Ұйғырдың «Идикут» романы тұңғыш рет әзербайжан тіліне аударылды
Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен еліміздегі ұйғыр әдебиетінің ірі өкілі, белгілі жазушы, драматург Ахметжан Аширидің «Идикут» романы Әзербайжан Республикасында жарық көрді. Шығарманы әзербайжан тіліне тәржімалаған жазушы-аудармашы Талех Мансур.
Кітаптың алғысөзін жазған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев қазақ пен ұйғыр халқы арасындағы достық қарым-қатынастарды баяндай келе, ұйғыр жазушылары Зия Самеди, Хизмет Абдуллин мен туынды авторы Ахметжан Аширидің шығармашылығы жөнінде сөз қозғайды. Ұйғыр әдебиеті өкілдерінің Қазақстанның бірлік пен ынтымағын сақтап, түркітілдес елдердің мәдениет және өнер саласындағы байланыстарын нығайту жолында сіңірген еңбектерін атап өтеді. Сондай-ақ кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі, қоғам қайраткері Ахметжан Шардиновқа, Әзербайжандағы Дүниежүзілік жас түрік жазушылары одағының төрағасы Акбар Қошалыға ризашылық білдіреді.
Ал Бакуде тұратын өнертанушы-ғалым Сәнубәр Хаджиева-Ілияслы кітаптың сүйінші данасын оқып шығып, «Идикут» – Әзербайжан тіліне аударылған ең алғашқы ұйғыр романы» дей келе, шығарма өзегіне түсініктеме береді.
«840 жылы Орхондағы ұйғыр мемлекеті ыдырайды. Өге Текин біраз уақыттан кейін мемлекетті қайта қалпына келтіреді. Алайда қытайлар шабуыл жасап, сол кезде билікте болған соңғы хан ІІ Касардың ағасының ұлы Пан Текиннің және бас уәзір Сарчуктың басшылығымен 15 ұйғыр тайпасы Тянь-Шань тауының шығысына қарай беттейді. Мұнда олар екі бөлікке бөлінеді. Олардың бір бөлігі – Пан Текиннің басшылығымен солтүстік-шығысқа өтіп, 5 ауданнан тұратын Бешбалық қаласын салады. Уақыт өте келе қала гүлденеді. Бұл жердің билеушілері «Идикут» деп аталған.
Кітапты қызықты ететін тағы да бір әсерлі жайт, сол кездегі тарихи көрініске негізделген ақпарат көп кездеседі. Туындыны оқи отырып, ұйғырлардың тарихымен қоса, моңғолдардың да тарихына, мәдениетіне, киім кию дәстүріне, наным сенімдеріне және басқа нақты деректерге куә боламыз. Сондықтан тарихи шындыққа негізделген «Идикут» романы Әзербайжан мемлекетінде де өз оқырманын табады деп сенеміз» дейді.
Жинақтың таныстырылымы алдағы уақытта Бакуде және Алматы қаласында жүзеге асады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Баспасөз қызметі