Қарағанды облысы

САНА БИ КЕСЕНЕСІ

Сана би Қожантайұлы – халық бірлігі мен бүтіндігінің, ынтымағының ұйтқысы болған бабаларымыздың бірі. Қараменде бидің қапияда жол табатын, ойламаған жерде сөз табатын, жақсы көретін жан серігі болған. Содан бері бұл жер Сана би басы аталады. Тарихтағы бір аңыз бойынша: «Қараменди би бірде Сана биді жер шолуға жібереді. Жер шолып қайтқан Сана: «Төменде, үлкен қақтың терістік-шығысында бос жер бар екен. Жайлы қоныс, құт мекен болуға лайықты. Үш Дересін деген жер көрдім. Қақтың оңтүстікбатыс жиегі де бос. Ертеде Қыпшақтар мекендеп, күл төгіпті. Ойы-балық, қыры-киік, жері құмайтты болғанмен шөбі ащылы-тұщылы, малға жұғымды. Қамысына түйе бойламас, қалың ну. Қысы жұмсақ, жайлы болар. Аз ауылға құт-береке боларлық жер екен. Ұрпақ өсіп, ел мекендер. Жаз жайлауға арқа беліне көтерілерміз. Майқы-Танастың сөз ұстар азаматтары болса, Әлтеке атаңның анасы мен өзін қалмақ қолынан аман алып шыққан Жуантаяқтың /Дәулетбек/ шөбересі Толын қарт бабамыздың қарызын ұмыта қоймас. Жазғы 4-5 айға көдестің түбі мен өзегінің суына таршылық жасамас. «Тәуекел» осы жерді мекендейік», деп кеңес берген екен. Осыдан соң Дадан әулеті Балқаш көлі маңына қоныс аударады. Алғашқыда терістік шығыс жағалауын кейіннен терістік-батыс жиегін Шұбыртпалылармен қатар қоныстанып, мекендейді. Дадан әулетінің жаз жайлауда Сарыарқа белі Қайдауыл-Шеруке, Қаражал Маутан жеріне дейін көтерілуі Қазыбек бидің тұсында, сол кісінің мақұлдауымен шешілген делінеді. Сана би кесенесі Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылынан солтүстікке қарай орналасқан.

Басқа материалдар

Back to top button