Ұлттық әліпби қандай болу керек?
Әліпби түзу өте күрделі үдеріс. Тілдік реформа барысында әліпби реттеген не түбегейлі өзгерткен елдердің тәжірибесін ескерсек, бекітілген әліпбилеріне бір емес, бірнеше рет түзету жұмыстарын жүргізгені байқалады.
Бұл реформа барысында болатын табиғи процесс. Себебі белгілі бір теориядағы жаңартпа тілге, яғни тәжірибеге енгізілгенде кемшін және артық тұстары анық байқалады. Мысалы, А.Байтұрсынұлының түзген әліпбиі бойынша 1928 жылы дәйекше негізіндегі латын әліпбиі мақұлданып, алғашқы оқулықтар сол әліпбимен басылды. Бірақ жазу тәжірибесі көрсеткендей, латын жүйелі жазуға араб жүйелі жазудың элементтерін енгізу болмайтындығы, оның көзшалым мен қолдағды үшін қиындық тудыратыны байқалып, 1929 жылы «1 әріп – 1 дыбыс» ұстанымы негізінде әліпби қабылданғаны тарихтан белгілі. Қазіргі кезде тарихтағы бұл тағылымға байланысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары әліпби түзудің бірнеше принциптерінің ішінен «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінде латын негізін сақтау принципі» деген ұстанымды белгіледі.
Әліпбидің дұрыс түзілуі үшін тілдік және тілдік емес жағдаяттар, заңдылықтар ескерілуі керек. Тілдік заңдылықты жалпы және ішкі деп қарастыруға болады. Қазақ тілінің жалғамалы тіл екені, оның тіл үндесім заңдылығы арқылы іске асатындығы жалпы заңдылық деңгейінде көрінсе, ішкі заңдылықтар фонетикалық, грамматологиялық, лексикалық, грамматикалық деңгейде көрінеді. Ал тілдік емес дегеніміз – қазіргі кездегі тілді орта, тілдік және қоғамдық сана, әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерге табан тірейді.
Қазіргі кезде қазақ тілінің болашағына бей-жай қарай алмайтындар мерзімді басылымда, әлеуметтік желіде болсын болашақ латыннегізді қазақ әліпбиін ұсынып, қабылданған әліпбиге өзінің көзқарасын білдіріп жүр. Бір жағынан бұл қуантарлық, бірақ ұсынушылардың көпшілігі әліпби реформасының негізгі мақсаты мен әліпби түзудің негізгі ұстанымдарын білмей, тілді не компьютерге, не белгілі бір тіл ыңғайына бұрады. Компьютерге ыңғайланған әліпби тілді бұзады, ал басқа тіл ыңғайлана бейімдеп жасалған әліпби «Ұлттық әліпби» бола алмайды.
Қазақтың алғашқы реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы «әліпби тілге шақ болу керек» деген. Шынында да, әліпби тілдің барлық ішкі мүмкіндіктерін қамти алып, тілдің ұлттық сипатын бере алуы тиіс. Сондықтан ұлттық әліпбиді ең алдымен тілтанушы ғалымдар, оның ішінде тілдің барлық жүйесін білетін мамандар жасаған абзал. Сонымен қатар әліпби түзу барысында грамматолог ғалымдардың пікірін де ерекше ескеру қажет деп білеміз. Себебі орфография мен әліпби байланысты категориялар. Әліпби дұрыс құрылмаса орфографияға да өз әсерін тигізеді. Мысалы, бекітілген әліпбиде «екі әріп – бір дыбыс» принципіне сәйкес алынған ш және ч әріптерінің латынша таңбалануы sh, сh жазуда қиындық туғызатыны анықталды. Мысалы, shashtaraz, ashana сияқты сөздердің жазылымы қазақ тілінің дыбыс тіркестімділігі мен орфография саласын ескермеуден туындап отыр деп айтуға болады. Яғни, бұдан әліпби жасауда әрбір әріптің қай әріппен қай позицияда тіркесетіні, мүмкіндігінше омограф тудырмайтындай болуы ескерілуі тиіс.
Әліпби түзу теориясында қазақ тілін тұтынушылардың санасында жеке әріптердің графикалық портреті психобейнемен сәйкес келуі де ұстаным ретінде көрсетілген. Бекітілген әліпбиде ұ, ү, у үшін алынған латыннегізді әріптер сәтсіз таңдалған деп айтқымыз келеді. Себебі жазарман үшін бұл әріптерді тану және есте сақтау күрделі. Мысалы, бекітілген әліпбиде ұ үшін u таңбасы берілген. Бірақ жазарман /ұ/ үшін латынның /ú/, /ý/ немесе /ū/ таңбаларының біреуін таңдайды. Бұл бекітілген әліпбидегі кейбір әріптер жазарманның психобейнесіне сәйкес еместігін көрсетеді. Біздіңше, қазақ тіліндегі /ұ/-ға латынның ū таңбасы лайық. Бір жағынан, бұл таңба 1938 жылы қабылданған «жаңартылған әліпбиде» қолданылған және кирил графикасына көшкен алғашқы жылдарға дейін бұл әріп кескіні біздің жазу тарихымызда болған, ал жіңішке /ү/ үшін ú әрпі ыңғайлы. Себебі бекітілген әліпбиде өзара ұқсас тірек дауыстының жіңішкесі акут арқылы ерекшеленеді. Мысалы: а – á, о – ó, u – ú. Ал /у/ үшін латын стандартына сәйкес u таңбасын қабылдаған дұрыс деп ойлаймыз. Сонда халықаралық және интернацияоналдық атаулардың жазылымы түпнұсқасынан ауытқымай, графикалық суреті сақталып, сөзді тануға оңай болары сөзсіз.
Латын графикалы қазақ жазуы үшін бір әріп – бір дыбыс принципін ұстану тиімді. Айта кетерлік жайт, қазіргі бекітілген әліпби «1 дыбыс – 1 әріп», «2 әріп – 1 дыбыс», «1 әріп – 2 дыбыс» принципін ұстанған. Біздіңше, ұлттық әліпби екі, үш принципке және әртүрлі жүйені (полибағытты әліпби), басшылыққа алса, тілдің ауызша және жазбаша формасына әсерін тигізіп, оқылым мен жазылымды күрделенеді. Ал қазақ тілінің тілдік табиғаты монобағытты әліпбиді қажет етеді. Монобағытты деп отырғанымыз, «1 әріп – бір дыбыс». Бұл принцип бойынша мағына ажырататын тілдік бөлшектер белгілі бір әріп арқылы таңбаланады. Ал мағынаға қызмет етпейтіндерге әріп арналмайды. Сонда қазіргі қазақ әліпбиіндегі бөгде тілдік элементтер мен ұлттық элементтер өзінен өзі сұрыпталады.
Қорыта айтқанда, бұрынғы тарихи тәжірибелерді, түркі тілдес халықтар тағылымын ескерер болсақ, болашақ ұлттық тілдің өміршеңдігін тек «1 әріп – 1 дыбыс» принципі қуаттандыра алады. Сондықтан бекітілген әліпби тағы қаралып, әріптерді көру арқылы қабылдауға, оқу мен жазуға ыңғайлылығы ескеріліп түзетіледі деп сеніміз.
Н.Әміржанова
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері