Қарағанды облысы

АҚТАУ БЕКІНІСІ

Ақтау бекінісі Жаңаарқа ауданының орталығынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. XIX ғасырдың 30-жылдарының басында орыс патшалығы тұрғызған қамал. Ақтау тауларының ішінде, бекіністен 50 шақырымдай қашықтықта Қорған атты, жергілікті халық «Кенесары қорғаны» атап кеткен жер бар. Сол жерде Ағыбай мен Наурызбай батырлар тастан қамалдың қақпа жақ бетінің үлгісін тұрғызып, сарбаздарға бекіністі алудың айлаәдісін үйреткен. Әсіресе, қақпадан кірген бетте қарсы тұрғызылған жалға арындап келген атты әскер соғылып қалмауы үшін, жалт бүрылып, екінші қақпадан өтуге машықтанған. Кенесары төбенің үстінен әскер ойынын көріп, басқарып тұрған. Кейін, бекіністі шабуылдар алдында садақтың жебесін ешкінің майына былғап, от қойған шүберек байлап, оқ жаудырып, қақпаларды өртеген. Әуелі қамалдың сыртқы жағын шабуылдап, орыс әскерінің назарын сол жаққа аударған. Осы сәтті пайдаланып, мылтық оғынан қорғану үшін қараған мен тобылғыны, Манақа өзенін бойлай өскен мойыл мен талды кесіп, түйе қомының биіктігіндей қылып буып, қамалдың қақпасына тасалап барып жақындаған. Қақпа өртеніп біткеннен кейін, өзенді өрлей біткен ағашты тасалап, жасырынып тұрған атты сарбаздар лап қойған. «Абылайлап» ұрандап, қақпаға алдымен Наурызбай батыр кірген. Кенесарының Ақтау қамалын алуы 1838 жылдың жазында болған деп жобаланады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button