатын үш қалада тұрғызылады. Ал, бизнес бастаймын деген қыз-жігіттерге бюджеттен 32 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, бизнестік әлеуметтік жауапкершілігі аясында еліміздің олигархтар мен ұлттық компаниялары бірігіп, стартаптарды қолдайтын қор құру жүйесі шешілетін болса, ол да жастарға үлкен серпіліс беретіні белгілі. Осы жастарға жалға берілетін баспаналардың төлемі төмен. Жас отбасылар осындай жалдамалы пәтерде тұрып, жинақ банкінен шот ашып, алғашқы пәтерлеріне қаражаттарын алаңсыз жинау мүмкіндігі ол.
Ruh.kz: Бұл бағдарламаға ілігу үшін қандай талаптарға сай болу керек?
Бауыржан Мұратбекұлы: Ол үшін келесі талаптарға сай болуы керек:
Қазақстан Республикасының азаматтығы;
– өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік үйінің болмауы;
– өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылдың ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату және тұрғын үйінен айыру дерегінің болмауы;
– Тұрғылықты жері бойынша кредиттік тұрғын үй сатып алудан үміткер азаматтарда тұрғылықты мекенжайы бойынша кем дегенде соңғы 2 (екі) жыл бойы көрсетілген қалаларда тұрақты тіркеуі болуы қажет;
– төлем қабілеттілігін растауы керек.
Ruh.kz: Еліміздегі жас отбасыларға, ата-аналарға қаржылық сауаттылығын арттыру үшін қандай пайдалы кеңес берер едіңіз?
Бауыржан Мұратбекұлы: Нарықтық қатынасты ел болғандықтан біздегі барлық тұрғындардың қаржылық сауаттылығы қалыпты деңгейде болуы керек. Біздің халық көбінесе қаржылық сауаттылықтың аздығынан несие рәсімдеу кезінде, басқа да қаржылық шарттар жасағанда олқылықтар жіберіп жатады. Сондықтан да, барлық ата -аналар үйлерінде балаларына ақшаның қадірін, ысырапсыздыққа жол бермеуді, оны тиімді жұмсауды толықтай айтып отыру керек. Арнайы мемлекеттік органдар тарапынан тегін өткізілетін семинарларға үзбей қатысып отыру керек. Егер қаржылық сауаттылығы жоғары болса, ел тұрғындарының басында проблемалық несие мәселесі деген болмас еді.
Ruh.kz: Сіздің кеңестеріңізді жүзеге асыру үшін қандай әдебиетті оқыған жөн?
Бауыржан Мұратбекұлы: «Квадрат денежного потока» – Кийосаки Р., Шэрон Л. Лектер. «Множественные источники дохода» – Аллен Р.
Ruh.kz: Бауыржан мырза, берген пайдалы кеңестеріңіз бен жауаптарыңыз үшін рақмет!
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ruh.kz