Қарағанды облысы

АЛАША ХАН КЕСЕНЕСІ

Мазар халық шеберлерінің қолымен XI-XII ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған. Оның есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақстандық әйгілі кесенелердің бірі Қаракеңгір өзенінің аңғарында, оң жағалаудан 2 км 22 қашықтықта, Малшыбай ауылынан жақын жерде орналасқан. Сарыкеңгір өзенінің құярлық саласында биік жотаның үстінде тұр.

Қазақ халқының этногенезінде, әуелде қазақ қазақ атанбай тұрғанда, IX-X ғасырда оның алғашқы аты «Алаш» екен. Алаша (Алаш) хан — халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы.

Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар — көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер, әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Ұлттық сананың қалыптасуында Алаша хан бейнесі маңызды тектік рөл атқарады. Ескіден қалған байқұтты дәуренді бейнелейтін сөз бар: «Алаш алаш болғанда, / Алай тай ат болғанда, / Таңбасыз тай, /Енсіз қой болғанда, / Астауы – алтыннан, / Итаяғы күмістен болғанда, /Алаша хан болғанда».

Рашид ад-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері – Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, оны ұнатпай, «Алаша» деген ат беріп, Сыр бойынан Арқаға жібереді. Аз уақыттың ішінде оның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, алашаға салып, хан көтереді. Алаша хан, бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі, екінші жағынан, исі қазақтың ата-бабасының тұлғаланған атауы. Алаштан қазақ тараған, Ноғайлыға қараған. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш Алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. «Алаштан сүйек тарайды, / Ағаштан бұтақ тарайды» дегенде қазақ халқының генеологиялық шежіресін айтады.

«Алты алаш» сөзі Оғыздың алты ұлының соңынан ерген алты тайпа деген мағынада айтылады. Алтын Орда құлаған соң «Алаш» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранға айналды. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев « Материалы к истории правящего дома казахов» атты кітабында Алаш хан туралы сан түрлі аңыздарды салыстыра отырып, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің нұсқасын толық деп тапты.

«Алаша ханға дейін қазақтар біртұтас ел әрі мемлекет болған жоқ, және басқа халықтар оларды осы дәрежеде бағалаған жоқ. Бөтен баланы басқарушы етіп тағайындай отырып, олар оның атын ұрыс кезінде әскери ұран ретінде бағалаған. Олар жауға осы ұранмен шабуыл жасауға серттесті. Ал осы атты айтпайтын адам, туған әкесі болса да, жауындай өлтіруге рұқсат етілді. Сол кезден мынадай сөз қалған: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, біздің үйіміз ағаш киіз үй болғанда, Алаштың аты біздің ұранымызға айналғанда, сонда біз үш жүздің балалары қазақ атандық». Мифопоэтикалық ортада бүкіл ұлыс үшін айтулы оқиғаның басында тұрған әрі ұйытқысы болған тұлға. Ұлыс, мемлекет, ел, этностың ата-тегі қазақ мемлекетінің ірге тасын қалаған, тұтастық пен бірлестік, бірегейлікті қолдаған кемеңгер тұлғаның кесенесі халық үшін құрмет тұтатын, зиярат ететін орын болып саналады. Қазақ мемлекеттігі қалыптасуында орны бар, киелі Ұлытау жерінде Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл, Дүзен, Ерден кесенелері бар. Алаша ханның жатқан жері атақты адамдарды жерлейтін пантеон болғаны туралы, онда Едіге, Тоқтамыс, Ежен, Хақназар, Тәуекел хандар жерленген деген мәлімет бар.

Басқа материалдар

Back to top button