Түркістан облысы

Сауран қалашығы ХІІІ-ХҮІІІ ғғ

Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі.

Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария албындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған.

Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам дінінің тарауына ықпал еткен. Сауран ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйреген. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.

1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған.

Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан “сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VI-XIII  ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі XIV-XVIII ғасырларды алып жатыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button