Сұхбат

Кісілік пен кішіліктің үлгісі болған Жігіткер Тумырзаұлы

Біздің қоғамда әр адамның өз орны бар. Елге жасаған қызметімен абыройға бөленіп, замандастары арасында сыйлы бола білген жандар қаншама? Сондай азаматтардың бірегейі журналист, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жігіткер Тумырзаұлы Байтелесов еді. Осы орайда Ruh.kz сайтының тілшісі Жігіткер Тумырзаұлы жайлы әріптестерінің жазған естеліктерін оқырман назарына ұсынады.

Жігіткер Тумырзаұлы Байтелесов еді. 1958 жылы 19 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің 1980 жылғы түлегі, мамандығы – журналист.

Еңбек жолы Іле аудандық «Путь Ильича» газетінде басталды. Газетке бастапқыда тілші ретінде орналасып, кейіннен сол жерде бас редактордың орынбасары қызметіне көтерілді. Қазақ телеграф агенттігінде (КазТАГ, қазіргі Қазақ ақпарат агенттігі) жұмыс жасады. 1987 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне қызметке қабылданады.

1996-2000 жылдары Мәжілісте Төрағаның хатшылығы қызметін басқарды. 2000-2004 жылдары Мәжіліс Аппараты Ақпараттық-талдау орталығы директорының орынбасары, Баспасөз қызметінің басшысы лауазымдарында жұмыс жасады. 2006-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінде бас сарапшы ретінде, одан 2012-2015 жылдар аралығында депутат көмекшісі болды. Ал бұдан басқа кезеңдерде,  сондай-ақ өмірінің соңына дейін Мәжілістің Баспасөз қызметінде тұрақты жұмыс атқарды. Жалпы айтсақ, еліміздің жоғарғы заң шығару органында 30 жылдан астам еңбек етті. 2021 жылы зейнетке толар шағында дүниеден озды.

Кісілік пен кішіліктің үлгісі болған Жігіткер Тумырзаұлы

ЖІГІТКЕР ЖІГІТТІҢ  ЖІГІТІ ЕДІ...

Мақат САДЫҚ, белігі тележурналист,

Халықаралық Телевидение және радио Академиясының академигі

 

Біз де басқа ұлттар секілді адамзаттың ажырамас айнымас бір бөлшегіміз. «Мың өліп, мың тірілдік» деп қазақты өзгелерден ерекшелесек те, жер бетіндегі басқа адамдар секілді Планета деген алып жүйенің кішкентай элеметтеріміз. Айтпағым сол бөліктер жалпыадамзаттық дамуға тікелей әсер ете алмас, бірақ айналасының әділдік пен жұмыр басты пенде аңсаған дұрыс та жақсы бағытта ілгерілеуіне азғантай болса да ықпал ете алады.

Замандас әріптесіміз Жігіткер Байтілесов сондай азамат еді. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, адами болмысы мен адамгершілік қасиеттері мол жігіт еді.

Тілегі де, жүрегі де «Елім әділдік бағытта дамыса» дейтін. Сол үшін барынша еңбек етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары және Парламент жаңа елордаға көшіп келген кезеңде Жігіткер белсене қызмет қылды. Ол жылдары Парламентте бүгінде есімдері аңызға айналған тұлғалар депутат болатын.

Бұл жаңа қоғам құрамыз деген ғажайып кезең еді. Сол кездегі депутаттар да Салық Зиманов, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Алтыншаш Жағанова, Серікболсын Әбділдин айта берсе ұлт үшін ерен қызмет қылған осындай тұлғалар кинохроника секілді көз алдымызға елестейді. Міне, осындай алыптар арасында Жігіткер күнде жүрді. Күнде пікірлесіп, Ұлт мақтаныштарының көкейдегі асыл сөздерінің жалпақ жұртқа жетуіне ықтиярлықпен қолғабыс жасап отырды. Оны Парламенттегі баспасөз орталығының қызметкері ретінде асыл парызы санады.

Қазақстан өрениеттілік талаптарына сай қоғам құруы үшін, жаңа соған лайықты мемлекеттік мүддеге үлес қосар азаматтар қатары мол болуы үшін жер бетіндегі демократиялық ел мәртебесіне ие қоғамдардың қалыптасқан құндылықтары мен өнегелік жақтарын өз қызметіне енгізіп отырды. Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп, Парламент Мәжілісінде бас қосатын жас журналистерге Жәкең көрген-білгенін айтып, ұлттық қажеттілік қағидаларын көтеретін депутаттармен кездестіріп, жеке сұхбат алуларына ықпал жасайтын.

Бірде Жігіткердің былай дегені есте қалыпты. «Алматыда өстім. Сіздер Алматыға арман қуып, адам болам деп келдіңіздер. Мен қазақ елінің астанасында басқалардан қалмайын деп ерте жастан мектепте жүргенде еңбекке араластым. Жазушылар үйіне барып, атақты ақын-жазушылардың қолын алып амандасып, өз ауыздарынан әңгімелерін естідім. Бірақ ең өкініштісі мен мектепте Мағжан Жұмабаевты оқыған жоқпын. Маған Пушкин мен Лермонтовты оқытты. Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы туралы әкемнен, үйге қонаққа келетін кейбір кісілерден еміс-еміс естігенім болмаса, шығармаларын оқымадым. Сол ұлттық дүниетанымымнан кешігіп қалған олқылықтарды, рухани жетілмей қалған сәттерімізді егемен болған тұста толықанды болуын қалаймын» деген.

Жігіткердің бұл сөздерінде терең мағына жатыр. Рухани мәдениетте, рухани әлемде ештеңе өзінен-өзі бар болмайды, ештеңе өзінен-өзі жоғалып кетпейді. Сол болғанның арқасында біз қазір халқым, ұлтым дейтін өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін оларға қаморлық қолғабысын ұсына алатын Әділетті Қазақстанды құру жолындамыз.

Құранда да жазылған дейді, екі дүниедегі үлкен күнә ол – мемлекет қазынасын ұрлау. О дүниедегісін өлгендер ғана білер. Бұл дүниеде мемлекеттер өзара келісіп, қылмыскерлерді бірлесіп тұтқындайды. Грузияның Әділет министрлігі 50 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап қылғаны үшін күдікті деп танылған Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарын тығылып жүрген жерінен ұстап, Қазақстанға тапсырды. Жалпы, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық салаларды тексеру нәтижесінде бір жылда мыңдаған адам түрлі деңгейде жауапқа тартылады. Тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін бюджетке ондаған миллиард теңге қайтарылуда. Бұл өкінішке орай қалыпты көз бен көңіл үйренген қатардағы жағдайға айналып барады. Жігіткер Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметінің көп көр көшелі басшылықтағы қызметкері ретінде журналистерге осы тақырыпты қаузасаңдар деп кеңес беретін. «Елдік мұратымыз – сол. Жемқорларды сойып салатын журналистер керек!» дейтін. Өйткені мұндай мәселеде өзіміздің көпшілік қазағымыз күлтелектей береді. Себебі бірі руласы, бірі жолдасы, бірі құдасы, енді біреулермен нағашылы-жиенді, біреу танысы, біреуі сыныптасы, біреуі курстасы, біреуі жерлесі, біреуі танысы болып жалғаса береді.

Елімізде бір төтенше оқиға орын алса, біраз ақынымыз зар заман зауалына салып зарлайды. Азалы жағдайды өлеңдетіп, өтірік тебіренуді тоқтату керек. Осы туралы мынандай масқараны биліктің үгіт-насихат бөлімінде жүрген азаматтардың аузынан естіген едік дегенді де марқұм замандасымыз айтқан еді. «Баяғыда Арменияның Спитагында жойқын жер сілкінісі болғанда, армияндардың өздерінен аса қасіреттенген үш жүзге жуық қазақ ақыны өлеңдетіп, ыңғайсыз жағдайға қалған екенбіз. Әр нәрсенің орны, мөлшері бар. Одан да нақты әрекетімізбен көмек қолын созайық»- дейтін Жігіткер. 

Адам өмірінде сынаққа толы сәттер болады. Қажып кетеді, кейін қайрайды өзін. Кейде тығырықтан шығар жол таппай жанұшырады. Жігіткердің салиқалы жасқа келгендегі өмірбаянына жіті назар салсаңыз, осыны байқайсыз. Ақиқатты айтуға болмайтын, ауыз жабылып, цензура таяғы көтерілген мезгілден оның қызмет баспалдағы жоғарыға емес, тек төменге қарай құлдыраған. Шындықты аздап қана айтқандарға «байкот» жарияланған дүрілдеген дәуір еді. Сол үнсіз ғана – дауыс шығартпай байқатпай бауыздайтын мемқызметтегі жымысқы да күрделі кезең Жігіткердің жүрегін тілім-тілімге бөліп жаралап кетті. Ақын жазғандай:

Жүрегіңді сақта,

Жүрегімді сақта,

Я, Тәңірім, көз бер!

Жүрек көзі жоққа,- дегеннен басқа лаж жоқ.

...Жарқын өмір сүрген Жәкеңнің есімі мен бейнесін журналист әртіптестері ешқашан ұмытпайды.

Кісілік пен кішіліктің үлгісі болған Жігіткер Тумырзаұлы

 

Журналистердің бәрін жақсы көруші еді...

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист, Ақпарат саласының үздігі.

 

35 жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Жігер ағаны журналистердің бәрі жақсы біледі. Әлі есімде, Жігер Тумырзаұлы 2000 жылдардың басында Жармахан Тұяқбай төраға болғанда Мәжілістің баспасөз қызметін басқарды. Ол кезде әріптестеріміз қалаған уақытында Мәжіліс төрағасымен сұхбаттасып, өздерін толғандырған сауалдарға жедел жауап алатын-ды. Тілшілердің қоятын өзекті сұрақтарына Жігер ағаның өзі көмектесіп, бағыт-бағдар беретін. Басқалардан бір өзгешелігі, журналистердің бәрін өз бауырындай жақсы көруші еді. Үлкен-кіші я болмаса лауазымды не қарапайым тілші деп бөлмей, жүздескен жерде шүйіркелесіп әңгімелесіп кететінін талай рет көзбен көрдік.

Ұзақ жылдар отандық парламентаризмнің дамуына елеулі үлес қосқан өте тәжірибелі маман болғандықтан кез-келген тақырыпты талдап, түсіндіруден жалықпайтынына таң қалатынбыз. Депутаттарды да бес саусағындай білуші еді. Кімнің қандай тақырыпта сұхбат беретінін, көтерілген мәселені түп-тамырымен қопарып түсіндіріп беретінін бағдарлап отыратын. Өйткен себебі, өзі мамандығын, Парламенттегі қызметін жан-тәнімен сүйетін адам еді. Мәжілістегі жиындардың бәрінде журналистермен қатар отырды. Өзі орыстілді журналист (орысша жазатын) болғанымен, газеттер мен интернеттегі сайттардағы қазақша мақалаларды да үзбей оқитын. Мәжілістің баспасөз қызметі жаздырып алатын әр газеттің (қазақша, орысша) шығарған мақала, сұхбаттарын талдап, салыстырып, қорытынды жасайтын. Егер сенің жазған бір дүниең көңілінен шықса, кездескен сәтте қолыңды қатты қысып, мақтау сөзін аямайды. «Пишите ребята! У Вас есть самое сильное оружие!» деп журналистерді шабыттандырып, жазатын тақырыбыңа дейін нақтылап беруші еді.

Жігер ағамыз кәсіби журналист, мықты сарапшы болғандықтан қоғаммен ашық, шынайы қарым-қатынас жасауды бірінші орынға қойды. 2000 жылдардың басындағы Мәжіліс ең ашық, демократиялық Палата болғанын сол кезде Парламенттен ақпарат таратқан барлық әріптестеріміз растайды. Парламент мінберінен айтылған әрбір сөз қоғамға, халыққа сол шынайы қалпында таралып жататын. Бұл әрине алдымен Баспасөз қызметін басқаратын адамның білімділігіне, біліктілігіне, интеллектуалдық деңгейіне байланысты екені айдан анық. Жігер ағаның өн-бойындағы кәсібилік, іскерлік, мейірбандық, мәмілегерлік қасиет әрбір журналистің Мәжілістен өте сапалы, өзекті, жан-жақты талданған материал дайындауына ықпал етті.

2000 жылдардың басында Мәжілісте Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Амалбек Тшанов, Болат Әбішев сияқты нағыз халықшыл, өз ұлтын жан-тәнімен сүйген депутаттар елдік, ұлттық мәселелерді батыл көтеріп, Парламент шын мәнісінде «ұлттық мінбер» дәрежесіне жеткен кездер еді. Сол уақытта Жігер ағамыз таңнан кешке дейін журналистермен бірге жүрді. Журналистикадағы өзінің өмірлік тәжірибесімен барлығымызбен бөлісіп, әзіл-қалжыңын араластырып сөйлеп, ұлттық баспасөздің бетінде қандай тақырыптар ашық талқылануы қажеттігіне дейін ақыл-кеңесін беріп, бағдар сілтейтін-ді. Кеңес заманында дүркіреп тұрған ҚазТАГ-тың меншікті тілшісі қызметін атқарған. Кәсіби тәжірибесінің деңгейі өте жоғары екеніне таңдай қағатынбыз. Кез-келген тақырыптағы материалды жылдам, сапалы жазатын. Өзінің мақаласы газетке я болмаса сайтқа шыққаннан кейінгі халықтың оған ықыласы, назары қалай болғанына дейін талдап, қойын дәптеріне түртіп алатындығы да ерекше көрінуші еді.

2013 жылы Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеевтің көмекшісі болып қызмет істеп жүрген кезі. Мәжілістің дәлізінде Жігер ағамен ұшырастым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Төлен, сен су тапшылығы деген өте өзекті мәселені көтеріп, мақала жазсайшы! Мен саған қажетті ақпараттарды табуға көмектесемін. Тек өткір, резонанс болатын мақала шығаруың керек!» деп ұсыныс жасады. Көп ұзамай Андрей Анатольевичпен жүздесіп, су мәселесін талқыладық. Үш күннен кейін газетте «Қазақстандағы су тапшылығы қалай шешіледі?» деген сараптамалық мақалам жарияланды. Сол мақаладағы депутат А.Бегенеевтің жаңбыр суын өнеркәсіпте, күнделікті тұрмыста пайдалану туралы ұтқыр ұсыныстары жұртшылықтың назарын бірден аударды. Өйткені бұған дейін көшелердегі тал-теректерді де тап-таза сумен суарып жүрген жандарға «жаңбырдың суын кір, еден, автокөлік жууға, дәретхананы шаюға, бау-бақшаны суаруға пайдаланайық!» деген ұсыныстың күлкілі болып көрінгені рас. Міне, бұл идеялар негізінен Жігер Тумырзаұлының көп оқып-тоқығаны, зейін-зердесінің кеңдігі нәтижесінде депутаттың атынан мемлекеттік ұсыныс ретінде айтылған еді. Мұндай мысалдар өте көп.

Жігер аға кеңес заманы мен бүгінгі баспасөздің деңгейін, ашықтығын, қоғамдағы сөз бостандығының өлшемін үнемі салыстырып, ой қорытып, өзінің айналасындағы адамдарды ойласуға үндейтін еді. Қазіргі кезде осындай өресі биік, терең ойлайтын, әр мәселені ұлттық, елдік тұрғыдан талдай алатын мемлекеттік қызметшілер, баспасөз хатшылары жоқтың қасы. Жұрттың көпшілігі мемлекеттік органдардағы жұмысын өзінің мансабының сатысы ретінде пайдаланады.

Ал ұзақ жылдар мемлекеттік қызметкер болған Жігер аға мансапқұмарлықты, жағымпаздықты, өзімшілдікті, мантаншақтықты ешқашан жақсы көрмейтін, ондай жаман қасиеттерден бойын да, ойын да аулақ ұстайтын. «Бәріне қанағат қыл, адал еңбек ет» деген қағидасымен ғұмыр кешті. Жігер ағаның өмірде біреуге қиянат, зорлық, қысастық жасағанын көрмедім. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» деп Абай атамыз айтқандай, керісінше ақжүрек қалпымен, бауырмал болмысымен жұрттың бәріне тілекші, демеуші, дәнекер болып өтті.

Депутаттармен де, аппарат қызметкерлерімен де, баспасөз қызметіндегі әріптестерімен де әрқашан емен-жарқын әңгімелесіп, шынайы адами қарым-қатынаста болды. Басқа адамнан, әсіресе, аса қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен, шыншылдығымен, кішіпейілдігімен, батылдығымен ерекшеленіп тұратын зор тұлғалы азамат еді. Енді осы қасиеттеріне нақты мысалдар келтірейін. «Жас қазақ» ұлттық апталық газетінде ұзақ жылдар қызмет еттім. Жұма күні шыққан газеттің жаңа санын дүйсенбіде Парламентке апарамын. Бір күні солай бума-бума газеттерімді құшақтап, Мәжіліске бара жатқанмын. Кіре берісте мені көріп тұрған Жігер аға суретке түсіріп алыпты. Кейін көрсеткенде мәз-мәйрам болдым. Шынайы сурет. Кәсіби көзқарас. Қарапайымдылықтың үлгісі.

Жігер ағаның еңбекқорлығы мен ілім-білімге құштарлығына қайран қалатынмын. Қашан көрсең де, кітапханада да, жұмыс үстелінде де, дәлізде де, далада да газет, кітап оқып отырады. Өзінің оқығанымен қоймай, кездескен адаммен ойымен бөлісіп, оның пікіріне құлақ түреді. Есте сақтау қабілеті ерекше-тұғын. Өзінің 20-30 жыл бұрын жазған материалдарын мысалға келтіріп, сол қоғамда көтерілген мәселенің өзектілігін жеткізуге шебер еді.

Шыншылдығы тұла бойынан менмұндалап тұратын. Мемлекеттік органдардағы бюрократтық, менмендік, тоғышарлық туралы үнемі мысалдар келтіріп, жаман қасиеттерден жұртты жиренуге үндейтін-ді. Жұрттың бәрі биліктің баспалдақтарымен, тамыр-таныстықпен жоғары лауазымды қызметтерге жанталаса ұмтылып жатқанда, Жігер аға байсалды, сабырлы қалпынан таймайтын. «Журналистика – это призвание! Каждый журналист должен быть верным своему признанию, любимому делу!» деген сөзін жиі қайталап, азаматтық ұстанымын жеткізіп отыратын. Мәжілісте басшылық қызметтен қатардағы сарапшыға дейін төмендеп қалғанында да ұнжырғасын түсірген жоқ. Өйткені ол өзінің деңгей-дәрежесін біліп, санасы мен өресі төмен адамдармен ешқашан тайталаспайтын. Тіршіліктің бәйгесінде өзінің көштен қалмағанын, өмірдегі адамдық миссиясын адал атқарғанын парықтай алатын еді.

«Өмір – тіршіліктің таласы» дегенді Шәкәрім атамыз қалай тауып айтқан. Екі жыл бұрын журналист Жігіткер Тумырзаұлы тіршіліктегі таласын тоқтатып, мәңгілік мекеніне аттанды. Аллаға да жақсы адамдар керектігіне осындайда көз жеткізесің. Қайран, Жігер аға! Ғұмыр көшіңіз кенеттен үзілді! Бақұл болыңыз! Рухыңыз сегіз бейіштің төрінде шалқысын! Алла фәнидегі әрбір жақсы амалыңызға сансыз сауап жазып, өз панасына алсын! Асыл бейнеңіз жүрегімізде мәңгі сақталады!

 

Өз жұмысына адал, еңбекқор жан болды

Әселім Әбілдинова, журналист,

ТДК-42 телеарнасының Астанадағы тілшісі.

Жігер Тумырзаұлы жайында айтарымыз көп. Мен журналистикаға енді келген кезім. Ол 1999-2000 жылдар болатын. Сол кезде Жігер аға Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметінің жетекшісі болды. «Азаттық» радиосында жұмыс істеп жүрген кезім. Марқұм Жігер аға сол кезде барлық жас журналистерге жөн сілтеп, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Мәжіліске кіргенде алдымнан арбаңдап шығатын ағаның сол бейнесі әлі есімде. Маған «Әселім, ты шпионка»,- деп әзілдейтін («Азаттық» радиосында істегенімді меңзегені ғой).

Ол өз жұмысына адал, еңбекқор жан болды. Оны ағамен жұмыс істеген барлық әріптесі біледі. Ол кезде Мәжіліс төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ болатын. Жігер аға журналистерге спикерді өзі ұстап беретін (Қазір ондай кезең арман болды ғой). «Төрағаға сұрақтарың болса, ол қазір шығады, ұстап алыңдар»- дейтін. 

Парламентке ұсынылған заң жобалары әртүрлі болады. Оның қандай мақсатта енгізілгені, нені көздейтіні кез келген адамға түсініксіз болатыны анық. Жігер аға Мәжілістің жалпы отырысында талқыланған қандай да бір заң жобасын түсіндіріп бергенде, бізге тек мәтін теру ғана қалатын. Әсіресе, халықаралық мәселелерге қатысты заң жобалары қаралғанда түсінбеген жерімді Жігер ағадан барып сұрайтын едім. Ол кісі кез-келген тақырыпты талдап, түсіндіріп беретін мықты сарапшы болды. Заң актілерінің жілігін шағып, майын тамызатын еді. Сонда «Қалай соның бәрін есінде сақтайды?» деп таң қалатынмын.

Қайран аға... Әрқайсымызбен шүйіркелесіп, ақылын айтудан шаршамайтын еді ғой. Сонда «Бұл кісіге осыншама энергия қайдан келеді?» деп таң қалатынмын. Қызық әңгімелерін айтып отыратын. Парламентке келген әр тілшінің көңілін тауып, сұрағанын беріп, қай депутаттан қандай мәселе бойынша сұхбат алуға болатынын айтып беретін.

Жігер ағаның азаматтығын, адалдығын, еңбекқорлығын көрдік. Қаншама жылдар бойы ағалық қамқорлығынан басқа теріс қылығын байқамаппын.

Соңғы кезде Мәжілістің дәлізінде баннер қоятын сән шықты ғой. Журналистер бір спикерді жазып тұрсақ, Жігер аға Мәжілістің баннерін сүйреп әкеп тұратын. «Сұхбат жазып тұрған адамның артында баннер жүргені қалай кетті?»- деп күлетін едік. Өзінің жұмысына адалдығы ғой сол. Парламент Мәжілісінің жұмысын насихаттау үшін алдына жан салмаған адам. Сол аз ғана әрекетінің өзі көрсетіп тұр ғой.

Өкінішке орай, аға ортамыздан тым ерте кетті. Соңғы кездері жүдеп, ауырып жүргенін аңғардым. Өзінен сұрауға дәтім шыдамады. Аға да сыр білдіргісі келмейтін. Ауырып жүрсе де, жұмыстан қалмайтын. Журналситермен әзілдесіп те қоятын. Осал тұсын көрсеткісі келмеді-ау деп ойлаймын. Ағаны соңғы көргенімде мен қан қысымым көтеріліп ауырып тұрғам. Лифтіде кездесіп қалды. Түрімді көріп, Мәжілістің ішіндегі медпункке алып барып, дәрігерге қаратып, жанұшырып жүгіріп жүрді. Жүрегім елжіреп кетті. Мені баласындай жақсы көріп, қамқорлық танытқаны әлі есімде. Сонда аға өзі қатты ауырып жүр екен ғой...

Кісілік пен кішілік


немесе

...арзан адам болудан ұялу керек!- деп еді.

 

 

Бұл кісіні асқақтаған қыранға баласаңыз да, аспан тіреген қияға теңесеңіз де, иненің жасауындай жалғаны жоқ, бүкіл бітім-болмысына қалтқысыз жарасып тұратын аяулы азаматтардың бірі белгілі журналист, Мәдениет қайраткері Жігер Тумырзаұлы Байтелесов еді. Тау баласы!

Кісілік пен кішіліктің үлгісі болған Жігіткер Тумырзаұлы

«Көк ит бір жақ, ковид бір жақ»  болған індеттің кезі. Ауруханада жатқан Жігер ағамның көңілін білмек болып телефондадым. Ұзақ сөйлестік.  Қоштасар кезде:

– Жомарт, есіңде болсын! Арзан киім киюден емес, арзан адам болудан ұялу керек,-  деп телефон тұтқасын қойды...

    Телефон безгек қақты. Қаралы хабар! Ия, ажал деген таңдау емес, атысатын жау емес. Жігер Тумырзаұлының бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылған екен. Биыл жербесікке бөленгеніне де екі жылдың жүзі болыпты.

Тіршіліктің көші ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретінін ұлы Абай:

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер,

 Кезекпенен өлінер,

 Баяғыдай көрінер,- деп тұжырымдаған екен!

 

Дайындаған: Шыңғысхан Меирқан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button