Жаңалық

Z – ҰРПАҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОСПЛЕЙ

Американың Сан-Диего қаласынан 1970-жылдан бастау алатын Comic-Con International  фестивалі біздің елге ресми түрде осы жылы келіп, өзін таныстырды. Бұл қандай фестиваль? – деген сұрақтың жауабын табу үшін маусым айының басында елордамызда өткізілген Comic-Con Astana фестиваліне аяқ бастық.

Бас қаламыздың сол жағалауында орналасқан Конгресс центр ғимаратына кірген кездегі алғашқы әсер «wow!» болды. Ұйымдастырушылар фестиваль қонақтары үшін ерекше естеліктер мен эмоцияларды сыйлау үшін бар күштерін салған секілді. Аппақ жарыққа оранған ғимараттың ішінде ниндзя-тасбақалары, микки маус, Spider man, Iron man, Гарри Поттер, Наруто, комикс ханшайымдары және біз танымайтын көп кейіпкерлер алдымыздан шықты. Жарқын, жарық костюмдерді киген фестиваль қатысушылары елдің назарын өздеріне аударта білді.

Ерекше кешке қонақ болып келген жас отбасылар, мектеп оқушылары, студенттер мен жастардың эмоциялары мен көңіл-күйлері көтеріңкі. «Ерекше ұйымдастырылған фестиваль! Бізге ұнады!» – деп екіауыз сөз айтып үлгерген оқушы қыздар өздерінің сүйікті кейіпкерін көріп қалып, сол жерге қарай бет алды.

Ал біздің назарымыз ғимараттың ішіндегі басты сахнаға ауысты. Сахнада косплей (костюмдер конкурсы) конкурсы өтіп жатты. Әртүрлі комикс пен мультфильмнің, кино мен сериалдың, видео ойын мен фэнтези әдебиеттің кейіпкерлері болып киінген қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті. Әр қатысушының үстіне киген костюмі өз қолымен жасалған тың дүние. Арасында қолына ара ұстаған «қанды адам», шығыс батыры, аниме сұлулары, айдаһар мен жауынгер әйелдер де бар. Өз сүйікті кейіпкерінің образына кірген қатысушылардың кім екенін білу үшін сахна сыртына бет алдық.

 

Сахна сыртында түрлі образдарға енген жастарды біріктіретін Косплей жас субмәдениет. Косплей ағымы Жапония жерінде дүниеге келген. Бір сөзбен айтқанда, Косплей қатысушылары таңдаған кейіпкердің образына 100% еніп, оны сахнаға алып шығады. Косплейге қызығушылық танытқан жастар өздерінің актерлік шеберлігін, тігіншілік және басқа да қолданбалы өнерде шеберліктерін дамыта түсіреді.

Келген қонақтар алдында ерекше костюмдерін жаңа ғана көрсетіп болып, ішкі толғаныстарын әлі де баса қоймаған конкурс қатысушыларын әңгімеге тарту үшін оларға бірнеше сұрақ қойдық.

1.     «Өзіңізді таныстырып өтіңізші»;

2.     «Жасыңыз нешеде?»;

3.     «Образыңызбен таныстырыңызшы».

БАТЫР:

«Қайырлы күн! Есімім – Батыр! Конкурсқа қатысу үшін Алматы қаласынан келдім. Жасым 24-те. Мамандығым – архитектор. Бүгінгідей образдарға ену және де әртүрлі кейіпкерлердің қоғамға деген көзқарасын жеткізу қызығушылығыма тура сегіз жыл. Менің бүгінгі кейіпкерім компьютерлік ойындардың және қорқынышты фильмдердің кейіпкері. Есімі – Пирамид Хэд. Яғни пирамида және бас деген сөздердің қосындысы. Өзіңіз байқағаныңыздай оның басы пирамида тәріздес. Бұл кейіпкер өз ортасында барынша танымал. Пирамид Хэдті бұндай конкурстарда көп көрсете бермегендіктен, олқылықтын орнын толтырғым келді. Кейіпкерімнің сыртқы келбеті қорқынышты болғанымен, оның ішкі философиясы терең. Ұғыну керек. Косплей конкурсына қатысуым алғаш рет болғанымен барлығы да ұнады!»

ДМИТРИЙ:

Менің есімім Дмитрий. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын. Жасым 17-де. Колледждің екінші курс студентімін. Менің бүгінгі қызығушылықтарым оқуыма кедергі емес және оқу үлгерімім жақсы (күлді). Сондай-ақ болашақта таңдауым түскен мамандығым бұл хоббиіме еш кедергі болмайды деген ойдамын. Образға енген кейіпкерімнің белгілі бір есімі жоқ. Жиынтық образ десем де болады. «Зейнеткер рейнджер» – осылай атайық. Кейіпкерім «Жаңа Калифорниялық Республика» атты видео ойыннан. Бұл видео ойынның фаллаут кеңістігіне қызығушылығым осыдан төрт жыл бұрын басталған еді. Жалпы, кейіпкерім өте позитивті. Оның санасында бостандық үшін күрес, әділдік үшін тартыс және де адамзаттың сақталуына арналған ой-пікірлер көптеп кездеседі. Менің ойымша, агрессия мен дүние үшін шайқас орын алған әлемде осындай батырлар қажет!»

ДИАС:

«Менің есімім Диас. Еліміздің бас қаласының тұрғынымын. Жасым 15-те. Мектептің жоғарғы класс оқушысымын. Конкурсқа қатысуым алғаш рет. Көңіл-күйім өте ерекше! Тамаша! Фестивальға келген келушілердің барлығы да менімен суретке түсу үшін кезекке тұруда. Бұл керемет қой! Мен «Айдаһарды қалай қолға үйретуге болады?» мильтхикаясындағы Иккинг кейіпкерінің образындамын. Образды таңдауда көп қиналмадым. Иккингтің шаш үлгісі менің шаш үлгіме ұқсағандықтан таңдадым (күлді). Шыны керек, кейіпкерім менің ішкі дүниеме жақын. Оның жаңашылдыққа ұмтылуы және де жол бойында кездесетін кедергілерге төтеп беруі маған қатты жақын. Өзім де сондай адамдардың қатарынанмын. Алғашқы образыммен бірге алғашқы конкурсқа қатысып отырмын. Алдағы жоспарда халықаралық деңгейге шығып, бағымды сынау тұр. Барлығына уақыт енші».

КИРА:

«Есімім – Кира. Конкурсқа қатысу үшін Алматы қаласынан келдім. Жасым 25-те. Мамандығым – қытай тілінің оқытушысы. Жұмысым мен өмірлік қызығушылығымды араластырмаймын. Сол себепті бірі екіншісіне кедергі емес. Мен видео ойындардың ең сұлу кейіпкері Дивамын. Образды таңдау себебім Диваның сұлулығы мен оның ерекше костюмі. Образды жақсы көрсету үшін костюмді алдын ала дайындадым. Маталарды және көзіме киетін линзаларды арнайы тапсырыспен алдырттым. Өз қолыммен бірнеше апта бойы тіктім. Бұл қызығушылығымның бастау алғанына көп бола қойған жоқ. Сол себепті сахнаға шыққанда қобалжу бар. Шамалы тәжірибе жинасам, алдағы жылдары халықаралық конкурстарға да қатысқым келеді».

СИТОРА:

«Мен – Ситорамын. Алматы қаласының тұрғынымын. Жасым 24-те. Мамандығым – дизайнер. Өзім творчествоға жақынмын, таңдаған мамандығым мен өмірлік қызығушылығым да бір-біріне жақын. Бұл қызығушылығымның бастау алғанына биыл тура он жыл болды. Кейіпкерім – компьютер ойнындағы Legion Commander. Өте көлемді костюмдерді ұнатамын. Сол себепті бүгінгі образым осындай. Костюм өте көлемді, соған қарамастан оны өз қолыммен жасадым. Үйде анам мен әкем мені қолдады. Жалпы, ата-анам менің халықаралық деңгейдегі конкурстарға қатысқанымды қалайды. Жақын болашаққа жоспар құрудамын».

Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын қоғамның қызығушылығы да өткен жылдардың еншісінде қала береді. Бір кездері жас буынның қызығушылығы теледидар алдында отыру болса, соңғы онжылдықта бұл бағыт мүлдем басқа арнаға келіп құйды. Жанына жақын кейіпкердің образына ену, оның бойындағы жақсы қасиеттерді барынша ашып көрсету, өте күрделі костюмның бірде бір элементін қалт етпей өз қолыңмен жасап шығу. Осының барлығы да бүгінгі жастардың, соның ішінде технологиялар мен фантастика жанры жанашырларының өзгеше әлемі. Жастар өзіне ұнаған кейіпкердің дәл образын сомдай қоюмен қатар, қазіргі уақытта пайдалынатын заманауи технологиялар мен коммуникациялардың қыр-сырын жақсы меңгерген. Z – ұрпағының өмірге деген көзқарасы мен әлемді өзгертеміз деген ойлары туралы өткен мақаламызда https://ruh.kz/kz/news/olar__z_urpagi/ айтқан болатынбыз. Бұл ағымдағы жастардың қоғамға зиянынан көрі әкелер пайдасы көп деп сенеміз.

                                                                                                                                         Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button