Сұхбат

Ұлттық нақыштардың әлсіреуі өнер саласында қатты білінеді

Біз бүгін кітап туралы талқылаймыз. Сұхбатта белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы.

Фото: жеке архивінен

- Елдің аузында көп айтылып жүрген үш томдық «Семсер жүзіндегі серт кітабы» қанша тиражбен шықты? Халыққа қалай жетіп жатыр? Халық оқып жатыр ма? Кезінде Әуезов, Мүсіреповтерге оқырмандарынан қаншама хаттар келетін. Бүгінгі жазушыларда оқырманмен сондай қарым қатынас бар ма?

- «Семсер жүзіндегі серт» кітабы былтыр жарық көрді. Бірінші мемлекеттік тапсырыспен шықты. Әрқайсысы үш мың тираждан, барлығы тоғыз мың тираж болды. Коммерциялы жолмен әр томы екі мың данадан бір жылда екі рет жарық көрді.Бұл кітапты оқырмандар сұрады, іздеді. Қарапайым халық көп хабарласып, кітап жайлы пікірлерін жазып жатыр. Үлкен ағаларымыздан Кәдірбек Сегізбайұлы ағамыз хабарласып, кітап жайлы ойын айтты. Төлен Әбдіков оқып, екінші томын журналға жариялайтынын айтты. Бигелді Ғабдуллин осы кітаптың бір томын ағылшын тіліне  аударамын деді, соған қарағанда кітаптың қоғамға алып келген легі болды деп ойлаймын.

- Кітаптың тақырыбы не? Бүгінгі оқырманға беретін қандай шапағаты бар?

- Кітаптың аты айтып тұрғандай негізі Кенесары ханның жүргізген мемлекеттік саясаты, сол кездегі геосаяси жағдайдағы Қазақ хандығының деңгейі, сол қоғамдағы рөлі қамтылған. Кітап рухтық тұрғыда халыққа әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені Кенесары ханның өмірі күреске толы. Он жыл бойы хан бола тұра Отан соғысын жүргізген. Тарихшылардың айтуымен ұлт азаттық көтеріліс деп келді, ал Кенесары ханның негізгі жүргізгені Отан соғысы. Отанымызға кірген басқыншылармен аянбай соғысты. Ақырында сатқын қоғамның алауыздығына ұшырап, өмірден жан кешті, арманда кетті.Ал кітаптың «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуы, Кенесары ханның мойнына семсер жүзі тақалып тұрғанда айтқан ақырғы сөзі бар. Сонда айтады: «Сендер мені астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, мойнымдағы басымнан айырсаңдар да қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар. Оны мына қылша мойным семсердің жүзі тұрғанда ант етемін, менің орындалмаған арманым ұрпағыма аманат. Солар менің рухымды тірілтіп, басқыншыларға қарсы күресін жалғастырады. Қазақтарды оңай халық деп ойламаңдар. Алысқанын алмай қоймайды. Кене хан құлағанымен, қазақтын туы жығылмайды. Түбінде тәуелсіздікке жетеді.» Міне, осы  «қылша мойным семсер жүзінде тұрғанда серт етемін» - деген сөзден шыққан кітаптың атауы. Өйткені бұл сөз Кенесары ханның ақтық сөзі, бүкіл болмыстық, күрескерлік, қайсарлық, мемлекетшілдік тұлғасы осы сөзде тұрғаннан кейін осы атауды таңдадым.

- Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» эпилогында Абылай ханның түсін береді.  Сол түс арқылы сексенінші жылдардағы тоқырау, ізденістің жоқтығы, тілдің құлдырауы, жастардың қой бағып кетуін трагедиялық сезіммен көрсетті. Өзіңіз де  Ілияс ағамызша сондай дүние бердіңіз бе?

- Кенесарының тағы ерекше қасиеті, ақтық сөзін айтар алдында бүкіл сахараға қарап қазақ еліне ән арнайды. Сол кезде мені қара жер тербетсе рухым оянады. Рухым оянса, халықты сілкіндіреді деген сөз бар ішінде. Осы сөзімен біз ұсақталып, тотариалды жүйеде ұлттық құндылық не екенін білмей, тәуелсіздіктің, жақсы қасиеттердің бәрін ұмытып, жалпы адамзаттық ұғымға қарай кетіп бара жатқан кезде Кенесарынң аруағы қолдады деп ойлаймын.1986 жылы желтоқсанда жастар алаңға шыққанда, Абылай ханды білді, Кенесарыны еміс-еміс білетін еді. Рухани жаңғырудың арқасында Алашпен қауыштық, ары қарай тарихымызды түгендей бастадық.

- Қанша уақыт дайындалдыңыз кітап жазғанға? Әуезов «Абай жолын» жазғанға жиырма жыл дайындалды ғой.

- Ұзақ жыл көкейімде жүрді. Бұл кітапқа келу өте қиын болды. Кез келген дүниені жазу үшін дайындық керек, әсіресе психологиялық, алты жыл отырып жаздым.

- Совет заманында жазушылар гонорарға өмір сүретін. Қадыр Мырзалиев үйінде жатып жазды, тоғыздан алтыға дейін жұмысқа бару деген болған жоқ. Өзіңіз тұрақты қызметте жүрсіз. Қазіргі заманда біздің елімізде жұмыс істеп жүріп жазуға мүмкіндік бар ма? Кейінгі кезде шулап шыққан кітаптарға зар  болып жүрміз ғой ашығын айту керек, әлі күнге дейін совет заманындағы классиктерімізді алға тартамыз.

- Қазіргі заманда кітап жазуға құлық болса мүмкіндік бар. Оған табандылық керек деп ойлаймын. Әйел бір қолымен бесік тербетсе екінші қолымен әлемді тербетеді деген сияқты, жазушылар бір қолымен бала-шағасын бағып, екінші жағынан жазушылықпен айналысу өте қиын. Ал кейбір өркениетті елдерде таланты бар адамдарға мәңгілік стипендия тағайындылады, бізде ондай емес. Мысалы көрші Ресейде қызмет жасамаған жазушыларды бағалайды. Өйткені қызмет жасаған адам арбадан бұзылған ат сияқты, жазушылықтан шығып кетті деген ұғым бар. Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірінде жұмыс жасамаған, тек жазушылықпен айналысқан. Тек әдебитке өмірін арнаған. Ал қазіргі жазушы олай жасай алмайды. Бұл жаппай ұлттық бір бағытқа жұмылмағаннан кейін әдебиеттің жемісті жылдары жоқ. Мысалы, Әкім Тарази ағамыздың тұстастарына қарасаң, олар лек-лекпен келді. Сайын Мұратбеков, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров, осы кісілер келді. Әдеби ортада «бес тапал» деген аттары бар. Одан кейінгі жазушылар Төлен аға, Қойшығара аға, Оралхан Бөкеев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Бейбіт Қойшыбаев, Кәдірбек Сегізбаев т.б. жазушылар келді. Алдыңғы топтан қарағанда осы кісілер көбірек болды, себебі жағдай тұрақталды, әдебиетке көбірек уақыт бөле бастады. Осы кісілерге «Жеті жетім» деген әдеби орта ат берді. Одан кейін Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова, Заря Жұманованы айтуға болады.

- Мен кітап дүкендеріне аптасына болмаса да, екі аптада бір кіремін. Сол кезде кітаптарды қараймын да ойлаймын, хәкім Абайдың болғаны қандай жақсы, Әуезовтің болғаны қандай керемет деймін. Ілияс Есенберлиннің көшпенділері үш тілде тұр. Әзілхан Нұршайықовтің қаншама кітаптары тұр. Бір таңғалатыным бүгінгі жазушылардың кітаптары көрінбейді. Сосын ойлаймын кеңестік кезеңде қазақтың жазушылары болмаса, бүгінгі күні кітап сөрелеріміз бос тұрушы ма еді?

- Біздің елімізде кітап саудасы деген жоқ. Баспагерлікке қатысты бір ауыз айтайын. Оларға мемлекет тапсырыс берген кезде мынанадй шарт қойған. Үш мың дана кітапты шығарасың, оны жаңағы барлық еліміздегі он жеті өңірге таратасың. Әрі қарай сату мәселесі жоқ. Ал сату мәселесі азаматтардың жеке басындағы жағдайына қарай деп ойлаймын. Әлемде өте жақсы үрдістер бар. Бірақ соны баспагерлер алмайды. Сексенінші дылдардан бері қарай кітап жазудың жалпы шығармашылықтың қожырауы қоғамдық құрылымның өзгере бастауынан деп ойлаймын. Бәрібір сол сексен бесінші жылдың басына дейін әдебиет инерт қарқынымен келді. Ал сексен алтыншы жылдан кейін әлгі қайта құру басталған тұста әлеуметтік мәдени рухани салаларға мемлекет көбірек көңіл бөлді. Сол кезде осы екпінмен әдебиет шеттетіліп қала берді. Содан бастап біздің әдебиеттің дәстүрлі сабақтастығы үзілді. Соның салдарынан осындай жағдайға жетіп отырмыз. Ал енді осыны жалғастырып кету үшін мен мынандай нәрсе болуы керек деп ойлаймын. Бірінші, әдебиет туралы тұжырымдама әзірлеу және мемлекеттік саясатқа қандай тақырыптар керек соны саралап, жоспарлау. Әдебиет деген үлкен талант және ол өте үлкен ізденіспен келеді. Бізде талант бар, бірақ ізденуге уақыт жоқ. Өйткені күн көру керек, ізденетін уақытының бәрін бала-шағасын асырауға жұмсайды. Жазушылық деген мемлекеттілікті, ұлттық құндылықтарды елдің тұтастығын білдіретін мамандық.

- Жазушыға ең қиыны не нәрсе?

- Ғабиден Мұстафин айтқан екен «Біз ұлтшылдармен күрестік, сендер ұлтсыздармен күресесіңдер» деп. Мына қоғамда ұлтсызданған адамдар көп. Қаншама қазақ жүр өзінің кім екенін білмейді. Жазушының ең қиын көретін нәрсесі ұлттық иммунитеттің әлсіреп бара жатқанын көруі.

- Әділбек аға, ұлттық нақыштардың әлсіреуі өнер саласында білінеді ме?

- Ұлттық нақыштардың әлсіреуі өнер саласында қатты білінеді. Әсіресе өнердің бүгінгі кезде озық түрі болып саналатын отандық фильмдерде қатты білінеді. Біріншіден, қазақ фильмдері әлі күнге дейін киноны қазақша түсірмейді, аударады. Тіл шұбарланып, орыс тілі араласып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Ақсуат» жайлы фильм түсірілді ғой. Шетелдіктер сол қазақ десе Ақсуатты, Боратты елестететін шығар. Кезінде Жазушылар одағы мен Киноматографистер одағы бір болған. Бүгінде режиссерлер жазушылармен ақылдаспайды. Біздің фильмдерге қарағанда өзбекфильм, тәжікфильм алдыда. Өйткені олар қызықты детальдардың бәрін ұлттық болмыстан алып шығарады. Ал біздің режиссерлер Голливудқа қарайды, бәрі Тарантино болғысы келеді. Композиторларымыз ұлттық нақышта музыка жаза алмайды. Сол сияқты ұлттық нақышта кино түспейді. Бұл дегеніміз үлкен дағдарыстың алдында тұрмыз дегенді білдіреді. Осы жағын ойлану керек.

- Енді қандай кітап жазатын ойыңыз бар?

- Қазір енді бір кітап жазып жатырмын. Ол кітаптың әзірше жұмысшы аты «Ақылға атой» деген. Орысшасы «Нападение на ум» ғой. Осы бүгінгі заманды қамтуға тырыстым. Ішінде кешегі «Қаңтар оқиғасы» да бар. Бізде интеллектуалды шығарма жоқ екенін жақсы білесіз. Кітаптың соңғы тарауларына келдім. Қазақстанда әлемде жоқ «осмий» деген металл бар.  Бір келісі екі жүз мың доллар тұрады. Соны қазақтан басқа ешкім сатпайды. Осы менің шығармамда айтылады. Өйткені ол металл Марсты игеруге арналған. Осы тұрғыда еліміздің әлем өркениетіндегі экономикасын, қатынасын көрсеткім келді.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет. Кітаптарыңыз кино тілінде жарыққа шыға берсін. Шығармашылық жетістіктер тілеймін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button