Туризм саласы тұрақты дамып жатқан елдер рейтингінде Қазақстан 62-ші орында
Euromonitor International компаниясы туризм саласы тұрақты дамып келе жатқан елдер рейтингін жариялады. Жалпы тізімдегі 99 мемлекеттің ішінде Қазақстан Ресей мен Түркияны артта қалдырып, 62-ші орынға ие болды деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Мәдениет жән спорт министрлігіне Сыртқы істр министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Туризм саласы тұрақты дамып келе жатқан елдер рейтингінде Швеция, Финляндия жəне Австрия көш бастаса, Ресей Федерациясы 65-ші, Түркия 66-шы сатыға жайғасқан. ТМД құрамындағы елдерден Беларусь Республикасы 26-шы, Украина 30-шы, Грузия 41-ші орын алды. Ал Түркменстан, Тəжікстан, Қырғызстан, Армения мен Молдова рейтингтен тыс қалыпты. Тізім соңында Маврикий (97), Үндістан (98) мен Пәкістан (99) тұр.
Аталмыш рейтинг экология, парасаттылық және жауапкершілік сынды принциптерге негізделген. Сала зерттеушілері тұрақты туризм саламен қатар табиғи ресурстарды сақтауды, қоғамдағы əлеуметтік жəне мəдени құндылықтарды жандандыруды көздейтінін айтады. Туризм саласын тұрақты дамытудың мақсаты – экономикалық өсу және болашақ ұрпақ үшін экологиялық игіліктерді сақтау арқылы халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына қол жеткізу.
Айта кетейік, Euromonitor International компаниясы ғаламдық нарықты тұрақты бақылап, стратегиялық зерттеулер жүргізеді. Өз кезегінде бұл зерттеу нəтижесі халықаралық компаниялар, шағын жəне және орта бизнес өкілдері үшін сенімді ақпарат көзі саналады.