Түркістан облысы

Ақсүмбе қарауыл мұнарасы ХІІІ-ХІҮ ғғ

Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылына бара қалсаңыз ауылды көріп болмастан бұрын сонау алыстан «Мен мұндалап» тау етегінен 200 метрдей жоғары биік жотаның төбесіне орналасқан мұнара көзіңізге түседі. Бұл – сонау ХІІІ ғасырда моңғол қағаны Мөңкеге бара жатып, жолай осында қосын тіккен Армения патшасы Гетум І-дің тамсана қараған немесе Дешті Қыпшаққа жорық жасап, қайтарында басына келіп, Ақсақ Темір құранын бағыштаған қасиетті де киелі мекен – Ақсүмбе қарауыл мұнарасы.

Ақсүмбе мұнарасын ХІІІ ғ. Дешті-Қыпшақ тайпасы қарауылдық мұнара ретінде салғаны жазылған. Мұнара биік жерде орналасқан. Мұнараның о бастағы биіктігін 26, ені 14 м болған дейді. Қазіргі сақталған биіктігі шамамен 12 метрдей, лай қыштардан тұрғызылған. Жалпы іргетасының диаметрі 14 метр болса, бүгінде қалғаны – 9 метр. Ішіндегі лайдан құйылған сатылары шайылып, тек орындары байқалады.

Ақбикеш туралы ел аузында бірнеше алыпқашпа әңгіме-аңыз бар. Бірінде Ақбикеш ертеде есімі ел құлағына шалынған ерке қыз болған екен. Қосыла алмаған ғашығын осында жерлеп, қырық жыл қайыр тілеп, басына осы күмбез мұнараны соқса, екіншісінде Алшын руының аяулы қызы екен дейді. Ел шетіне жау тигенде алты ағасымен қатар аттанып, қанды жорықта ел азаттығы үшін жау қолынан мерт болыпты. Халқы оны ардақтап, арулап төбе басына жерлейді де, есімін мәңгі есте сақтау үшін және моласын ашып, жаулары денесін қорлай алмастай етіп үстіне осы мұнараны тұрғызған екен. Ендігі бір аңызда, тосыннан болған шапқыншылықтан әбден мезі болған халықты сақтандыру үшін арнайы соқтырған Ақбикеш атты қыздың хабаршы-шабарман тұратын қарауылханасы екен.

Ел арасындағы әңгімелер мен жазба деректер Ақсүмбе мұнарасында төрт терезе (солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс)мен төбесінде от жағып хабар беретін тегістік жай болған деседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button