Жаңалық

Үздік оқушыларға Ту бейнесіндегі төсбелгі таратылды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Менің Туым – менің мақтанышым!» жалпыұлттық акциясы аясында,  Астана қалалық №93 мектеп- лицейінде «ТҰҒЫРЫ БЕРІК ЕЛДІҢ ТУЫ БИІК» атты патриоттық-танымдық кездесу өтті.

Мемлекеттік рәміздерді жастар арасында дәріптеуге арналған кездесу қонақтары ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев пен ақын, Экс депутат Мақпал Мыса ұлттық құндылықтар Рәміздер жайлы оқушыларға кеңінен баяндады. 

Кәрімбек Арыстанбекұлы: 
«Мемлекеттік Ту патриотизмның қайнар көзі. Реті келгенде, екі жас бас қосып, шаңырық көтерген немесе өмірге жас нәресте келген отбасы көп қабатты үйде тұрса - балконына , жеке тұрғын үй құрылысы болса - үйдің шатырына Мемлекеттік туды іліп кою дәстүрін айналымға енгізсек, артық болмас деген пікіріміздеміз. Бұның демографиялық саясатымыздың салтанат құруына да септігі тиері сөзсіз». 

Мақпал Мыса: 
«Ұлттық рәміздерді насихаттаудың түрліше формасын тауып жүзеге асыруға болады. Ең бастысы жас жеткіншектің өз елі, өз жері, Отанына деген құрметін білдіру, сүйіспеншілігін ояту. Азаттығымның тірегі, Қазақтығымның жүрегі болған көк байрағымыз желбірей берсін!». 

Өнегелі кездесуде №93 мектеп-лицей оқушылары Отанға деген, мемлекетінің бойтұмарлары ұлттық рәміздерге деген көзқарасын ойын түрінде, сурет, эссе, өлең өрген өнерлерімен ерекше көрсетті. 
Іс-шара соңында үздік, өнегелі оқушыларға Ту бейнесі бар төсбелгі табысталды. Аталған мектеп директоры Жеңісгүл Нүсіпжан қатысушыларға алғысын білдіре: 


«Ең бірінші ұлттық құндылық болып саналатын, төбемізге көтеріп, төрімізге ілетін қасиетті де, қастерлі дүниеміз— Рәміздеріміз болып саналады. Сондықтан оны балабақшадан, мектептен бастап дәріптеу бізге парыз. Бүгінгі шараның да оқушыларға берері мол. Жастарды отансүйгіштікке, елінің қорғаны болуға баулу үшін мұндай шаралардың мектеп қабырғасында жиы өткізілгені абзал» деді. 

Іс-шараға Геральдикалық зерттеулер орталығы ұжымы, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button