Жаңалық

#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: ПАВЛОДАР

Кереку ма? Павлодар ма? Турист күнделігінің бүгінгі шығарылымы еліміздің ең суық өңірлерінің біріне арналады.

Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Павлодар қаласының іргетасы 1720 жылы қаланған. Кереку – орта ғасырларда  қазіргі Павлодар қаласының орнында  салынған   байырғы қоныстың атауы. Қазақ елі орыс империясының құрамында болған жылдары қала аты өзгерген. Өз уақытында Павлодар қаласы Семей өңірінің орталығы болған. 1870 жылдары қалаға телеграф байланысы жүргізіліп, кеме жөндеу шеберханалары мен сексеннен астам жел диірмендері болған. Алыс ХХ ғасырда жел диірмендерін жергілікті балалар әткеншек ретінде пайдаланылған. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың архитиктурасы бүгінде жойылған. Павлодар қала болып бой көтере бастаған жылдары орталық алаңға бай көпестердің үйлері салынып, Ертіс өзенінің жағалауы базарлар мен қоймаларға тола бастады. Қалалық банк, мектеп, училище, мешіт пен шіркеу сәулет құрылыстарының қатарына енді. Қаланың Ертіс жағасында орналасуының тарихи сәті зор болады. Ертістің бойымен сауда қызу жүрір, қаланың күнделікті өміріне үлкен үлес қосқан. Жалпы, 1900-жылдардан бастап салынған ғимараттар біздің күнге дейін толық жетпеді. Азаматтық соғыс пен революция қаланың ғимараттарын өртеп жіберді. Бүгінгі күні қаланың музейлер мен заводтардың саны тепе-тең деп айтсақ та болады. Халық арасында мәдени-өндірістік қала деп аталып кеткен Павлодарға қош келдіңіздер!

 

МӘШҺҮР ЖҮСІП МЕШІТІ

Сегіз қырлы, төрт мұнарасы және 7 240 шаршы метр көлемі бар Павлодардың әсем мешіті кез-келген адамды өзіне ерекше архитектурасымен баурап алады. Мешіттің күмбезі ислам әлеміндегі мешіт күмбездерінен ерекше – қазақтың қара шаңырағының формасы іспеттес. Мәшһүр Жүсіп мешіті қаланың әр нүктесінен көрінеді. Мешіттің жанынан ашылған музейге де аялдаңыз. Музейде қойылған жәдігерлер мен деректерді көзбен көріп, қазақ мұсылмандарының тарихымен кеңінен таныса аласыз.

АҚМЕШІТ

ХІХ ғасырдың 80-жылдарында салынған мешіт Павлодар қаласының ең көне ғимараттарының бірі. 1901 жылы болған өрттің салдарынан ағаштан салынған мешіт ғимараты толықтай жанып кетеді. Табиғи апаттан соң татар көпесі Багаутдин Тумашевтің бастамасымен ескі мешіттің орнына тастан қаланған мешіт ғимараты көтеріледі. Ақмешіттің тарихына үңілсек, 1938-жылдары большевиктердің қарсылығымен мешіттің есігі келушілерге жабылып, ғимарат әр жылдары 52 жыл бойы қалалық пионерлер үйі, Қазфилармонияның облыстық филиалы, №1 балалар спорт мектебі болған екен. Тек 1990 жылы мешіттің бастапқы мұнарасы қалпына келтіріп, өзінің тікелей міндеттерін атқаруға кіріседі. Ақмешіт Павлодар қаласының ажырамас тарихы, қойнауында тарихы мол, «көненің көзі» мешітке соғып кетуді ұмытпаңыз. Мешіт академик Ә.Марғұлан даңғылы бойында орналасқан.

 

ЕРТІС ӨЗЕНІНІҢ ЖАҒАЛАУЫ

Қаланың ең сұлу және ең танымал жерлерінің бірі – Ертіс өзенінің жағалауы. Жаз мезгілінде жағалауға қала тұрғындары мен қонақтары үзілмей келеді. Қала әкімдігінің қолдауымен жағалаудың бойы келушілердің ыңғайына қарай абаттандырылған. Жаз мезгілінде жағалаудың бойында сахна орнатылып, концерттер қойылады. Ертістің бойындағы алтын құмды жағажай, үлкенді-кішілі фонтандар суды жанындай жақсы көретін демалушыларды шақырады. Ертістің бойына тәуліктің екі мезгілінде де барыңыз. Күндіз және түнде. Күн жарықта судың күнмен шағылсқан тамаша көрінісін көрсеңіз, ал түнде жағажайдың бойы жарық шамдарға оранып, өзінің сұлулығын басқа жағынан көрсетеді. Ескере кететін жағдай, Ертістің жағалауын жаяулатып тамашалауға шықсаңыз, өзіңізбен бірге масадан қорғанатын жақпаларды (кремдер мен спрейлерді) ала шыққаныңыз жөн.

 

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР САЯБАҒЫ

Саябақ еліміздің тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай ашылды. Егер сіз тыныш, әрі жанға жайлы серуендерді ұнататын болсаңыз, міндетті түрде осы баққа келіңіз. Жаз мезгілінде саябақтың іші жасылға оранып, келуші қонақтарды тамсандырмай қоймайды. Рәміздер алаңы Тәуелсіздің даңғылы мен Лермонтов көшесінің қиылысында орналасқан. Мемлекеттік рәміздер орналасқан саябақтың алаңында көгершіндерге жем беріп, олармен бірге selfe жасау мүмкіндігі де бар. Алаңды мекендейтін көгершіндер мұнда өте көп. Сондай-ақ саябақ жас жұбайлардың сүйікті орындарының бірі.

А.П.ЧЕХОВ АТЫНДАҒЫ ДРАМАЛЫҚ ТЕАТР

Павлодар драмалық театры 1945 жылы өз есігін көрерменге ашқан. Жетпіс жылдан астам тарихы бар театрдың қабырғасында 600-ден аса пьеса қойылып, 30 000-астам спектакль ойналған. Театр репертуарында У.Шекспирдің «Он екінші түні», А.П.Чеховтың «Шағаласы», Дж.Патриктің «Қызық миссис Сэвиджі», Н.Колянданың «Ақымақтар кемесі» бар. Театр труппасы өзінің репертуарымен сол кездегі КСРО-ның астанасы Мәскеуде өнер көрсетіп, халықтың ерекше ықыласына бөленген еді. Сахнада қойылған шығармаларды тамашалаған көрермен театр актерлерін құшақ-құшақ қызғалдақ пен мамыр гүлдерге толтырған еді. Овациялар тура алты минутқа созылды, ал Мәскеудің ең ірі бұқаралық басылымдары Павлодар қаласынан келген театр саңлақтары туралы жарыса жазып жатты. Өзінің егде жасына қарамастан, театр жастармен қатар жаңару және жаңашылдықты ту етіп, даму жолынан тайған емес.

Театр Ленин көшесі, 166 үй мекенжайында орналасқан. Билеттер құны 600 теңгеден басталады. Қойылымдар дүйсенбі, сенбі, жексенбі күндері сахналанады.

 

Ж.АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫ

Қазақ театры М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясымен өз шымылдығын 1990 жылдың желтоқсан айында ашады. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы қазақ театры. Театрда симфоникалық оркестр, вокал бойынша ұстаздар, концертмейстер және балетмейстер қызмет атқарады.

Театрдың репертуарында түрлі жанрдағы 90-нан астам спектакль бар. Қазақ театры Ломов көшесі 140 үй мекенжайында орналасқан. Билет құны 400 теңгеден басталады. Театрға келіп қойылымдарды аптаның жеті күнінде тамашалай аласыздар. Театр жазғы маусымның жабылуына орай балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы «Балалық шаққа саяхат» желісі бойынша жазылған спектальді көрермен назарына ұсынбақ. Егер әсем қала – Павлодарға маусым айының ортасында жолыңыз түсіп жатса, премьераны тамашалауға үлгересіздер.

ПОТАНИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ

Григорий Николаевич Потанин – Павладар жерінде дүниеге келген танымал ғалым, географ, этнограф. Потанин атындағы музей 1942 жылы құрылды. Музей 1890 жылдары бой көтерген тарихи ғимараттың ішінде орналасқан. Кезінде көне ғимаратта бай көпес Артемий Деровтың дүкені орналасқан еді.

Музейде мамонттың қаңқасы, үлкен мүйізді бұғы, табиғи минералдардың үлгілері және тағы да басқа құнды жәдігерлерді кездестіре аласыздар. Қаланың тарихымен тереңірек танысамын деген ойыңыз болса, Ленин көшесі 149 үйде орналасқан Потанин атындағы музейдің есігі келушілерге әрқашан да ашық. Музейдің жұмыс уақыты сейсенбіден жексенбі күні аралығы. Билет құны 200 теңгеден басталады.

 

P.S. Еліміздің солтүстігінде орналасқан Павлодар шағын, әрі таза қала. Көп қалада кездесе бермейтін трамвай желісі Павлодарда әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Елордамызға жаз айларында қонақ болып келсеңіз,таксимен немесе электр поезымен бес-алты сағатта Павлодар қаласына жете аласыз. Таксидің құны 3 000 теңгеден, ал поезд билетінің құны 2 000 теңгеден басталады. Еліміздің шағын қалаларының өзіндік аурасы мен тарихы бар. Павлодардың ауасына тынығып, Ертістің сұлулығына тамсанып және үлкен қаланың асығыс қадамдарынан аз уақытқа алшақтағыңыз келсе, Ертістің жағасындағы Павлодарға келіңіздер!

                                                                                                                                        Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Оқи отырыңыз: #ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: АРАЛ ТЕҢІЗІ

#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: БАЛҚАШ

#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button