Қарағанды облысы

ДУЛЫҒАЛЫ МЕШІТІ

Дулығалы мешіті Ұлытау ауданы, Ащылы өзенінің бойында, Байқоңыр кенті маңында орналасқан. Мешітті салдырған Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлы. Руы Бес таңбалы қыпшақ ішінде Ұзын қыпшақ, Бердікей тармағына жатады. Дулығалы, Ащылы өзендерінің бойын мекендеген. Құлмұхаммед ишан жастайынан оқу – білімге зеректік танытқандықтан, әкесі Арыстанбай оны Бұхара, Самарқан жағына оқуға жібереді. Одан кейін көп қиыншылықтар көріп қажылыққа барады. Елге оралған соң мешіт – медресе салдырып, молда ұстап бала оқытады. Мешіттің құрылысы 1902 жылдары басталып, шамамен 1906 жылы аяқталады. Мешітті салған Бердікей Талпақ деген шебер. Тоғыз күмбезді қылып тұрғызылған. Құлмұхамед ишан 1916 жылға дейін қайтыс болса керек. Оның игі ісін жалғастырушы Абдрахман ишан, Бірмағамбет ишан деген адамдар болған. 1916 жылғы дүрбелеңде қыпшақ руының бас көтерер азаматтары мешітте бас қосып бәтуаласып, көтеріліске шыққан. Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен 9 күмбезді қылып Құлмұхамбет ишан сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі оюөрнек түсірілген кірпіш құйып, күйдірген көрінеді. Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалы» өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button