Мақала

Ұлттық ойындардың бала дамуы мен тәрбиесіне тигізер ықпалы қандай?

Фото: el.kz

«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» - деп Абай Құнанбайұлы атамыз айтқандай әр баланың даму, қалыптасу жолында ойындар үлкен қызмет атқарады. Әрі жас баланың мына өмірге үйренісіп, қалыптасуының алғашқы қадамдары ойын арқылы жүзеге асады. Түрлі ойындар, образдар арқылы қиялы, ойлау жүйесі дамиды. Өмірді тануға, қоғамға бейімделуіне, тұлғалық қабілеттері мен психологиялық ерекшеліктерінің қалыптасуына әсер ететін ойындар арқылы бала тәрбиеленеді.

Педагогика саласында жас баланың ойнайтын ойындарына үлкен мән беріледі. Балалық шақтағы ойлау жүйесі мен оқиғалар адамның өмірлік сценарийіне тікелей әсер етеді. Бұл өте маңызды факторлардың бірі болғандықтан ойындарды зерттеу жұмыстарымен тек педогогтар ғана айналыспайды.Бұл тұрғыда психологтар, философтар, жазушылар мен тарихшылар, этнографтар секілді түрлі ғалымдар өз үлестерін қосып отырады. Ал, «балалар-еліміздің болашағы» деп санайтын біз үшін оның әуел бастағы алғашқы қадамдарына баса назар аудару кезек күттірмейтін жұмыс екені анық. Жалпы, ойын ойнау арқылы балалар жан жақты өсу, қалыптасу этаптарынан өтеді. Соның ең негізгісі деп ойынның тәрбие құралы бола алатындығын атап өтпеуге болмайды. Ол ақыл ойды кеңейтеді, баланың сөздік қорының баюына септігін тигізеді. Өмір, қоғам, айналасындағы адамдардың ұстанымдарына бейімделіп, тәрбие алады. Ойын арқылы оны іс жүзінде өзі сынап көріп, кейін өмірлік жолына еніп кетуіне жол ашады.

Баланың бойында ерік-жігері қалыптасуына, өзіндік мінез-құлықтарының ашылуына, белгілі бола бастауына  оның ойнайтын ойын түрлері тікелей көмектеседі. Ұжымдық ой-санасы беки түседі. Сонымен қатар, ойын – нағыз эстетикалық тәрбие беру құралы. Әрі физикалық күшінің жетілуі мен еңбекке баулу бағыттарын да қалыс қалдырмайды. Яғни, ойындар тек қана баланың бойын сергітуден бөлек оның таным- түсінігі мен өмірдің барлық салаларына бейімдей түсетінін айта кету керек.

Қазақ халқы бұрыннан ойындарды тек балаларды алдаусырататын, іш пыстырмайтын құрал деп қана емес, олардың қалыптасуына  тікелей әсер ететін дүние екенін жақсы білген. Сол себептен, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай оларды түрлі ойындармен ойнатып, дамуына септігін тигізіп, әсер етіп отырған. Батырлар жырында, дастандарда осы ұлттық ойындардың көрінісі, бала тәрбиесіндегі рөлі анық байқалады. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» , «Ертөстік» секілді кейіпкерлердің бала күнінен ойындар мен жарыстарда белсенді болғандығы айтылады. Ұлттық ойындарда жеңіске жете жүріп, өздерінің шабандоз екенін дәлелдеген. Көзбен дәлдеу, нысанаға дөп тигізу қабілеттерін дамыту арқылы мергендіктерін арттырған. Күресіп, аударысып ойнау арқылы нағыз палуандық өнерлерін дамытқан. Яғни, ойын ойнап жүріп олар үлкен өмірге дайындалған, қазіргі тілмен айтқанда бала күнінен жаттыққан. Жаугершілік заманда батырдың бойына керек қабілеттерін жастайынан ойын арқылы дамытып, бейімдеп отырған.

Бұрынғы замандарда тек қана батырлық, күшке байланысты ойындардан бөлек өнер-білімге, шешендікке байланысты ойындар да болған. «Аударыспақ», «асық ату», «садақ ату» секілді ойындардан бөлек «жұмбақ айтыс», «тоғызқұмалақ», «күлкі ойыны» , «санамақ» секілді ойындар балаларды басқа да қырларынан дамытып отырған. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін атам қазақтың салтымен баланың бойынан барлық салаларды дамыту мақсатында жан-жақты бағытты ұстап отырған. Бұл ойындар өте ерте заманда пайда болып,сан ғасырлар бойы сұранысты жоғалтпай келген. Бір қызығы, ойындар өз ерекшелігіне сай әртүрлі қабілеттерді шыңдап отырған:

  • «Ақсүйек» ойыны балаларды қырағылыққа, шапшаңдыққа

батылдық пен ептілікке үйреткен;

  • «Тоғызқұмалақ» ойыны баланы логикалық ойлауға, есептеуге,

Аналитикалық ойлау жүйесін дамытуға көмектескен;

  • «Жұмбақ айтыс» ойыны шешендікке, суырып салмалыққа,

домбыра құлағында шебер ойнауға, процессті назарда ұстауға, байқампаздық пен белсенділікке баулыған.

Ерте заманда пайда болып, бүгінге дейін жеткен ойындардың бірі-«Ақ серек, көк серек» ойыны. Бұл ойын балалардың көңіл-күйін көтеріп, оларды белсенділік пен жылдамдылыққа тәрбиелейді. Ашық алаңда өткізілетін бұл ойында балалар екі топқа бөлінеді. Жеребе бойынша ойынды қай топ бірінші болып бастайтындығы анықталады. Алғашқы топ хормен әндетеді:

«Ақ серек, көк серек

Бізден сізге кім керек?!»

Екінші топ өздері ақылдасып, жауап береді:

«Ақ серек, көк серек

Бізге мұнда Нұрбек керек»...

 Аты аталған бала екпіндеп жүгіріп келіп, екінші топтың ұстасып тұрған қолдарын үзіп өтіп, жеңіске жетуі керек. Жеңіске жетсе сол топтағы бір баланы өз тобына қосып алады. Егер, үзіп өте алмаса өзі де сол тапта қалып қояды. Ойын осылайша кезекпен жалғаса береді. Қай топ ойыншыларынан көп айрылып қалған болса, сол топ жеңіледі.

Балалардың ойынында көбіне өлең мен тақпақтар жиі кездеседі. Бұл олардың есте сақтау қабілетін жақсартуға, шығармашылық қырларын шыңдауға көмектеседі. Жарыс ойындарда жеңілген топ немесе ойыншылар өз өнерлерін көрсетіп, айып өтейді. Сондай кездерде де өз өнерлерін ортаға салып, тақпақ айтатын болған. Кей кездері ән айтып, би де билеп беретін болған. Бұл сол ойыншының қай нәрсеге бейім болғанына да тікелей байланысты. Бүгінгі таңда да ауыл балалары бұл ойынды ұмыт қалдырған емес. Танымал әрі қолданыста жүрген, сұранысқа ие ойындардың бірі де бірегейі деп айтсақ артық емес.

Ғалым Ә.Диваев өзінің «Қазақ балаларының ойындары» атты туындысында бала дамуының 3 түрлі кезеңін атап өтеді. Ұлттық ойындар да жас ерекшеліктеріне сай 3 топқа бөлінген:

  • 7 жасқа дейінгі балаларға «санамақ», «соқыр теке», «тәй-тәй»,

«айгөлек», «қурырмаш» секілді ойындар;

  • 7-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге «сиқырлы

қоржын», «бәйге», «орамал тастамақ», «ханталапай», «асық» және тағы да басқа ойын түрлері;

  • 15-20 жастағы бозбалалар мен бойжеткендерге «ақсүйек»,

«көкпар», «қыз қуу», «теңге алу» секілді шеберлігі мен шыдамдылығы бар адамдарға ептілік пен естілікті қажет ететін ойындар.

Бүгінде бала дамуының ең маңызды кезеңдерінің бірі 3-5 жас екендігі жиі айтылып жүр. Балалар бұл кезде балабақшада тәрбиеленіп, өз қатарымен бірге өсіп жатады. Әсіресе, осы тұста түрлі ойындар арқылы баланы жан жақты дамытудың маңызы зор. Бұл тұста ұлттық ойындарға да баса назар аударылып келеді. Қазақи құндылықтар мен заманауи сұранысты ұштастыра отырып, балабақшадағы балапандарға түрлі ойындар ойнатуға болады. Соның бірі «Қамшы» атты ойын. Шеңбер жасап тұрған бір топтың балалары үшін қызық өтетіні сөзсіз. Музыка қосып, қамшы шеңбер құрап тұрған балалардың қолынан қолға кезекпен өтеді. Музыка тоқтаған тұста қамшы қолында қалған баланың оң және сол жағындағы балалар жүгіріп келіп, қамшыны алу керек. Кім бірінші алса, сол жеңімпаз атанады. Тура осындай ойындардың бірі «Лақтар мен Қасқыр» ойыны. Бұл жерде санамақ арқылы бас кейіпкер болатын қасқырды таңдап алады. Арасына біршама жер салып өріс пен қораның орнын сызу керек. Алдымен, балалардың барлығы лақ болып, қораның ішінде тұрады.

«Бөрте, бөрте, бөрте лақ,

Бөрте лақ тым ерке-ақ.

Кетесің кейде секеңдеп,

Байламаса көкем кеп» - деп хормен балалар тақпақ айтады. Осы тақпақты айтып болған соң бәрі көш болып, өріске қарай жүгіреді. Сол кезде қасқыр оларды қуа жөнеліп, лақтарды ұстайды. Қасқырға ұсталған лақтар ойыннан шығып отырады. Соңында қасқырға ұсталмаған лақ жеңіске жетеді. Бұл ойын да өз кезегінде балаларды ширатып, жылдамдыққа тәрбиелейтін, ситуацияны бағамдай алатын қабілетін дамытушы ойын. Ал,  «Санамақ» секілді ойын арқылы балабақша балаларын сандарды тануға, математикаға, реттілікке бейімдейді.

Қазақтың «баланы ойын өсіреді» деген сөзі тектен текке айтылмаған. Дұрыс ойын ойнай жүріп балалар шынығады, сергек болады, ой өрісі дамиды. Ойындар арқылы олардың айналасы, өскен ортасы, ұлты, діні, елі туралы алғашқы түсініктері  мен сезім, сенімдері қалыптаса бастайды. Қатарластарымен араласып, бір-біріне тез үйренісіп кетуіне жол ашылады. Ал, осы тұста ұлттық ойындарға баланы баулуды да ұмытпау керек. Педагог В.Сухомлинский өз еңбектерінің бірінде «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз,шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деген ойды ашық айтады. Яғни, баланың ой санасы ұлттық тәрбие мен құндылықтарды сіңіру арқылы кемелдене түспек.

Ұлттық ойындар ойнаған кезде балалар алдымен белсенді қимыл-әрекет арқылы физикалық тұрғыдан дамиды. Одан бөлек, ұлттық ойындардың мазмұны мен табиғаты балалардың ата жұрты мен ұлтының түсінігіне, ерекшелігіне бейімделеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Ең азы бала кезден домбыра мен түскиіз, құрақ, асық, ою, қамшы секілді түсініктерді таныс өсетін болады. Ал, болашақ ұрпаққа тек білім беріп қана боймай ана тілін үйретіп, салт-cана мен дәстүрімізді терең түсіндіріп, оның жалғасуына әрекет жасаудың мән мағынасы зор.

«Баланы ойын – өсіреді» деген даналық сөз тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңіл өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы таным-түйсігі қалыптасады. Өздерінің құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Ойындар сабақ мазмұнына сәйкес алынып, жеке және топтық жұмыстар жүргізуде алға қойған мақсатқа жеткізіп нақты қорытынды алуға көмектеседі.Жас ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндетті шешуге мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиенің орны ерекше. Олар өмір есігін жаңа ғана ашқан жас буындар денесінің, ақыл-ойының, сана-сезімінің дамуына, адамгершілік қасиеттері мен эстетикалық талғамның қалыптасуына жағдай жасайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button