Түркістан облысы

Таңбалы тас б.з.д. 5 мыңж. – б.з. ХҮІІ ғ

Созақ өңірінде тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Таңбалы тас туралы тұжырым қазақтың дара ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан табылған: «Бетпақ шөлінде таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тасқа барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі», – депті  шежіреші. Әлкей Марғұланның жазбаларында да таңбалы тас туралы деректер бар. Ол: «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарқын түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне қалдырған белгілері», – деп жазады. Осы орайда таңбалы тасты 1840 жылы ресейлік ғалым А.И. Шренк зерттегені еске оралады. Шренк: «Таңбалы тастың зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері», – дейді. Жазбаларға үңілсек, тайпалардың атақты билері мен батырлары осы жерде кеңес құрып, елді қоныстандыру мәселесін шешіп отырған. Әр тайпаға арнап таңба берілген. Сол таңба тасқа түскен. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың да таңбалы тасқа табаны тиген. «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы – таңбалы тас өңірі» деп тұжырымдайды академик атамыз. Ал жазушы Ілияс Есенберлин: «Керей мен Жәнібек хан тұсында қазақ рулары Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздің жүйесін жасап, Асан қайғының үйғарымымен таңба үлестірген» деп жазады.

Таңбалы тастарда жас мемлекеттің іргетасын қалап, тайпа көсемдері ел бірлігі үшін келісім жасайтын киелі сәтті айқындайтын жазу бар: «Қыпшақ, найман, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын, иллаһи кар рәсиге һамиша хайа рахмет қыл сен алтауын» (О, ием, үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр»), 1456 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button