Жаңалық

Шымкентте Абай атындағы мектеп ашылды

Онлайн тамыз кеңесінде баяндама жасаған Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж. Тәжиева жаңа оқу жылында бірқатар білім ордалары ашылатынын мәлімдеді.

Жаңа оқу жылынан бастап Шымқалада халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» жұмысын бастайды.

Дарынды балаларға арналған мектеп қалада орта білім беру саласын дамыту, білім сапасын жоғарылату мақсатында ашылып отыр.

Сондай ақ, Шымкентте білім саласындағы инфрақұрылымды және цифрландыруды дамытуда бірқатар жобалар іске асуда. Қалада жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ, 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы жаңа бағытта жұмыс істейді. Осыған байланысты 12 STEM лабораторияларын ашу да жоспарлануда.

Одан бөлек, биылғы жаңа оқу жылында «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім береді.

Айта кетейік, Шымкентте білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына сәйкес, апатты, үш ауысымды мектептерді жою мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

Үш ауысымдағы мектептер мәселесі 2024 жылға дейін толығымен шешу жоспарда.

Биыл 5100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы пайдалануға беріліп, апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азайды.

Жалпы қаланың демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңнан астам балаға артуда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button